Дипломы бар заңгерлер жұмыссыздықпен күреспек

271

Шымкентте жастарға арналған кезекті маңызы мол іс-шара өтті. Басты мақсат — Ата заңның абыройына жұмыс жасайтындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу.  Құрамында 15 мемлекеттік орган өкілі кіретін насихаттық топ 2012 жылдың 2-тоқсанына арналған жұмыс жоспарымен бөлісті. Бұл жиын қаламыздағы құқықтану мамандығында оқитын студенттердің басын қосты. Бүгінде заң факультетінде оқитындардың көбісі тек сот немесе қорғаушы болуды көздейді. Себебі, құқықтану саласында қандай мамандықтар бар екенін немесе сала турасында сауаты жеткіліксіз. Салдарынан, «жұмыссыз жастар» қатары қалыңдайды.  

Берік Тыныбеков, ОҚО әділет департаменті бастығының орынбасары: «Мұнда біз жоғары оқу орындарының заң факультетінде оқитын студенттерді жинап отырмыз. Оларға аталған сала жайында және толық  қамтылған мүмкіндіктермен таныстырудамыз. Ел ертеңіне қажырлы еңбегін жұмсайтын жастар болғандықтан, бар ынта-ықыласыммен түсіндіріп, керек кеңесімді айтып, тәжірибеммен бөлістім. Қуантарлығы — олар мәселенің шешілу жолдарын өздері ұсынып, жұмыссыздықтың алдын алуға атсалыспақ. Яғни тек сот болу міндет емес, кез келген қызметкер болып елге адал қызмет етулері керектігіне түсіністікпен қарады».

Ел болашағына  жауапкершілікпен қарайтын жастар Елбасының  жолдауына аса мән береді. Сондай-ақ жоғарыдағылардың қандай игі бастамаларға ден қойып отырғанымен да санасады олар. Бастысы, студенттердің өз мамандығы жайында терең меңгеруі қажет-ақ. Мәселен, өз мамандығының болашағына алаңдайтын Оңтүстік қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мұрат Сәрсенов осы жиынды асыға күтіпті. Оның айтуынша, басқосудың берері көп. 

Мұрат Сәрсенов болашақ мамандығы жайында сұрады

Мұрат Сәрсенов, ОҚМУ-дің студенті: «Әрине, әрбір жас жоғары оқу орнына түскенде белгілі бір мақсатпен түседі. Мәселен, менде асқақ арманды серік етіп келдім бұл салаға. Еліме қандай да пайдам, себім тисін деп. Алайда, жастардың жанын жегідей жеп жүрген мәселе — жұмыссыздық мені де мазалады. Сол себепті осы кездесу өтеді дегеннен бастап, қоятын сауалдарымды түгендедім. Міне, бүгін 15 мемлекеттік органның өкілдерімен кез келген түйткілдерді талқылап, қажетті мәліметтерді алдық. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді».

Ғасыр кейіпкерлері — жастардың жайына алаңдаған департамент өкілдері алдағы уақытта да осындай іс-шараларды қолға алмақ. Себебі, заң арқылы зайырлы мемлекет болу — Қазақстанның мәртебесін марқайтады. Халықтың ауызбіршілігі мен тәртібіне толыққанды жауап беретін Ата заңның болашақ өкілдері осылайша көкейлеріне оймақтай ой түйіп тарқасты.