Úı ANONS Зумерлер тікелей қарым-қатынасқа қайта бет бұрды

Зумерлер тікелей қарым-қатынасқа қайта бет бұрды

Смартфон мен мессенджер арқылы ғана сөйлесуге дағдыланған зумерлер жайлы түсінік қалыптасқанымен, мамандар цифрлық дәуірдің екінші қырын алға тартып отыр. Жастар арасында мазасыздық, адамдармен тіл табысу және қоғамға бейімделу мәселелері жиілеген. Технологиялар өмірді жеңілдеткенімен, бетпе-бет қарым-қатынас біртіндеп азайып барады. Соған байланысты Z буынының бір бөлігі телефонмен жиі сөйлесуге, адамдармен жүзбе-жүз кездесуге және экрансыз араласуға қайта бет бұра бастады.

 

Соңғы уақытта жастар арасында мазасыздық, адамдармен еркін тілдесе алмау және жалғыздық сезімі жиілеп келеді. Бұл мәселеге Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та назар аударды. Оның айтуынша, жаңа буын өкілдерінің көбі достық қарым-қатынас орнатуда, жеке байланыс құруда және ішкі сезімін ашық жеткізуде қиындық көреді.

 

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Әрине, бұл барлық жасқа қатысты емес. Дегенмен мәселе бар және ол барған сайын өзекті болып келеді. Бұл буын – еліміздің болашағы. Ертең осы жастар мемлекетті дамытып, маңызды шешімдер қабылдайды. Сондықтан қазіргі заманда олардың психологиялық тұрақтылығы аса маңызды»

 

Сенат төрағасы бұл мәселені елемеуге болмайтынын айтып, жастарға қолдау көрсететін орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Ал зумерлердің өздері бұл қиындықты еңсерудің жолын іздей бастағандай. Интернет, жасанды интеллект және автоматтандыру дәуірінде өскен жастар енді керісінше, цифрлық жайлылықтан саналы түрде бас тартып, адамдармен тікелей сөйлесуге, телефон шалуға және бетпе-бет кездесуге көбірек көңіл бөлуде. Мамандар мұны «саналы түрде қиындық жасау» тренді деп атайды.

«Маған телефонмен сөйлескен ыңғайлырақ, ойымды тез жеткізу оңайырақ».

 

«Маған қоңырау шалу жылдамырақ, ал хабарламаларға кейде жауап беруге тура келеді».

 

Психологтардың айтуынша, адам психикасы өмір сүріп отырған ортаға бейімделеді. Заманауи технологиялар қарым-қатынасты жеңілдетті. Хабарламаға кейінірек жауап беруге, сөзді ойланып жазуға, тіпті эмодзимен ғана шектелуге болады. Алайда осы жайлылықпен бірге тікелей сөйлесу дағдысы әлсірей бастады. Еркін сөйлеп, ойын нақты жеткізу және әңгімелесушіге жедел жауап беру де үнемі жаттығуды қажет етеді.

 

АНАСТАСИЯ УТИНАНС, ПСИХОЛОГ: «Әңгімелесу тек сөздік қордың молдығына байланысты емес. Өйткені адамның енжар сөздік қоры болады. Яғни біз көп оқып, көп нәрсе білуіміз мүмкін. Бірақ сөйлеу аппараты жұмыс істемесе, сөздерді дауыстап айтпасақ, ерін мен тіл қимылдамаса, анық әрі әдемі сөйлеу дағдысы қалыптаспайды. Сондықтан да қазіргі таңда көптеген адам үшін телефон қоңырауы мазасыздық тудырып, алаңдаушылыққа себеп болуы мүмкін».

 

Жаңа қозғалысты қолдаушылар адамдарды цифрлық жайлылық аймағынан жиірек шығуға шақырады. Телефон арқылы сөйлесу, жаңа адамдармен танысу, ешқандай дайын мәтінсіз әңгіме өрбіту – мұның бәрі қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруге көмектеседі. Олардың пікірінше, осындай басқарылатын жайсыздық бүгінгі күні жеке өмірде де, білім мен еңбек нарығында да аса маңызды коммуникативтік қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді.