Бүгін, яғни 2026 жылдың 26 маусымында үшінші мегаполисте 141 жұп заңды некеге тұруға өтініш білдірген. Жастар арасында мұндай «әдемі даталарда» шаңырақ көтеру соңғы жылдары трендке айналғаны жасырын емес.
«26.06.2026. Өмірімнің жаңа тарауы басталды». Иә, дәл осындай жазбамен әлеуметтік желіде фото, видео жиі кездестіреміз. Негізі бүгін 26 маусым әдеттегі күн. Бірақ таңбалануы ерекше. Сондықтан жастар арасында айшықты датада неке қию трендке айналған. Ал Шымкент қаласында да 100-ден аса жұп шаңырақ құрып жатыр»
Айрақша күнде тағдырларын тоғыстырып, мәңгілік серт беріскендердің бірі – Арыстан мен Жұлдызай. Олар осыдан бір жыл бұрын қызмет барысында танысқан. Уақыт өте келе қос әріптестің арасындағы сыйластық ұлы сезімге ұласып, отбасын құру туралы шешім қабылдапты. Ал ерекше күнді өткізіп алмау үшін олар тіпті түн ортасына дейін кірпік ілмей күткенін айтады.
ЖҰЛДЫЗАЙ САТЫБАЛДЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біз бір жұмыс орнында жұмыс істеп таныстық. Арамызда ерекше сезім пайда болып, үйленуге дейін жеттік. Бұл арнайы датаны арнайы жоспарлап арнайы таңдадық. Себебі есте қалсын деп. 26.06 таңдап, түнгі 12-ден кейін екеуміз қобалжып, үйге кірмей күтіп отырып, каспиге кіріп сонымен ұсыныс тастадық. Қуанып осы күнге келіп отырмыз»
Бұл күнді асыға күткен тағы бір жұп – Розмад пен Азода. Олар бір-бірін көптен танығанымен, сезімдерінің бүршік жарғанына 2 жылдан асқан. Қос ғашық та өмірлеріндегі ең маңызды сәттің әдемі датамен сәйкес келгенін қалапты
АЗОДА ХАДИМАТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біз 2 жыл бұрын танысқанбыз. Бұрыннан бір-бірімізді танитынбыз. Бүгінгі датаны есептеп 15 күн бұрын, осылай таңдадық»
Жалпы, бүгін шаһар бойынша 141 жұп некелерін заңдастыруға ниет білдірген. Оның ішінде жас жұптартың ең көбі, яғни 55-і – Еңбекші ауданында шаңырақ көтермек. Сала мамандарының сөзінше, қарапайым күндері неке қиюға орташа есеппен 25-30 өтініш түседі. Ал мерекелер мен осындай сәтті сандар үйлескен тұста заңды некеге тұратындардың қатары еселеп артады.
ДАНА БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АХАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «15 Сәуір Қозы Көрпеш-Баян сұлу — ғашықтар күніне де өтініш беруші жұптардың саны арта түседі. 17 наурыз бізде шаңырақ күні шаңырақ көтеретін жас жұбайлардың саны көп болады. 15 мамырда Отбасы күні сол күні де жас отбасылар некелерін тіркетіп, құттықтаумен өткізіп береміз. АХАТ бөлімдерінде ғана емес, бізде салтанатты неке қию залымыз бар, егер де жас жұбайлар өздері тілек білдірген жағдайда, өздерінің тілегі негізінде біз салтанатты неке қию рәсімін жүргіземіз».
Айта кетейік, өткен жылы мегаполисте 7 мыңнан астам жаңа отбасы құрылған. Жыл басынан бері шымкенттік 3300-ден астам жұп некелерін ресми түрде тіркетіп үлгерді. Ал ел көлемінде бүгін 4 мыңнан аса шаңырақ көтеріледі.
Әсел Мәлік



