Úı ANONS Ата заңдағы өзгерістер

Ата заңдағы өзгерістер

Шымкентте жаңа Конституция жобасы қызу талқыланып жатыр. Бұл құжат саясаттан гөрі елдің болашақ даму қағидаларын айқындауға бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістер жүйенің жұмыс істеу тәртібін, адам мен мемлекеттің арақатынасын қайта қарауды көздейді. Оның мәні мен маңызы — алдағы материалда.

«Қазақ деген ел болмаған» деген жаңсақ пікірге енді түбегейлі нүкте қойылады. Бұл ақиқат жаңа Ата заңда нақты әрі айқын бекітілді. Түбегейлі жаңартылған Конституцияның кіріспесінде қазақ елінің тарихи болмысы анық көрсетілген.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазіргі кіріспеде Ұлы даладағы Ұлы империялардың мұрагері болып, ұлы мемлекеттердің мұрагері бола отырып “мемлекеттігімізді нығайтамыз” деп отырмыз. Қазақ ордасы болсын, Жошы ұлы болсын, Түркі қағанаты болсын, Сақ, Ғұн, Қаңлы, Үйсін мемлекеттерінің заңды мұрагеріміз деп өзімізді конституцияда бекіткелі отырмыз. Мұны конституцияда жазып қойғаннан кейін Қазақтың бұрын мемлекеттілігі де атауы да болмаған деген сөздің бәріне нүкте қоятындығымызға сенімдіміз»

Конституция тек мазмұн жағынан емес, дайындалу тәсілі тұрғысынан да жаңарды. Жоба ашық форматта ұсынылып, ел болып талқыланды. Әр азамат өз пікірін арнайы порталдарда білдіре алды. Дегенмен, бұл бастамадан бейхабар қалғандар да аз емес екен.

«Қайдан білем оның өзгеріп жатқанын? Жаңадан шығып жатқанын қайдан білеміз? қолдаймын ба, қолдамаймын ба, шаруам жоқ»

«Оқып көрдіңіз ба өзгерістерді? — Әзірге оқымадым өзгеріс жайлы»

«Халыққа жайлы болса болады ғой жаңа заңдар. Жайлы болса болады»

Кейбір азаматтар өзгерістерден бейхабар қалғанымен, зиялы қауым өкілдері жаңа Ата заңның ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтады. Сөздерінше, құжатта халықтың мүддесі алдыңғы орынға шығарылған. Бұған қоса, қазақ тілінің қолданысы мен нормаларына айрықша мән берілген.

ЕРЖАН ФАРХАТҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Бұрын біз орысша жасап алып оны аударма жасап, соған негізделетін едік. Мұнда тілшілер жақсы жұмыс жасаған. Өзім оқып көрдім. Отырып, барып, жатып деген сөздердің көбісі кеткен. Нақты нақты алға қарай бағдар қойған»

БОТАБЕК ИМАШЕВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Өзгерістер көп. Оның ішінде адамның құқықтары мен бостандығын қорғайтын, заңның кері күші туралы айтылған. Заңның кері күші — жауаптылықты күшейтетін, заңдардың кері күші болмайтындығы туралы айтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, басқару нысаны өзгермейді деп шегелеп жазып отыр. Яғни, бұрынғы алғашқы конституциямызда ондай жоқ тұғын»

Жаңа Ата заңда білім мен ғылымға және мәдениетке ерекше көңіл бөлінген. Бұл еліміздегі білім сапасын күшейтіп, ғылыми жетістіктерге жол ашады дейді, мамандар. Онымен қоса ескі ұстанымдарды артқа тастап, жаңа тұжырымдамалық мазмұнын кеңейтеді. Ал адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығына айналмақ.

ҚҰМАРСҰЛУ СЕЙІЛХАНОВА, СТУДЕНТ: «Конституцияға қосылып жатқан жаңа өзгерістердің арасында ерекше көзге түскені ол — жеке өмірге қол сұғылмаушылық заңынының нақтыланып, негізделуі. Яғни ол заң — біздің хабарламаларымыз, қоңырауларымызды, басқа да коммуникациялық құпияларды сақтайтын жоба. Бұл маған қатты ұнады. Мен осының қосылғанын қолдайтын едім»

Конституция жобасы қызу талқыланып жатқан кезде, қоғамда вице-президент кім болады деген мәселе де қатар көтерілуде. Көпшілікті алаңдатқан бұл сұрақтың жауабы жақын арада анықталады. Дегенмен, қазір ең маңыздысы — жаңа өзгерістердің сылдыр сөз күйінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асуы.

Лаура Бабас