Úı ANONS «Беті мен аяқ қолы күйген»

«Беті мен аяқ қолы күйген»

Шымкентте жеке қоймадан ірі өрт шықты. Жалын қойманың шатырын, дизель отынын және резеңке бұйымдарын шарпыды. Оқиға салдарынан екі адам күйік алып, ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге ондаған құтқарушы мен арнайы техника жұмылдырылды. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себептері анықталуда.

 

Шымкенттегі Исфиджаб тұрғын алабында орналасқан жеке қоймадан өрт шықты. Жалын бір мезетте жайылып кеткен. Сөйтіп қойманың шатыры, жүк көлігінен төгілген дизель отыны және нысан аумағында сақталған резеңке бұйымдары жанған.

 

Өртенген қойма жанында дизель отынымен толтырылған жүк көлігі тұрған. Оқиға орнында болған екі адам жарақат алған. Олар дереу жедел жәрдеммен Орынбаеав атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілген. Денесінің 20 пайызын күйік шалған оларға тиісті медициналық жәрдем берілген. Дәрігерлер науқатардың жағдайын қалыпты деп бағалап отыр.

 

Төтеншеліктер өртті сөндіруге лезде кіріскен. Оқиға орнында арнайы штаб құрылған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде жалын қысқа мерзімде толығымен сөндірілген.

 

«Өртті сөндіруге жеке құрамнан 56 адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды. Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының мамандары да жұмыс істеді»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ

 

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себептері мен мән-жайы анықтауға кіріскен. Айта кетейік, кеше қаладағы Ақжайық ықшам ауданындағы 7 қабатты тұрғын үйдің 4-ші қабатынан өрт шықты. Оқиға орнынан 25 адам эвакуацияланған. Бейресми ақпаратқа қарағанда, өрттың шығуына балалардың шырпы ойнап, кілемді жағып жіберуі себеп болған.

Дилара Иса