Есірткіні полицейлер де сатады

Сурет www.knews.kg сайтынан алынды
Сурет www.knews.kg сайтынан алынды

Ия, ия. Басында бұл тосын жайды естіп бізде біртүрлі күйге түстік. Өйткені, құқығымызды қорғар деген тәртіп сақшысының өзі қылмыс жасап жатса, жасағанда да есірткі сатып жатса басқасынан не қайыр?

Бір қызығы, лауазымды қызметін пайдаланып, пайдаға қарық болғысы келген «бизнесі» қара көлеңкелі «кәсіпкердің» өзі ІІМ-ндегі есірткімен күрес жүргізу жөніндегі комитеттің аймақтық есірткімен күрес жүргізу басқармасының полиция қызметкері екен.

«Б» есімді полицей қызмет бабын пайдалану барысында 1957,53 грамм болатын кептірілген марихуананы заңсыз иемденгенімен қоймай, оны сақтаған. Өте ірі көлемдегі есірткіні тіпті, тасымалдаған.

Өзі ғана жаман атты болып қана қоймай, өзге де әріптестеріне абырой әпермей кеткен бұрынғы полицейге ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарып, оны 10 жыл бас бостандығынан айырды. Ендігі өмірін ол теміртордың ар жағында өткізетін болады.

А.ЖҮНІСБЕКОВ, Басқарма аға прокуроры: «Есірткіні қолдану қаншама азаматтарымыз, оның ішінде елдің келешегі жеткіншек жастарымыз-да денсаулығынан айырылып өмірден ерте озуына немесе мүгедектікке шалдығуына себеп болып отыр. Отанымыздың қаншама отбасына ауыр зардаптарын тигізіп, отырғанымен, оны түбегейлі құртуға қазіргі таңда мүмкін болмай жатқаны мәлім жағдай. Десек те, бұл ғасыр індетімен күрес құзырлы органдардың ғана емес, әр адамның парызына айналуы бүгінгі күннің талабы».