Хореограф Балжан Сейдраманқызымен сұхбат

2228
Балжан Тлеубаева хореграфия саласының хас маманы
Балжан Тлеубаева хореграфия саласының хас маманы
Балжан Тлеубаева хореграфия саласының хас маманы

Балжан Сейдраманқызы Тлеубаева — Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «Хореография» кафедрасының меңгерушісі. 1967 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Өнердің ең нәзік, сыршыл түрі — бидің қыр-сырын жетік меңгерген маманмен жүргізген сыр-сұхбатты ұсынып отырмыз.

Балжан Сейдраманқызы, айтыңызшы, ең алғаш би өнеріне қалай келдіңіз?
— Менің би саласына келуімнің өзі қызық болды. Бұрындары Алматы қаласындағы Селезнев атындағы хореография училищесінің ұстаздары Қазақстанның түкпір-түкпірінен таңдап жүріп ең дарынды балаларды жинаушы еді. Мен де сол іріктеу барысында биге келдім. Анығырақ айтсам, ең алғаш 9 жасымда қабылдандым. Бір топ ұстаздар қауымы мектепке келіп біздің икемімізді тексеріп, кейін қаладағы пионер сарайына жинап, ол жерде де байқаудан өткізді. Сосын ата-аналарын Алматы қаласында өтетін оқуға түсетін шарттарды түсіндірді. Мені ол сынақтардың барлығына да әкем ертіп барды. Үйге келген соң отбасым түгелімен бас қосып, «қалай қаршадай баланы бір өзін жібереміз», «интернат дегені не?» десті.

Алматы қаласына жол жүрдік. Мұнда келген соң, үш деңгейде сынақ болды. Мен де таңдаулылардың тізіміне еніп, іріктеуден өттім, ең алғашқы бидің сара жолына осылайша келдім. Кейінірек анам күліп айтып берді. Сынақ тапсыру қызу жүріп жатқанда, үміткерлердің көбісі өте алмай, жылап шығып жатыпты. Ал анам несіне жылайды, қайта қуанбай ма деп менің де құлағанымды қалап отырыпты. Сонымен 4-сыныптан бастап Алматыда оқып, сонда бітірдім.

Ал би өнерін қазақ халқы мамандық ретінде қабылдамайтыны бар. Ата-анаңыз қарсылық танытпады ма?

— Әрине, менің ата-анам да алғашында қарсылық танытқанын жасырмаймын. Тіпті анам биші деген мамандық емес деп, мен Алматыда оқу бітіретін кезде де бұл мамандыққа түсініспеушілік танытты. Сол кезде Болат Аюхановтың «қызыңызды өзім ары қарай тәрбиелеймін» дегеніне қарамай, Шымкентке арнайы шақыру арқылы алып келді. Мен сол кезде алғаш ашылған Әбу Насыр әль-Фараби атындағы мәдениет институтының хореография мамандығына оқуға түстім.

Хореография саласын біздің халық көбінесе менталитетіне жат санайтыны бар. Десе де, бұл да бір өнер екенін айтқым келеді. Өнер болғанда да ең нәзік те сезімтал сала. Сондықтан бұл өнердің қадір-қасиетін бағалайық дегім келеді. Сондай-ақ бұл саланы жетік меңгерген жан ешуақытта жұмыссыз немесе қоғам назарынан тыс қалмайтыны тағы бар. Толығырақ айтсам, қазіргі жұмыссыздық заманында сұранысқа ие мамандық. Мәселен, біздің шәкірттер 2-3 мекемеде жұмыс жасап, маңызы мол белестерді бағындырып жүр.

Сіздіңше, би деген не? Олар несімен ерекшеленеді?

— Би өнері дегеніміз — өнерлердің ішіндегі бар өнер түрлерін бойына топтастырған жас өнер. Анығырақ айтсам, бидің ішінде театр өнері, актерлік өнер, музыка өнері, сурет өнері, дизайнерлік өнер бар. Сондай-ақ бидің түрлері көп, олар: халық биі, классикалық-балет биі, қазіргі заман билері (модерн, хип-хоп, брейк-данс. т.б), спорттық-бал билері. Енді ерекшелігі өздерінің атаулары айтып тұр емес пе?! Әрине, ең кең тараған ол — халық биі. Халықтың, елдің ішкі жан-дүниесін, дәстүрін, мәдениетін, салт-санасын көрсететін би түрі; классикалық би халықтың даму-дәрежесін, әлем өнеріндегі деңгейін көрсетеді; қазіргі заман билері модерн еркін пластика арқылы ішкі дүниесін ашады. Хип-хоп, брейк-данс ішкі дүниенің іскерлігін, албырттылығын, жастардың жанданып, жанып тұрғандығын танытса, брейк-данс спорттық үлгіге жатады, бірақ бүгінде бұл би түрінен жас балалардың көбі әртүрлі жарақат алуда. Қауіпті би болған соң балаларды ойланып жіберу керек. Айта кеткен жөн, аталған соңғы билер уақытша билер деп саналады. Сонда да брейк 1987-88 жылдары шығып осы күнге дейін өз ықпалын сақтауда. Ал спорттық-бал биі жақында спорт түріне енді, бірақ 70%-ы биден тұрады. Бидің ең қымбат түрі деуге де болады (костюмдері, би семинарлары, әртүрлі жарыстарға өз қаражаттырымен барады), бірақ көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген би түрі.

— Расында, би өнердің ішіндегі ең қиыны десек те болады. Қазақстан Республикасының халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың, Тәуелсiз меценаттар клубының «Тарлан» (платина) сыйлығының иегері Болат Аюханов би мамандарының зейнетке кету жасын қысқарту мәселесін көтере-көтере шаршады. Мәселен, ТМД елдерінде бұрынғы кездегідей жиырма жыл сахнада еңбек еткен әртістер зейнетке жіберіледі. Тек Қазақстанда ғана бишілер баршамен бірге зейнетке шығатын болды. Би өнері жастықты, әсемдікті, сымбаттылықты талап етеді. Қырық жастан асқан әртіс сахнада өз өнерін толық көрсете алмайды. Билеу барысында жасалатын күрделі секірістерге үлкен физикалық күш керек. Бұл түйткілді мәселе арнайы балет туралы басылымдарда жиі қарастырылады, бірақ бұл бишілердің болашағының тоқырауы емес. Әрине, біз жоғарғы оқу орнында би әртістерін дайындамаймыз. Біз оқытушы, би жетекшісі мамандарын даярлаймыз.

Дәл қазіргі уақытта той-томалақтарда би билеп, өздерінің нәпақасын табатындар баршылық. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

Қазіргі кезде тойда би билеп, оңай табыс табудың жолында бишілер белсенділік танытып жүргенін көріп те, біліп те жүрміз. Бұл аз десеңіз, би тобын жинап алып әнші де, күйші де, жәй мектептің сынып жетікшісі де жүр. Олардың ішінде даладан балаларды топтастырып, топ құрып жүргендері де бар. Иә, бұл санатты арзан билерді біреуге қойғызып, арзан костюмдерді тіккізіп, әйтеуір бүгін өтсе болды дегендер құрайды. Мен алғашқы кездері мейлі ғой, би өнеріне баулитындар көбірек болса болды емес пе дейтінмін, ал кейінгі кезде әуесқой бишілер би өнерін жарқыратып емес, оны мәртебесінен айырып, тіпті таптап жүр. Би өнері адамның жоғарғы сезімдерін ояту үшін, эстетикалық, ұнамдылық тәрбие беру үшін қоғамда қолдауға ие. Ал олардың билері қалай болса солай, қимылдары жалған, дененің икемділігі дұрыс қойылмаған. Ащы болса да айтайын, жеңіл-желпілік тәрбие беретін секілді. Сол би топтары ешқандай байқауларға қатыспайды, тек көздеріне той көрінсе болғаны… Сол тойдың табиғатына бейім. Соңғы кездері мынау көпшілік, халықтың неге аңғармайтынына таңмын. Жап-жақсы өтіп жатқан тойды бишілер бүлдіреді. Мұны той иесі байқамайды немесе немқұрайлы болып, байқамаған кейіп танытады. Негізінен би де тойдың сәні ғой, әдемі, көрнекті, мәдениетті болмыста болуы тиіс. Олардың осы өнерге жаны ашыса болады ғой. Би өнерін өркендетсе, жетілдірсе сонда ғана той мәртебесін жоғалтпас еді. Алыстан қарап-ақ өрісі кең өнерге жаным ашиды. Мойындаймын, біздің де студенттер тойға шығады, ол бұлар үшін іс-тәжірибе және жастардың табысы ретінде, бірақ мен оларға әрдайым айтып отырамын, ол сенің негізгі жұмысың емес негізгі тәжірибені, тәрбиені сен сахнадан алуға тиіссің деп. Әртіске тойда басқа қасиет, сахнада басқа қасиет қажет екенін құлақтарына құйып отырамын.

Елімізде би саласының даму деңгейіне қандай баға бересіз?

— Алысқа көз жүгіртпей-ақ, кеше ғана Астанада 16-20-мамыр аралығында Шара Жиенқұлова апамыздың 100-жылдығына арналған би байқауы және 25-мамырда Шымқаламызда өткен қалалық би байқауы — би өнері Қазақстанда жоғарғы деңгейде екенін көрсетті деп ойлаймын. Қазақ биіндегі қиын мәселе — ол биге арналған саз (музыкасы) болып келеді, оркестр немесе аспаптар ансамбілі ғана бидің әуенін жақсы келтіреді. Сондықтан бишілер аталған аспаптармен толық қамтылуы қажет. Әуен таңдау қиынырақ болғандықтан, әрбір би қоюшы маман әрдайым ізденіс жолында болуы тиіс.

Бүгінгідей нарықтық экономия жағдайында хореография мамандығына қызығушылардың саны артты ма, кеміді ме?

— 1985-1998 жылдарға дейін біздің мәдениет институты тек Республика бойынша біреу еді, кейін әр жерде ашыла бастады. Ол кездері бір орынға 2 адамнан түсуге талас болатын. Ал қазіргі кезде Мемлекеттік грант бұл мамандыққа өте аз бөлінеді, яғни 10 орын бүкіл Республика көлемін қамтиды. Жыл сайын көптеген қалалардан жоғарғы оқу орнын бітірушілерге сұраныс түседі, біз оларды қамтамасыз ете алмаймыз. Себебі, бүгінгі таңда маңызы мол мамандыққа түсуші-талапкерлердің саны әлдеқайда азайып кеткен. Жоғарыда айтып өткенімдей, көбісінің ата-анасы қарсылық танытады. Енді бірінің материалдық жағдайы мүшкіл. Айта кететін бір жәйт, алдымызға өзге мамандықты бітіріп, жұмыс таппай сандалып жүргендер келіп, би маманы болып жұмыс жасағысы келетіндерін айтады. Біз оларға екінші мамандық алулары турасында кеңес береміз. Десе де, бұл да қиын болып кетті. Бөлімнің қысқаруына байланысты 2011-2012 оқу жылына олардың құжаттарын қабылдаған жоқ. Сыртқы Сертификат немесе куәлік берсеңіздер деген өте көп сұраныстар түсіп жатады. Ал ондай жағдай жоғарғы оқу орнында қарастырылмаған. Бұл орынды да шығар.

Кеше ғана мен Көкшетау қаласынан келдім, ондағы мәдениет колледжінде мемлекеттік емтихан қабылдауда болдым. Директоры «Бір бітірушіңізді жіберіңізші, мамандар жоқ» деп назын айтты. Мұндағы айтпағым, құрметті ата-аналар балаларыңызды тек қалтасына салып жүретін диплом үшін оқытпаңыздар, таңдаған мамандығына тосқауыл қоймаңыздар, қайта жастайынан қызыққан үйірмесі, өнер мен спортқа баулыңыздар дегім келеді.

— Хореография мамандығына түсу үшін ҰБТ-да маңызды 2 пән бар: Қазақстан тарихы мен ана тілі, осы екі пән бойынша жоғарғы балл жинағандар Мемлекеттік грантты жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Бұл екі пәнге қоса 2 шығармашылық емтихан тапсырады. Біріншісі — қазақ және халық биі, Екіншісі — композиция және би қою қабілет. Осылардың бәрінен жоғарғы балл жинаса грант иегері бола алады. Ал сырттай оқуда арнайы-орта оқу орындарын бітірген түлектерге арналған қысқартылған оқу түрі 3 жылдық оқу ақылы түрде

Өнер жолындағы шәкірттеріңізге тоқталсақ…

Иә, мен шәкірттеріммен мақтанамын. Республикалық, халықаралық байқауларда, фестивальдерде өз түлектерімнің еңбегін көргенде қуаныштан көзіме жас аламын. Біздің түлектер елдің түкпір-түкпірінде қызмет жасауда. Мәселен, Қазақстанды қоспағанның өзінде Америкада, Израильде, Германияда, Араб елінде, Ресейде. Олардың қатарында Астана қалас филормониясының «Шалқыма» би ансамбілінің жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері -Абдрасул Есекеев; Астана қаласындағы Н. Назарбаев мәдениет орталығының би ансамбілінің жетекшілері – Айбол Орынбай мен Гүлназия Тәуекелова; Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Хореография және әлеуметтік ағарту жұмысы» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты, доцент — Қарлығаш Айтқалиева; Оңтүстік Қазақстан облыстық филормониясының «Қазына би ансамбілінің жетекшісі», педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері — Зәуре Әжібекова; Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормониядағы «Тұмар» би ансамбілінің жетекшісі — Мира Амангелдиева; Қызылорда облыстық филормониясының «Томирис» би ансамбілінің жетекшісі — Гүлбану Мырзабаева; А.Иассауи атындағы Халықаралық Қазақ -Түрік университетінің «Би сұлтан» би ансамбілінің жетекшісі — Азиза Турдиева; Ақтөбе облыстық филормониясының би ансамбілінің жетекшісі — Гүлнар Мамбетова; Алматы қаласындағы Мемлекеттік «Салтанат» би ансамбілінде, сонымен қатар Астанадағы мемлекеттік «Наз» би театрларында бітірушілеріміз әртіс ретінде қызмет жасауда; қаламыздағы «7-ой континент», «Меруерт», «Туран» осы сияқты әлемдік байқауларды бағындырған, орта мектеп би ансамбілдерінің жетекшілері біздің оқушылар — қазір әріптестеріміз.
Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз.
— Менің асыл жарым Сералы Тілеубаев та өнердің жанашыры. Талантты хореогроф, философия ғылымдарының докторы, профессор. 1986 жылы 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бүгінде 2 перзентіміз бар. Қызымның есімі – Томирис. Ұлым – Әділбек пен келінім Вероникадан 1 немерем бар. «Немереден тәтті ештеңе жоқ» деген рас екен. Зарема қазір көзімнің қуанышы болып отыр.

— Балжан Сейдраманқызы көпшілікке ұсынған кеңесіңіз бен сырлы сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын. Шығармашылық табыс тілейміз!