Úı ANONS Шымкентте «Қара жорға» билеген роботтар көпшілікті тәнтті етті

Шымкентте «Қара жорға» билеген роботтар көпшілікті тәнтті етті

Шымкентте Наурызнама аясында технология мен дәстүр тоғысқан ауқымды көрме өтті. Білім беру ұйымдары ұйымдастырған шарада роботтар ұлттық биді мүлтіксіз орындап, қала тұрғындарын таңғалдырды. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері өздері құрастырған заманауи жобаларын таныстырып, инженерлік шеберліктерін паш етті. Жас өнертапқыштардың бұл бастамасы өңірдегі ІТ саласының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ал, №55 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары көрмеге қара жорға билейтін робот алып келген. Оқушылар, бұл жұмысты үш ай бойы жинап, көпшіліктің назарына ұсынған. Қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, инженерлік ойлауын жетілдіруге мүмкіндік береді.

ЕРАСЫЛ ӨТЕПБЕРГЕН, ОҚУШЫ: «Атап айтар болсқақ, өмір капсуласы, электродтық, арнайы робот алып келдік. Біз 15 бала болып осыларды жасадық. Ал мына роботты жасау үшін үш ай уақыт кетті. Мәсен мына робот билеп қана дәріптей түседі».

Ұйымдастырушылар жастардың ғылым мен технология саласына деген ынтасы жыл санап артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Осыған байланысты жас өнертапқыштардың талпынысын қолдау мақсатында барлық қатысушыға арнайы алғыс хат табысталды. Ал ең үздік әрі бірегей жоба авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталып, еңбкгінің лайықты бағасын алды.

ГҮЛНӘР ДӘРІБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Үздіктерге сый сыяпаттарымыз бар. Ал барлық қатысушыларға алғыс хатымыз бар. Бұл баланың жұмысы. Олар өздерінің барымен бөлісіп жатыр. Мұны көргеніміз өзімізге де жақсы. Балаларға алдағы уақытта не беру керек екендігін біліп отырмыз. Өзімізге де талай қорытынды алып шықты. Біз мұнымен тоқтап қалмайық ддеп әріптестеріміе айтып отырмын. Оларды ары қарай дамуға көмек беру керек».

Көрме аясында көпшілік назарына 100-ден астам  жоба ұсынылды. Олардың арасында тұрмыстық көмекші роботтар мен өндірістік автоматтандыру жүйелерінен бастап, білім беру және медицина салаларына арналған заманауи шешімдер де болды. Бұл шара жас таланттардың техникалық әлеуетін ашып қана қоймай, тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды стратегиялық алаңға айналды.

Нұргүл Жолымбетова