Ауылда шөп жоқ

Ауылда шөп жоқ

Биыл Бәйдібекті құрғақшылық жайлады. Өрсіке шыққан малдың іліп алар дымы жоқ. Шөп жоқ. Барының бағасы қымбат. Малға азық таппаған ел тұяқтыларды біртіндеп сатып жатыр. Бұл өз кезегінде онсыз да жұмыссыздық жайлаған ауыл тіршілігіне соққы болмақ. Күнін малмен көріп отырған ағайынның зарын кім тыңдар екен.?!

Мәселен, мал азығының ең қажеттiсi пiшен ашық саудада соңғы екi айдың iшiнде 150-200 пайызғақымбаттаған. Былтыр осы уақытта шөпті орташа есеппен 250 теңгеден алсақ, қазір 500-ден жоғары.  Қыстыңгүні «шөптің бағасы күйіп тұр» деген мақалада нарықтың көтеріңкі болғанын тілге тиек еткенбіз. Ал, қазір жаз мезгілінің өзінде баға аспандап, удай қымбат болып тұрғанын қалай түсінеміз?! Мысалы, «шөп» деп атауға онша келіңкіремейтін «кәрі қыз» тікенегі араласқан шайырдың (сасыр) бағасы 400 теңгеден кем емес. Таза шөптер 450, ал жоңышқа 550 теңгеден жоғары күйінде әлі тұр. Оның өзі ауданға негізінен Арыс, Шардара ауданы мен Түркістан қаласынан, Төрткүл ауылынан тасылуда.

Бағаның көтерілуіне қуаңшылықтың кесірі тиіп жатыр дегенге де онша сеніңкіремейміз. Өйткені, биыл ауданда өткен жылмен салыстырғанда жоңышқа пiшенi анағұрлым көп егілді. 3795 гектар жоңышқа дәні себілді. Дәндік жүгеріні егу жоспарда 600 гектар болса, себілгені 870 -ке жуық. Одан бөлек, мыңдаған гектарға егілген арпа мен бидай сабаны тағы бар. Осыған қарағанда әккі диқандар еккен жоңышқасын жинап алып, қыс кезінде қысылтаяң шақта сатқанын құп көреді-ау шамасы. Мәселен, бір ғана Ағыбет ауыл округінде жоңышқа көлемі 500 гектарға ұлғайып, межеленген көрсеткіштен 166 пайызға артығымен егіліп отыр. Алайда, ағыбеттік шаруалардың бірқатары шөп таппай, сырттан тасып әлек.

Оған Ағыбет аумағының ауылшаруашылық мақсатқа пайдаланатын біраз жерлері жергілікті тұрғындарға емес, аудан орталығынан, тағы басқа округтердегі мықты шаруаларға бөлініп кеткендігіндігі себеп болып отыр. «Кезінде жер бөліске түскенде қолында ақшасы барлар шөбі шүйгін алқаптарды басып қалған. Бізге жергілікті жерде тұрып өз үлесімізді алу да бұйырмады. Әлі күнге шейін шапқылап жүрмін. Олар шөпті оруға рұқсат бермейді, не сатпайды да. Сондықтан сырттан тасуға мәжбүрміз, – дейді атын атауды жөн көрмеген шаруа кісі. Осындай мәселелерден соң, аудандағы мал ұстаушылар өздерiн жем-шөппен толық қамтамасыз етiп отыр деп айта алмаймыз. Жерi мен малы барлар жүгерi мен жоңышқа егiп, қысқа қамданса, мұндай мүмкiншiлiгi жоқтар базарға барады.

Дәлiрек айтсақ, аудан орталығындағы мал базары немесе М.Әуезов көшесінің бас жағындағыпiшен сататын жерге. Әлі маусымның ортасы. Бума артқан қос-қос көлiктер көрiнбейдi. Жанармай бекетінің қасында жалғыз ғана шөп тиеген жүк көлігі тұр. Алыпсатар жiгiт бiр бума шөпті 550 теңгеге бағалауда. Бағасының неліктен шарықтап тұрғанын сұрағандарға: » Қайтемiн, өзiм 450-ден Төрткүлден алып келемін. Біраз ақшаны артуына берем, ал жанармай бағасы да жүдә қымбат» – дейді кәсіпкер жігіт. Оны да кінәләуға болмайды. Ол тек алыпсатар.

Шөптің тапшы болатынын сезген диқандар бағаны едәуір көтеріп жіберген. Ал, ауданда аз ғана шөп таусылуға жақын. Соның өзінде ақшанды қолына ұстап, шөп таситын кәсіпкердің соңынан қуып жүріп алатын дәрежеге жеттік. Аузын айқара ашып айтқан бағасына амалсыз келісесің. Ендігі бар үміт – жоңышқа мен сабанда. Одан қалса жүгерінің паясында болып тұр. Соңғы күндерi аудан көлемінен пiшен де келмей жүр. Есептесек, бiр қарасанды үш ай байлауда ұстап, қыстатып шығу үшiн кемінде 80 мың теңге қажет екен. Қыс биылдағыдай алты айға созылып кетпесе егер.

Одан бөлек, екі мезгіл беретін қара ұн мен кебек, жымық, туралған жемің тағы бар. Осындайда ғой, ет пен сүт бағасының шарықтайтыны. Кәсіпкерлермен бір келісімге келіп, шөптің жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, шарықтаған бағаны тұрақтандыруға неге қауқарсызбыз?

 

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ

Ауылда шөп жоқ

Бәйдібек ауданы