Кешкі 10-нан кейін балаңызды көшеге шығармаңыз

720
Серік

Қаламыздағы жасы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында бүгінгі таңда 40 бала бар. Олардың 22-сі кешкі уақытта ата-анасының қарауынсыз көше кезіп жүрген жерінен қолға түссе, қалған 18-і отбасындағы әлеуметтік жағдайға байланысты осында паналаушылар. Тағдыр тәлкегіне ерте бастан түскен жеткіншектердің көздерінде мұң бар.

8-сыныпты бітіріп, қалаға туыстарының үйіне қыдырып келген жерінен бейімдеу орталығынан бір-ақ шыққан Бекзат Ақтас ауылында тұрады. Кешке жөндеуге берген ұялы телефонын алып келуге шыққан оны полицейлер ұстап, түнде ата-анасынсыз көшеде жүргені үшін орталыққа әкелген.

Бекзат: «Телефон жөндейтін ағай, әне боламын, міне боламын деп отырды. Соны күтеміз деп кеш болды. Сосын полициялар ұстап алды. Әкем жоқ, қайтыс болған, анам ауруханада жатыр. Енді мені кім алып кетеді?»

Бекзат секілді мұнда 22 бала бар. Олардың басым бөлігі кешкі сағат оннан кейін көшеде жалғыз жүруге болмайтынын білмейді. Керек десеңіз, ата-аналары мұндай Заңның барынан хабарсыз.

Сәуле Оңғарбаева, әлеуметтік-педагог: «Рейд барысында түрлі жағдайларға тап боламыз. Керек десеңіз, ата-аналарының өзі заңды білмейді. Содан барып, өзідерін кінәсіз сезініп, бізді кінәлай жөнеледі.»

Бұл күнде білім басқармасына қарасты бейімдеу орталығындағы 18 баланың құжаттары дайындалуда. Солардың бірі — 10 жасар Қуаныш Жұмашев. Ол ендігі болашағының балалар үйімен тығыз байланысты болатынын біледі. Ата-анасы маңдайынан сипамаса да, мемлекеттің одан теріс айналмағанына қуанышты.

Қуаныш Жұмашев, бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі: «Біздің мамамыз қайтыс болған. Әкеміз араққа салынып кетті. Басымызда үйде жоқ. Содан барып, әпкеміз екеуміз осында келдік. Балалар үйіне кетеміз. Бізге туысқандарымыз қарамайды. Сондықтан балалар үйін паналаймыз. «

Қадағалаусыз қалған балалар паналайтын орталыққа жыл сайын қазынадан қомақты қаражат бөлінеді. Мұнда жеткіншектерге 4 мезгіл тамақ, киім-кешек беріледі. Оған қайырымдылық жасап, қол ұшын беретін азаматтарды қосыңыз.

Бейімдеу орталығы — жасөспірімдердің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік жасайтын жалғыз орын. Жыл басынан бастап мұнда мыңдаған балалардың тағдыры оңды шешілген. Бір топ бала жағдайы төмен отбасылардан балалар үйіне жіберілді. Осылайша, орталықтың мамандары жеткіншектердің көрген қиындықтарын уақытша болса да ұмыттырып, жүздеріне күлкі сыйлауға тырысып бағады.