Пәтерлерді сағаттап, тәуліктеп жалға беру бизнесіне заң тұрғысында тосқауыл қойылса

259
8-шағынауданда жалдамалы пәтер көп

Бір кездері қаламыздың орталығы болып саналатын 8-шағынауданның бүгінгі жағдайы қандай екені көпшілікке белгілі. Ауданның аты аталса, оңды-солды жалға берілетін пәтерлер еске түседі. Осындай жағдайға ашынған жергілікті тұрғындар таяуда өз наразылықтарын білдіру үшін жиналған болатын. 

Бұл 8-ші шағынаудан тұрғыны. Шымкенттіктер бұл аудандағы пәтерлердің басым көпшілігі тәуліктеп немесе әр күнге жалға берілетінін жақсы біледі. Сондықтан шу да көп, қылмыстық істер де толастамайды. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы «Қауіпсіз қала» іс-шарасы аясында осы ауданның жәйін №23 лицейде өткен кездесуде ортаға салды.

Күләш Шарипова, 8-шағынауданның тұрғыны: «8-шағынауданда тұрамыз десек, адамдар теріс айналып кетіп қалады. Намысымыз келеді. Қыздарды құтқарып, полицейлер де қаншама шақырамыз».

Тұрғындардың айтқанына көз жеткізу қиын емес. Полицейлердің берген ресми мәліметіне сүйенсек, қазір 8-ші шағынауданында 368 пәтер жалға беріледі екен, соның ішінде 181 пәтер 72 азаматқа тиесілі. Біреулер баспана ала алмай әлек, ал енді біреулер бірнеше баспана алып, оны жалға беріп қояды. Ол пәтерлерде не болып жатқанына алаңдамайды да. 

Жиналғандар пәтерлерді сағаттап, тәуліктеп жалға беру бизнесіне заң тұрғысында тосқауыл қою керек деп талап етті. Жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысын жандандырып, тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жүргізудің қажеттілігін тұрғындар да, тәртіп сақшылары да жақсы біледі. «Қауіпсіз қала» шарасы осы келеңсіздікті шешуде нәтижелі болса, бұл акцияны жыл бойы өткізу қажет болады. Себебі рейдтер мен тексерулер кезінде тыйылатын жәйттер уақыт өте қайта жанданады.