Шымкентте тағы 7 мың бейнебақылау камерасы орнатылмақ

35

Шымкент қауіпсіз қалаға айналып келеді. Алдағы үш жылдың ішінде мегаполиске тағы 7 мың бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Оған қалалық бюджеттен шамамен 10 миллиард теңге қаржы қаралуда.

Бүгінде шаһардың орталығы тұтастай камералармен бақыланады. Енді шалғай аймақтарды қамту жоспарланып отыр. Жалпы қаладағы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын 11 мың қондырғы бақылайды. Былтыр бейнекамера көмегімен 372 қылмыс ашылған. Сондай-ақ 81 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр.

Заманауи электорондық аспаптар көше бойларынан бөлек білім мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдарына да орнатылып жатыр. Қаладағы 148 мектепке бейнебақылау камералары қойылып, олар полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Айдос Өмірәлі, қалалық цифрландыру басқарма басшысы міндетін атқарушы: «Негізі Шымкент қаласын толыққанды камерамен қамту үшін бізге 19 500 дана бейнебақылау камералары қажет деп ұсыныс енгізді полиция департаменті. 2025 жылға дейін Шымкент қаласын 90 пайыз камерамен қамту жоспарлануда».