Жіңішке ауылы көгілдір отынсыз отыр

Қазығұрт ауданындағы Жіңішке ауылының тұрғындары көгілдір отынға зәру. 250-ден аса түтіні бар елді мекеннің халқы осы мәселені айтып әкімдіктің алдына келіп, наразылығын білдірді. Жергілікті биліктің жыл сайын «көгілдір отын береміз» деген құрғақ уәдесіне тойған жұрт, талабымыз орындалмаса, құзырлы органдарға шағымданатындарын айтады.

Аудандағы Жіңішке ауылының маңынан Өзбекстаннан Алматыға тартылған газ құбыры өтеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кезінде аудан басшылары елдімекенге көгілдір отын беріледі деп уәде етіпті. Алайда, тоғыз жолдың торабында орналасқан жіңішкеліктер әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай келеді.

Роза ӘЛЖАНОВА, Жіңішке ауылының тұрғыны: «Тезек жағып, көмір жағып отырмыз. Көміріміз жылдан жылға қымбаттап кетіп бара жатыр. 15 мыңға көмір жаққанша газ жақпаймыз ба?!».

Сол уәденің орындалуын әлі күнге күтіп жүрген халықтың шағым айтып, бармаған жері қалмапты. Халық жыл сайын қаржының жоқтығын желеу еткен жергілікті биліктен қайран болмай тұрғанын айтып қынжылады.

Қалдыбай ЗҰЛПЫХАРОВ, Жіңішке ауылының тұрғыны: «Мына депутат дегендер, я болмаса аудан басшылары әрқайсысы келген сайын уәде береді. Бірақ орындамайды уәдесін. Арыз жазбаған, бармаған жеріміз қалған жоқ».

Ауыл әкімі әкімдіктің алдына жиналған жұртқа жағдайды түсіндірмек түгілі, қарасын да көрсетпеді. Ал Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімінің мамандары барлық мәселе қаржының бөлінуіне байланысты деп отыр. Жіңішке ауылына газ құбырын тарту үшін арнайы сметалық жоба жасалған.

Тайбек ҚАЛЫМБЕКОВ, Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімінің бастығы: «Жіңішке елдімекені бойынша облыстың даму бағдарламасына лайықты болып, облыстық бюджеттен 2013 жылға деп отыр. 2011 жылы аудандық бюджеттен 1 млн. 600 мың теңге бөлініп, өткен жылы желтоқсан айында жобалық сметалық құжаттамаларын мемлекеттік сараптамадан алғанбыз. Мемлекеттік сараптама бойынша құны 97 млн. теңгені құрайды. Жіңішке елді мекенінде 255 тұрғын үй болса, барлығы газбен қамтамасыз етілетін болады».

Аудан көлеміндегі жеті елдімекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 5,5 млрд теңгеге сметалық жоба жасалып, республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл жұмыстарды атқару 2012-2014 жылдарға жоспарланған. Ал жіңішкеліктер болса, биыл құбыр тарту жұмыстары басталмаса жоғарғы жаққа барып шағымданамыз деп отыр.