«Мирастықтар» сан соғып қалмаса екен…

Айдың-күннің аманында, кешегі аптада Шымкент қаласының іргесіндегі 4 шағынаудан тұрғындары нілдей бүлінді. Өз меншіктерін қорғап, жергілікті билікке наразылықтарын білдіріп, көшеге шықты. Бар мәселе бұл аймақтан бой көтеруге тиісті жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысына байланысты туындап отыр.

Шымкенттің Алматы мен Астанадан кейінгі елдегі үшінші қалаға айналатындығы көңіл қуантады. Мұндай мүмкіндікті уыстан шығарып алсақ, кейінгі ұрпақтың бізді кешірмесі анық. Бұған дейін де біздің адресімізге қарата : «Шымкент қаласы үлкен ауылға айналды. Шаһардың болмысын танытатындай нышандар байқалмайды» деген ауыр сындардың айтылғаны рас. Республика деңгейінде бас жоспар жасалуда. Біздің облыс келешегі бар 5 аймақтың санатына кіреді. Дегенмен, шаһарымызда бұл мәселеге байланысты біраз дау туындап отыр.

Шымкент қаласындағы «Мирас» шағынауданының (бұрынғы «Пахтакор») тұрғындары ерекше алаңдаулы. Бұған себеп болып отырған мәселе осы шағынауданның орнына әкімшілік-іскерлік орталық салынуында болып отыр. Ондағы 1300 отбасының баспанасын билік бұзуға шешім шығарған. Осы хабарламаны естіген ондағы жұрт түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалған. Тірнектеп жүріп жиған мүлкінен айырылу кімге де болсын жеңіл соқпасы белгілі. Өздерінің заңды жер телімдеріне банктен несие алып, үй тұрғызуға көшкен қарапайым жұртшылық, үйлері бұзылатынын естігенде сары уайымға салынған.

Шағынаудандағы 1300 отбасы бір күнде баспанасынан айырылайын деп тұр. Қарапайым қарашаның көңілін бұзған – Шымкенттің бас жоспары. Ол бойынша мұнда әкімшілік-іскерлік орталық салынбақшы. Әзиза Мәмбетбаева «5 жыл болды жер алғаныма үй салып, тұрып жатқаныма екі жыл болды. Өкімет оны неге алдын ала білмеді. Неге бізге айтпайды?! Биылдың өзінде қаншама құрылыс жүрді. Соның бәрі несие, қарыз алды. Осы көктемде айтқанда да біраз адам шығынданбас еді ғой», ― дейді ашынып.

Ескеретін жағдай, мемлекет қажеттілігі үшін алынған жер екенін біле тұра құрылыс жүргізген азаматтар тиісті теңге алудан дәмеленбеуі қажет. Ал ескерту парақшасын алған азаматтар құрылыс жұмыстарын тоқтатса, шығынды өтеу кезінде мұнысы ескерілетін болады.

Шымкент қаласының бас жоспары бекітілмегенімен ондағы негізгі нысандардың құрылысы туралы ОҚО бас сәулетшісі Бақытжан Әшірбаев «Алтын орда» сайтына (http://www.aorda.kz) берген сұхбатында былай дейді:
«Іскерлік орталығы қай жерден салынады?» деген тақырыпта 1-2 ай он ойланып, тоқсан толғандық десе де болады. Тіпті, осы мәселені Алматы мен Астанадан елге белгілі, тәжірибелі сәулетшілер мен суретшілер қатысқан пленумда талқыладық. Ақыры үш нұсқаға тоқталдық. Шымкент қаласының арғы-бергі тарихын зерттесек, 1953 жылы қазіргі әл-Фараби алаңында шаһардың орталығы салынған екен. Содан бері 60 жылға жуық уақыт өтіпті. Рас, қаланың жаңа орталығын салу туралы мәселе 1-2 рет көтерілгенімен түрлі себептермен аяқсыз қалған. Үш нұсқаның да инженерлік құрылымы, жер жағдайы жете ескерілді. Шымкентте бос жер жоқ. Оның әрбір шаршы метрінің қожайыны табылады.

Алғашқы нұсқа бойынша «Тұран» шағынауданы қолайлы көрінді. Жаңадан жеке тұрғын үйлер түскенімен 1400 гектардай жері бос. Теңіз деңгейімен салыстырғанда биіктігі 500 метр болатын аймақ орталыққа сұранып тұрғандай.
Келесі таңдауымыз «Нұрсәт» шағынауданы болатын. Бұл аймақтың барлық жағынан тиімді екені рас. Өйткені, инфрақұрылымдар тартылған. Демек, оған көп шығын жұмсалмайды. Экологиялық жағынан да таза аудан саналады. Қасында қаланың «өкпесін» тазартып тұратын дендросаябақ орналасқан. Шымкент зообағы да осы маңда. Орталыққа жақын. Кейбір қала тұрғындарының «Нұрсәт» шұңқырға қоныс тепкен» деген пікірімен келіспеймін. «Тұран» шағынауданы сырт қарағанда биік орналасқан сыңайлы. Алайда, абсолюттік нүктемен алғанда, мүлдем олай емес.Теңіз деңгейінде «Нұрсәт» шағынауданы «Тұраннан» 50 метрдей биік. Былайша айтқанда, «Тұранда» салынған 14 қабатты үй «Нұрсәттегі» 1 қабатты үймен бірдей деген сөз. Қаланың орталығы болған соң айналаның барлығы алақандағыдай көрінуі тиіс. Біздің бұл ұсынысымызды облыс әкімі қолдады. Жоба бойынша орталық жасыл желекпен көмкеріледі, гүлзар салынады.

Үшінші нұсқа Сайрам жақта. Мұнда игерілетін 2300 гектардай жер бар. Артықшылығы да жетерлік. Инфрақұрылым дайын. Сонымен осы ұсыныстарды халық қалаулыларының талқысына да салдық. Жасыратыны жоқ, екіұдай пікірлер туындап, бұл тақырып қызу таласқа түсті. Облыстық мәслихаттың көптеген депутаттары біздің тұжырымдамамызды түсіністікпен қабылдап, жобаға өздерінің келісімдерін берді, толықтай мақұлдады.

Қазір қалаға қоныс аударуға ықыласты тұрғындар көп. Шымқала жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Халық саны да. Оның үстіне Елбасының «Шымкент миллионер қала болуы тиіс» деген тапсырмасы және бар. Сондықтан, жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салу шек емес. Жаңа бас жоспар бойынша қала шекарасының аумағы екі еседен астам ұлғаймақ. Бұл жауапты міндетті орындап шығу үшін тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізу қажет. Кейбір шағынаудандарда 20-30 мың ғана халық тұрады. Сол себепті, қалған екі жобаны да игеруді жөн көріп отырмыз».
Кез келген жаңалықты қала тұрғындарының қабылдауы қиын.

Дегенмен, «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жағдайды қарастырып, Шымкенттің шырайы арта түссе бұл баршамыз үшін де үлкен жетістік болған болар еді. Алайда, бұл мәселеде қаншама шығынға батып, құрылыс жүргізген тұрғындардың мүддесі ескерусіз қалмаса екен деген тілек біздікі.

Құндызай ҚАЛАУОВА
Мақпал ИБРАГИМОВА

Айтпақшы…
Қолында мемлекеттік АКТ-сі бар азаматтар қорықпасын дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары. Олардың шығынын мемлекет өтейтін болып шешіпті. Бірақ нарықтық бағадан аспайды. Ал «үйің бұзылады» деген ескерту қағазы мирастықтардың жарым бөлігіне ғана берілген.