Шымкентте қазақы тазы тұқымын дәріптеген республикалық ашық біріншілік өтті. Еліміздің әр өңірінен келген құмай тазылар жүйріктігі мен алғырлығын сынға салды. Ұлттық құндылықты ұлықтаған додаға отыздан аса ит қатысып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Ұлттық спорт пен қазақы тазы тұқымын дәріптеуді жөн көргендердің бірі, Алматы облысының тумасы Айша Оралқызы. Ол, өзінің күтіп-баптап өсірген Көкжал атты тазысын жарысқа қосуға ат басын бұрған. Айтуынша, бұл жай ғана ит емес, отбасының бір мүшесіндей болып кеткен жануар.
АЙША ОРАЛҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бұл менің кішкентай кезімнен баптап өсірген итіміз. Мұның денесі сұр болғандықтан, Көкжал деп атанғанбыз. Бұл ит жүгіругеде ыңғайлы. Кішкентай кезімнен қарағанмын. Қаппайды».
Қазақтың жеті қазынасының бірі саналатын тазы халқымыздың көнеден келе жатқан асыл мұрасы. Шымкентте ұйымдастырылған бұл жарыстың басты мақсаты ұлттық ит тұқымын насихаттап, оның тазалығын сақтау дейді ұйымдастырушылар.
ТАЛАПБЕК СҰЛТАНБЕКҰЛЫ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ КЛУБЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Іс-шараның мәнін арттырып, қала тұрғындарын қызықтырып, жеті қазынаға кіретін тазыларымыздың құндылығын арттырып, Шымкент қаласында бөлімдер ашсақ ба деп жатырмыз. Тазымызды дамытып, мысалы Жылқылар қандай болса да, тазыларда аңшылыққа шыққан. Атадан балаға мұраға болып келе жатыр. Сондықтан, ашық бірінішіллік өткізіп отырмыз».
Жарыс бірнеше кезең бойынша өтті. Тазылар қашықтыққа жүгіруден жылдамдығы мен ептілігін көрсетті. Ал, төрешілер иттердің шапшаңдығына, дене бітіміне және қимыл үйлесімділігіне ерекше мән берді.
Айта кету керек, алғаш рет өткен республикалық додаға Қазақстанның 18 өңірінен келген 36 құмай тазы қатысып, 500 метр қашықтықта өзара бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген Айдын Құдайбергеновтің «Сылдыр» атты тазысы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Алматы қаласының өкілі Мәулен Жексенбин иеленсе, үздік үштікті Алматы облысынан келген Нуридин Сайлаудың тазысы қорытындылады.
Нұргүл Жолымбетова






