Диспансерлік есепте тұрсаңыз…

Есепте тұрғандарға тегін дәрі беріледі
Есепте тұрғандарға тегін дәрі беріледі

Күнделікті жұмысыма қатынайтын қоғамдық көлікте келе жатып, екі әйелдің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Етжеңді келген біріншісі денсаулығының соңғы кезде сыр беріп жүргенін айтып, шағымданды. Астыңғы қабағы күлтілдеп, еріндері кезерген екіншісі тым аурушаң көрінеді екен. Бірақ өз дерті туралы тіс жармады.

Есесіне немересінің қайта-қайта сырқаттанып қала беретіндігін айтып, ауыр күрсінді. «Диспансерлік есепте тұрамыз», – дейді. Айтуынша, тіркеуде тұрғанымен, тырнақтай да көмек алмайды екен. «Тегін деп бөлінетін дәрісін көргеніміз жоқ, учаскелік дәрігеріміз келмейді» – деді тағы да. Әңгімелеріне араласқым-ақ келіп тұр. Бірақ мұнымды ерсі көретін шығар деген оймен, үн қатпастан өз аялдамамнан түсіп қалдым. Жұмысқа жеткенімше,осы бір әңгіме ойымнан шықпады. Диспансерлік есепте кімдер тұрады, оларға нендей қызмет көрсетілуі керек деген сауал кеудемде сайрап жатты…

Шымкент қалалық №5 емхана қала бойынша үлкен емхананың бірі. Бес қабатты ғимаратта балалар мен ересектер дәрігерлік бақылаудан өтіп, тиісті дәрі-дәрмектерін алады. Өзімді мазалаған сұрақтардың жауабын білу үшін, осы емханаға ат басын бұрып, «диспансерлік есеп» туралы мәлімет сұрадым. Мені ең алдымен балалар бөлімінің меңгерушісі Салтанат Мәлікқызына жұмсады. 208 кабинет. Есік аузы бала көтерген ата-анаға лық толы.Олардың рұқсатын алып, ішке ендім. Қат-қат болып жиналған қағаздардың арасында тізім тексеріп отырған бұл дәрігерді бірден әңгімеге тарттым.

– Диспансерлік есеп әрбір емхананың, аурухананың ішкі тәртібіне байланысты жасалатын жұмыс жоспары. Бұл есепке әлеуметтік және өзге де күрделі аурумен ауыратын науқастар алынады. Олар үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Сондықтан есепке алынып, тиісті ем-домдары жасалып отырады. Әрбір науқастың тұрғылықты мекенжайына байланысты оларға қызметті учаскелік дәрігер немесе медбике көрсетуі керек. Есепке алынған уақыттан бастап дәрігердің қатаң бақылауында болады, – дейді дәрігер.

Хош. Ал қандай дертпен ауыратын балалар тізімге енген? Бұл кезде қалың кітапша ашылды. Ұзын сонар тізімнен көз жаңылысады. Әртүрлі дерттің сатыларына орай жасалған тізім. Бірнешеуімен таныс болыңыз.

Анемия, рахит, салмақтың аздығы, диатез, пневмония, созылмалы гастрит, созылмалы холецистит, созылмалы пиоленефрит, бронхиалды астма, тума жүрек ақауы, жүректің тума дисплазиялық өзгерісі, жиі ауыратын балалар, церебриалды паралич, бас, ми жарақатын алған балалар, эпилепсия, жүйке жүйесінің аурулары.
Тізімге енген балалар міндетті түрде есепке алынған күннен бастап тегін дәрілермен қамтамасыз етіледі. Учаскелік дәрігердің бақылауында болып, әр 6 айда толық медициналық бақылаудан өтіп тұруы тиіс. Денсаулығына қарай дәрігер арнайы журналға баланың жағдайын тіркеп отырады. Егер бала бір жылда жазылып кетсе, тізімнен шығарылады. Ал созылмалы дертке шалдыққан балалар тізімнен шығарылмайды. Өскен соң ересектер тобына енгізілуі мүмкін.

№5 емханада бүгінде 3700 бала түрлі дертпен диспансерлік есепте тұрады екен. Оның 990 анемия, яғни темір жетіспеушілік дертіне шалдықса, 38-і рахит, 38-і жүрегінде ақауы бар балалар, тағысын тағы тізім жалғаса береді. Бір жылда орта есеппен 2500 бала тізімге алынса, 2500 бала тізімнен шығарылып отырады – дейді балалар бөлімінің меңгерушісі Салтанат Мамаева. Әр емхананың қызмет көрсету ауқымына байланысты, көрсеткіштер де ауысып отырады екен.

Ал енді тегін босатылатын дәрілердің тізіміне келсек.

Қазақстан Республикасында диспансерлік есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту бағдарламасы 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы бағдарламаның арқасында бекітілген аурулар тізімі бойынша науқастар, дәрілік заттарды тегін және жеңілдік негізінде алуына мүмкіндігі бар. Бүгінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық деңгейде сапалы әрі уақтылы дәрілік қамсыздандыруды және асқынулар мен емделуге жатқызылғандардың санын төмендетуді қамтамасыз ету үшін осы бағытты дамыту мен жетілдіруге ерекше көңіл бөлуде. 2012 жылдан бастап кез келген жастағы науқас амбулаториялық дәрілік қамсыздандыру аясында бұрын препараттың құнынан 50%-ын төлеп, жеңілдікті негізде алған дәрілік заттарды тегін алатын болады. Аз қамтамасыз етілген отбасылар мен зейнеткерлер үшін бұл мемлекеттен берілген жәрдем болып табылады. Тегін дәрілік заттарды пациенттер дәрігерге барып қаралғаннан кейін-ақ лезде тікелей емханадан немесе жақын орналасқан дәріханадан ала алады, бұл – аймақтағы дәріханалардан тегін препараттарды іздеу уақытын қысқартады және қолжетімді болмақ.

Ал тегін дәрі-дәрмек ала алмай, дәрігердің кеңесін ести алмай жүрген жандар болса облыстық денсаулық сақтау басқармасына және дәрілік ақпарат орталығына хабарласып, шағымдануына болады.

Бүгінде медициналық көмек пен дәрі-дәрмек қолжетімді деңгейде. Шүкір. Тек есепке алынғаннан кейін міндетті түрде дәрігердің шақыртуынсыз-ақ, тиісті емханаңызға барып, кеңес алуды ұмытпағайсыз. Сіздің бұған толық құқығыңыз бар. Шағымыңыз қоғамдық көлікте емес, емхананың әкімшілігіне айтылсын, талабыңыз орындалатындығына сеніңіз.

Ақмарал Алтынбекқызы