Оңтүстік спортының бәсі биік

30 Жазғы Олимпиада ойындарындағы Біржанның қолғап түйістіру сәтінен
69 келі салмақта белдескен Елена Шалыгина

Биыл қазақ спортының маңдайы жарқыраған, жетістіктері таңданатындай-ақ жемісті жыл болды. Ұлттың қуаты салауатылықпен салмақты көрінбек. Тәуелсіздіктің жиырма бірінші жылымен тоғысқан ақсүйектер еліндегі аламан додада еңсеміз тік, беделіміз биіктен көрінді. Ұлыбритания топырағында думанды той өткізгендей әсерде болдық. Тәубе дейміз. Табысымыз көл-көсір, кісі қызығарлықтай. Бәсі биік дүбірде ақберендеріміз аянған жоқ. Қоржынымыз түрлі-түсті жүлдеге толды. Әрқайсысының сыбағасын тәптіштеп түсіндірмей-ақ қоялық.

Маңдай тердің өтеуімен келген жүлделерді бөле-жармаймыз. Бастысы, діттеген мақсатты асыра орындап, бұрын-соңды болмаған деңгейге жеттік. Үмітсіз емеспіз. Билік басындағылардың спортқа деген көзқарасы оң болса, біз бағындырмайтын белес жоқ. Құдай тілеуімізді бергей. Жүлдегерлеріміз сый-құрметтен кенде емес. Мемлекет уәде еткен қомақты қаражаттан бөлек, ақжүрек, қолы ашық азаматтар да барымен бөлісуде. Жергілікті әкімдердің тарту таралғысы тағы бар. Марапаттау, сый үлестіру әлі жалғасып жатыр.

Шынтуайтында, батыр ұл мен қызға қандай қолдау, қошемет көрсетсек жарасар. Өйткені олар сең бұзып, елдің атын Олимпиада тарихына ойып тұрып жазды. Осынау ұлы жеңісіміз мәңгі өшпес мұраға айналмақ. Елімізге жарқын жеңіс әкелген екі мың он екінші жылыңыз өркениеті өрістеген Лондон додасында 12-ші межеден көрінгенімізбен жадымызда сақталмақ. Бұдан кейінгі ғаламдық ойындарда осы сатыдан түспек емеспіз. Біле білсек, спорттың өз заңдылығы бар. Жүзіңе жылылық сыйлар жеңіс пен еңсеңді түсіретін жеңіліс қоса қабат жүреді. Бір кездері бабың мен бағың қатар шауып, жүлдеге көміліп қаласың. Ал енді бірде бабың келіскенімен бағың жанбай, бармақ тістеп қалуың да бір сәтте. Өмір жолы солай емес пе?

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Біржан Жақыпов жеңіс тұғырында

Тағдыр талайыңа бір уақтары даңғыл жолмен жүру жазылса, бір мезетте кедір-бұдыр жолдармен жүруге тура келеді. Бірақ діттеген мақсатыңа барар жолда сүрінсең, ары қарай қатарға қосылуға әрекет жасауың шарт. Міне, кейде ғаламат жеңіс қарсы алса, кейде ащы жеңіліс бетін тосатын спорттың қасаң қағидасы осындай. Алайда ерінбей еңбек ете білсең, түптің түбінде төккен тердің қайтарымы бары аян. Күлбілтелемей, ақиқатын айтар болсақ, Оңтүстік өрендері биылғы бәсірелі бәсекеден олжасыз оралды. Сағымыз сынып, өкініштен өзегіміз өртеніп жүргенін несіне жасырайық. Додаға үкілеп қосқан үкілі үмітеріміздің бірде-біреуіне олжа бұйырмауы жанымызды жабырқатып-ақ тұр.

Жасырып қайтеміз, 13 саңлақтың ішінде жүлде алуға қабілетті қыз-жігіттеріміз бар тұғын. Оларды атағанда, әрине алдымен шойынжұдырық Біржан Жақыпов, білекті балуан Елена Шалыгина ауызға ілігеді. Қос спортшымыз да әлемдік додаларда ысылып, қанжығсы майланып жүрген. Пайымымызша, балуан қыз Бейжің олимпиадасындағы қоласын Лондон бозкілемінде алтынға айырбастайды деп үміттендік. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады емес пе, қарсы келгенді жұмарлай жеңетін Шалыгина бар білгенінен жаңылды. Бағың келіспеді деген осы шығар.

30 Жазғы Олимпиада ойындарындағы Біржанның қолғап түйістіру сәтінен

Ал Біржан туралы әңгіме бір басқа. Мойындау керек, соңғы кездері сұрқия саясаттың үлкен спортқа салқыны тие бастады. Біздің оғлан жолыңды кес-кестейтін Батыраш-Қотыраштардың «құрбаны» болғандай. Дүйім жұрттың көзінше Зоу Шиминьді соққының алса да, бәрібір әйгілі «қытай синдромынан» өте алмады. Жүлденің ауылына бір қадам жақындаған Жақыповтың жүлдесі осылайша қолдан сусып түсті. Амал не, үмітіміз үзіліп, өксіктен кеудеміз қысылып қала берді. Жұбанарымыз, барлық отандық жанкүйерлер мен бапкерлердің айтар уәжі бір. Яғни, бәрі де Біржанның бәсі биік болды деседі. Жеке бапкері, ұлттық құраманың тізгінін ұстаған Мырзағали Айтжанов пен даңқты боксшы Нұржан Сманов та бұл пікірді қуаттайды. Бақтиярдайын қазақтың бағына біткен боксшының томағасын сыпырған Нұрлан Ақүрпеков сұңғыла бапкер. Таяуда Шымкентте өткен ОҚО мен Алматы қаласы құрамасының жекпе-жегінде жүздесіп қалып, бокстың жайын біраз қаузағанбыз. Бәсі биік бапкер де Біржанның жеңісін бірауыздан мойындайды.

«Бейнетаспаны қайта-қайта айналдырып қараймын. Зерттеп, зерделеуімше, біздің жігітті жеңілді деуге онша сеніңкіремеймін. Білесіз бе, осы бәсекеде Біржанның қолын көтеру керек еді»,- дейді Нұрлан Сәкенұлы. Шыны керек, ақкөңіл, адам баласын жатырқамайтын білгір маманның осы бір пікірі көңілімді біраз жібіткендей әсер етті. Басқа спортшыларымыздың ешқайсысы да Лондонға құр серуендеуге бармағаны мәлім. Ел намысы таразыға түсіп жатқан сәтте өрендеріміз бар күшін сарқи бәсекелесіп бақты. Олардың да қабілет-қарымына қанықпыз.

Әсілінде, Олимпиадаға «билет» алудың өзі оңайлықпен келмейді. Електік сындардан сүрінбей өткеннің өзі ерлікпен пара-пар. Енді бәрінің сәтсіздігін жуып-шаюдың реті жоқ. Көкейдегіні айтар болсақ, жас болса да бас бола білген таэквондо тарландары Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешова, гимнастика шебері Мөлдір Әзімбайдың болашағы жарқын екеніне сенеміз. Жалғасы бар.