Жылу энерго орталығын Күншығыс ауданындағы №67-ші үйдің тұрғындары сотқа бермек. Өйткені 90 пәтердің иелері 4 жылдан бері жылуға жарымағаны былай тұрсын, оның ақысын төлеп келіпті. Енді міне биыл тағы да жылусыз отыр. Үздіксіз пайдалануға қауіпті электр қондырғыларымен амалдап отырған тұрғындар шыдамымыз таусылды дейді.
71 жастағы Құрманкүл Бекжан қыстың күні төрт жылдан бері осылай оранып отырады. Жылудың жоқтығы аурушаң етті дейді ол. 1-қарашадан бастап, жарияға жар салып қосқан жылу бұл үйге әлі жетпеген. Шыдамы таусылған әжей енді берілмеген жылуға ақша төлемеймін деп отыр.
Құрманкүл Бекжан, Күншығыс шағынауданы №67 үйдің тұрғыны: «Осылай жылы көрпеге оранып отырамыз. Болмаса электрпеш қосамыз. Енді менің жасым келген, арыз жазып жүгіретін шамам жоқ. Түбіртек келсе төлейміз. Биыл дәл осылай тастай тамда отыратын болсам, бір тиында төлемеймін. Соттаса соттай берсін».
Күншығыс шағынауданындағы №67 үйдің 90 пәтеріндегі тұрғындардың барлығы Құрманкүл әжейдің күйін кешіп отыр. Мұнда
тіпті сығымдау жұмыстары да жасалмапты. Төлемге келгенде жылу берушілер алдына жан салмайды деп ашынады тұрғындар.
Нұржан Қыдыралиев, Күншығыс шағынауданы №67 үйдің тұрғыны: «Мынау №3 жылуэнергоорталығының қызметкерлеріне көңілім толмайды. Басшылары халықтың жағдайын түсінбейді. Олар тек ақша алғанға, соттасқанға құмар. Біреуі келіп, сен қандай жылу алып отырсың деп сұрамайды. Арақ ішіп алып келетін техниктері не істейді дейсің? Қолдарынан ешнарсе келмейді. Осы үйге 2007 жылы көшіп келгенмін, содан бері жылу жоқ».
Ал Еңбекші ауданы әкімдігінің жауапты мамандары бұл үйдің жылусыз отырғанын бізден естіп, тексеру жұмыстарын жүргізіпті.
Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімдігінің бөлім меңгерушісі : «Біз жылуэнергоорталығынан мамандар шақыртып, тексерттік. Бұл үйдің жылу жүйесінде ауа бар екен. Енді қайтадан жылу жіберу жолдары жасалып жатыр. Оның үстіне дербес жылуға көшкен тұрғындар құбырды дұрыс жалғамаған. Әсіресе соңғы подездерде жылу болмаған. Енді ертеңнен бастап, жылу беріледі».
Жауапты органдардың берген уәденің орындалуы уақыт еншісінде.