№ 3 жылу-энерго орталығы «ҚазТрансГаз» алдындағы қарызынан құтылды

398
№3 жылу-энерго орталығы

Шымкент қаласының 2015-2016 жылдарға арналған жылу беру маусымының басты мәселелерінің бірі шешімін тапты. «№ 3 энергоорталық» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өзара келісімінің нәтижесінде аталған кәсіпорындардың техникалық қызметі қалыпты жұмыс ырғағына көшті. Бұл – Шымкент қаласының тұтынушылары жылумен толық қамтылады деген сөз.

№3 жылу-энерго орталығы

Естеріңізге сала кетейік, биыл 2 маусым күні «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі «№ 3 энергоорталыққа» газ беруді тоқтатқан еді. Себеп – энергоорталықтың «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на қарызы 956 миллион теңгеге жеткен.

Нәтижесінде «№ 3 энергоорталық» АҚ жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда борышкер кәсіпорын барлық қарызын толық қайтарып, жылу беру маусымына дайын екенін жеткізді.

Жылу беру мекемесі мамандарының айтуынша, қарызды кешеуілдетуге апатты жағдайлардың алдын алу бағытында жасалған жұмыстардың көп қаржыны қажет етуі, сонымен қатар, тұрғындардың тұтынған жылу энергиясы үшін берешек қарызы еселеп өсіп кетуі басты себеп болған.

Енді екі жақты келісімнің нәтижесінде қаланы жылумен қамтуда ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Осы келісімнің нәтижесінде 1762 көп қабатты үйдің тұрғындары, яғни, 84 мың пәтер иелері, 300-ден астам мекеме, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері қыс маусымында жылумен толық қамтылатын болды.

Мұндай күрделі мәселенің шешімін табуға Қазақстан үкіметі, облыс және Шымкент қаласының әкімдігі ұйытқы болды.