«Астана» телеарнасы өткен айдан бастап «Иффет» деген сериалды көрсетуде. Қанша сериядан тұратынын кім білсін, бірақ әйтеуір ұзақ болатынын ішіміз сезіп жүр. Ішіміздің тағы бір сезетіні – бұл да кезекті бір бейәдеп сериалдардың қатарына кіріп кететін секілді. Себебі, мұсылман қызы Иффет «байқаусызда» аяғын ауырлатып алды. Осылайша кино басталмай жатып сұмпайылықтың, тәртіпсіздіктің, ұятсыздықтың куәсі болдық.
Әнеубір күні қаланың ию-қию тіршілігінен шаршап, ауылды аңсап, ақыры жол түсіп, барып қайтқам. Ауылда өзгеріс жоқ сияқты. Сол баяғы қоңыр тіршілік. Кешқұрым қарындасым сабақтан келді. Келе сала апыл – ғұпыл амандасып, теледидарды қосып, «Астана» арнасын таппай жатыр. «Осындайда басылмай қалатыны несі» деп арасында пульт-пен бір ұрысып алды. Әйтеуір сөйтіп отырғанда қосылды-ау. «Әй, тамағыңды ішіп алсайшы» деп қоямыз. Бізге қарайтын түрі жоқ. «Іше беріңіздер, «Иффет» басталып кетіпті» дейді. Үйдегілердің айтуынша қарындасым тамағын не «Иффетке» дейін, не «Иффеттен» кейін ішеді екен. Үй жұмысын да «Сырлы Стамбулға» дейін үлгеріп оқып тастауы керек. Сөйтсем бүкіл ауыл кеш болғаннан теледидардың алдынан шықпайтын болыпты. Шаруасының бәрін не сериалға дейін не сериалдан кейін деп, киноның режимімен жүре бастаған.
Айтсын, айтпасын қазақ бүгіндері «сериаломания» дейтін дертке шалдықты. Қашан, қалай шалдыққаны ұзақ әңгіме. Бір білетініміз, әуелі «Асау жүрек» сосын «Қыналы қар», одан қалса «Бериван», «Қасқырлар мекені», «Мың бір түн»… соңында жаңылысып қалдық. Әлгіндей атаулармен жалғасып кете беретін түрік сериалдары дәл қазір елдегі есі барлардың барлығын темір жәшікке телміртіп қойды. Біреуі былай дейді, екіншісі керісінше дейді, кілең қайталанатын өмірлік көріністер, коллизиялар. Бірақ сериаломанияға ұшыраған қазекем бәрібір көреді. «Онсыз да жатырмыз ғой, сериал көрмегенде не істейміз» деп өзін-өзі алдап қоятынын қайтерсің. Бірінші сериясы басталғаннан-ақ немен бітетінін жақсы біледі. Сонда да көріп қалған бейбақ көз сериалға қалай қарап қойғанын байқамай да қалады.
Елдегі арналардың күнделікті эфирін ерінбей зерттейтін болсаң таң қалмауың мүмкін емес. Әншейінде бірінен екіншісіне ауыстырып отырып байқамайды екенбіз, сөйтсек әрбір арна эфирлік уақытының кем дегенде 7-8 сағатын сериалдарға арнайды екен. Мәселен «Астана» арнасы бір күнде – 10 сағат сериал көрсетсе, «Хабар» мен «КТК» – 7,5 сағат, «Ел арна» – 11 сағат, «31» арна – 5,5 сағат… Осындайда «Ұра берсең тас та мүжіледі» деген тұрпайы тәмсіл еріксіз есіңе түседі. Күн сайын 10 сағат бойы қиылған түрік пен сызылған кәріске қарап отырып, қазақ боп қалудың өзі қиын сияқты. 10 сағат берілген сериал не істерін білмей жатқан сериаломандарды түрікке, кәріске айналдырмай қоймайды. Өзге ұлттың дәстүрі, тілі, діні, көзқарасы, сөйлеген сөзі, мінез-құлқы, киім-киісі тіпті жүріс-тұрысына дейін осылайша бәрімізге жұғып жатыр, жұғып жатыр.
Жұлдыз Маханова, 9-сынып оқушысы
– Қазiр телеарналардың бәрiн жау-лап алған түрiк пен кәріс сериалдары оқушыларға сабақ оқытпайтын болды. Көбісі теледидар алдынан шықпайды, сабақ уақтысында кеше болған сериалдарын айтып, ертең болатын бөлiмiне асығып, мүлде сабақты тастап кеттi десе болады. Мұны мен қасымдағы достарымнан көріп жүрген соң айтып отырмын. Жалпы айтқанда, сериалдардың iшiндегi адам өлтiру, ұрыс-керiс т.б жағдайлар баланың психологиясына керi әсерiн тигiзедi. Ертең олар сол көргендерiн iстеуi де ғажап емес. Теледидар алдынан шықпай, сабақты ықыласпен оқымаған оқушының ертеңгi болашағы не болмақ? Сонда олардың үйiндегi ата-аналары қадағаламайды ма? Өз басым сериал көруге аса бiр құштарлығым жоқ.
Ауылдан қайтып бара жатқанда ойнап жүрген кішкентай балаларды, қыздарды көріп, қызықтап біраз тұрып қалыппын. Байқауымша, «үйшік-үйшік» ойнап жатыр. Бала кезде өзіміз де ара-тұра кірісіп кететін сол баяғы «үйшік-үйшік» ойыны ғой. Ұмытылмапты. Оған да тәубә десіп тұрғанымыз сол еді «қонақтарды» шығарып сап тұрған қыздың бірі артынан су шашып қояды. «Қайдан көріп ем ей…?». Сериалдан! «Дениздің» шешесі Сабиха ханымнан. Мінекиіңіз, үйіндегі көргенін істейтін бестегі балаға да сериалдағы түрік дәстүрі жұға бастапты. Үйінде көретіні сериал болған соң, көргенін істемегенде не істей қойсын.
«Дениз» демекші, «Дениздегі» жайсыз кадрлар мен тәрбиесіздікті көріп, шулайтынымыз болмаса, халық әлі де болса осы бір бітуі қиын сериалдан көз алмай көріп келеді. Бұл «Денизіңіз» ұзақтығы бойынша баяғы тоқсаныншы жылдардың басынан аяғынан дейін берілген «Санта-Барбарадан» кем түсіп тұрған жоқ. Тіпті, киноның басты тұлғасы Дениздің өзін таппай қалдық бүгінде. Сериалдың аты «Дениз», бірақ фильмде ол жоқ. Осындай мағынасыз, мәнсіз, жігіттен басқаны ойламайтын, көрінгеннің құшағына құлай кететін жезөкшеліктен бастап, кісі өлтіруге дейінгінің бәрін тәптіштеп үйретіп, көрсетіп жатқан сериалдар қазақтың мәдени, рухани өмірінің мәні де сәні де болып кеткендей әсер қалдырады кейде.
Енді кәрістерге келсек. Бұрын кәріс десе пияз сасыған ұлт, ащы салат сататындар көз алдымызға елестей кетуші еді. Кәріс сериалдарын көре бастаған едік, сөйтсек кәрістен әдемі, кәрістен асқан тәрбиелі, кәрістен өткен сыпайы, кәрістен күшті батыр халық жоқ екен. Тіпті көре-көре кәріс болғың келіп, кәріс болып туылмағанымызға іштей өкіне бастайтынды шығардық. «Ойбай, кәрістің Жумонг деген батыры болған екен. Жан-жағындағылардың бәрін жаулап, керемет мемлекет құрыпты. Біздің қазақтың батырлары Жумонгтың қасында әншейін екен ғой» деп соғатындар пайда болды. Сөйтсек, Жумонг деген хас батырдың жаулап алған жері – мына біздің Оңтүстік Қазақстан облысының территориясына да жетпейтін, кіп-кішкентай жер екен. Соншама алаулатып, жалаулатып жүргенде бар-жоғы кәрістің бір-екі ұлысының басын қосқан екен.
Қазіргі заманға арналған сериалдарының да асып бара жатқан түгі жоқ. Құдайды ауыздарына да алмайды. Түріктер ең болмаса «Аллалап» отырады ғой. Бұлар да ол да жоқ. Керісінше, депрессияға түссе алкогольмен емделеді. Бір қарасаң езіліп жылап, енді бір қарасаң сызылып ғашық болып отырғаны. Ғашықтықтары да өзгеше. Жігітінің арқасына мініп, ұйықтап кетіп бара жататын көріністі көргенде ішегің қатып күліп жібересің. Боянып алған еркегі қайсы, әйелі қайсы ажыратып болмайсың. Еркегінің дене бітімі де әйелге ұқсап кеткен бе қалай? Есесіне кәрістерше киіну, кәрістерше шаш қою қазіргі қазақ жастары еліктейтін, біз қайталайтын штампқа айналып барады. Тырысқан джинсы, жабысып қалған көйлек, алба-жұлба күртеше – осы күнгі мода. Көшеде жүрген қарадомалақтар көгілдірге көбірек ұқсайды. Дәл сол «Меломен», «Жебе», «Орда», «Азия», «Ринго» сияқты бойсбендтерді көргенде мен айтпақ болған ойды бірден түсінесіз. Содан кейін ал кеп ойлан. Не өзгерді? Кәрісше киініп, кәрісше шаш қидырғаннан осы әншілеріміздің несі артты? Дауысы керемет болып, диапазоны кеңейіп кетті ме? «Соқыр тауыққа бәрі жем».
Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын «Ел арнадан» берілген кәрістің «F4» деген сериа- лы біраз тоқтап қалып, көрермендер арнаның сайтын жарып жібере жаздаған. Сәл болмағанда сериаломандар ереуілге шығар еді. Құдай жар болып, «F4» қайтадан эфирге шығып, қыздай сызылған, жігіт екені күмән туғызатын кәрістің сылқым жігіттері қазақ жастарын, әсіресе жас қыздарын бір қуантып, марқайтып тастаған. Қызтеке кәрістерге кеткен қайран эфир-ай…
Өзіміз куә болған сонау 90-жылдардағы қазақ көрермендеріне ауыздары мен қолдары бірдей сөйлейтін латынамерикалықтардың өмірі қызық көрінетін. Алғашқы көрген шетел, өзге мәдениет сол еді. Бірақ қазір заман өзгерді ғой. «Сериал ыстығы» басылатын кез келді емес пе? Сірә, алтын уақытын сериалға шығындап жатса, бұл қазақтың қарны тоқ, көйлегі көк болғаны. Немесе керісінше. Тұрмысының ауырлығы соншалық, Сүлеймандардың, Озандардың, Мелихтердің, Кимдердің, Сондардың қолтығына тығыла бергісі келеді.
Сериалды біз де көреміз ара-тұра. Көрсең кілең байлардың өмірі, компания, фирма басшылары туралы. Осымен қанша жыл болды, иә 20 жылдан асыпты ғой, сериалдардағы байлардың ертегі өміріне телміріп отырғанымызға. Ал көшеде – инфляция. Дағдарыс. Жұмыссыздық. Бізге сериалдан не керек? Түріктің, кәрістің берген киносынан күшті тұлғаларды көре алмаймыз. Ірі жеңістер мен биік мақсаттар да жоқ. Мақсаттары біреудің әйелін, біреудің сұлуын өзіне қаратып алу, енді бірінікі адам өлтіріп, бірінікі көңіл көтеру. Сол да идеал ма? Сол да мақсат па?
Басқаны қайдам, осының бәрін біле тұра, сезе тұра рұқсатты беріп тастаған, есіктерді ашып тастаған қазақ билігіне айтылар өкпеміз көп. Бесіктен белі шыққаннан сериал қарап, зомбиге айнала бастаған қазақ жастарының болашағы түсініксіз. Тәулігіне 10 сағат сериал көрген адамның басы айналмай тынбайтыны хақ. Ең бастысы сериалдардағы кейіпкерлердің өмірі біздің де тағдырымызға айналып кетпесе екен…
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Кәріс сериалдарында жиі қайталанатын 10 сюжет
1.Жас, сымбатты, бай жанұяның балалары өздерінен үлкен, ұрысқақ, толық қыздарға ғашық болып қалады.
2. Сериалдардың көпшілігінде міндетті түрде бір адам қатерлі ісікпен ауырады. Мұрыннан қан кетсе, онда ол адамда қатерлі ісік.
3. Егер Америкаға оқуға кетсең, супер-табыскер болып қайтасың, ал Англияға барсаң сәнқой болып қайтасың, ал Кореяда оқуда қалсаң, бар өзгерері – ол сенің шаш үлгің.
4. Егер сен жаңбырдың астында 5 минуттан артық тұрып қалсаң, онда сенің дене қызуың көтеріліп, қалтырай бастайсың. Сосын жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарудың орнына, сені жігітің арқасына арқалап апарады.
5. Егер сен кедей баланың рөлін сомдасаң, онда міндетті түрде бетің кір, шашың үрпе-түрпе болады.
6. Егерде сен біреуді машина соғып кетуден (немесе т.б соққылардан) құтқаратын болсаң, оны итеріп жіберіп, құтқарасың да, өзің сол машина сені соғып кетуін күтіп тұрасың.
7. Барлық кейіпкердің жоғалған әпкесі, ағасы немесе егізі болады. Оны кейін, арада бірнеше жыл салып біледі.
8. Аэропортта, бір жақтан ұшып келсең, сенің көзіңде күнге қарсы көзілдірік болады. Міндетті түрде! Сосын Америкаға, Францияға алған билеттеріңді ойланбастан қоқысқа тастай саласың.
9. Егер қыз ашуланса, ол қашып, жігіті тоқтатпағанша жүгіре береді. Содан жігіті тоқтатып, жеңінен шап беріп ұстап қалады.
Жігіттері үнемі ұзын болады.
10. Жігіттері опа-далап, подводка қолданғанды ұнатады.