Шымкентте құрылыс материалдары қалдықтарына қарсы күрес басталды. Қала билігі қатты материалдарды үй аулаларына үйіп тастайтын салғырт тұрғындарды жазаламақ. Өйткені, соңғы кезде шағынаудандар осындай қоқыстардан көз ашпай барады.
Ал тазалыққа жауапты серіктестіктер болса құрылыс материалдарын шығару біздің міндет емес деп ат тонын ала қашады. Енді құрылыс жүргізіп, қоқысын тастап кететіндермен билік басқаша сөйлеспек. Сөйтіп олар рейдтік шараларын өткізді.
Жаңа жылдық шыршамыз осы дейді қордалаған қоқысты көрсетіп тұрғындар. «Нұрсәт» шағын ауданындағы «Измир» көшесіндегі мына құрылыс қалдықтарының қордаланып тұрғанына апта өтті.
Үйлеріне жөндеу жасаған тұрғындар құрылыс қалдықтарын көлікпен сыртқа апарып тастауы тиіс. Алайда пәтерлерін көркемдегендер жақын жердегі қоқысқа үйе салуды әдетке айналдырған. Бұл мәселе бойынша әкімдік мамандары талай рет ескерту де жасапты.
Енді, ескертуді ескермегендермен құқық қорғау органдарының қызметкерлері айналысатын болады.
Қоқыс жәшіктері құрылыс қалдықтарына толып қалғаннан болар, тұрғындар енді күнделікті тұрмыстық қоқыстарын автобус аялдамаларындағы құтыға тастап кететін болыпты.
Бүгін шағын ауданды аралаған әкімдіктің мамандары кездесуді жиі ұйымдастырамыз деп шешті. Себебі алдағы көктемде құрылыс қарқындайды.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=vBvh8Lrn6Wk[/youtube]