Үшінші мегаполисте жуырда ғана қоныс тойын тойлағандардың қуанышы су сепкендей басылды.

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан №86, №87 көпқабатты тұрғын үйлердің түсқағаздары түсіп, терезелерінен су кіріп жатыр. Тілшілерге шағымданған тұрғындар сапасыз құрылыстың жайын мердігерлерге де, тапсырыс берушілерге де жеткіздік, – дейді. Алайда, 5 жылдық кепілдік мерзімі бар құрылысшылар асығар емес.Пайдалануға жыл бұрын ғана берілген баспаналардың сыйқы – көңіл көншітпейді. Түсқағаздары көтеріліп, жырым-жырымы шыққан. Баспана кезегінде 12 жыл тұрып, биыл ғана жаңа пәтерге көшкен Нұрсұлу Сүлейменова мұнда 2-топ мүгедегі – күйеуімен тұрып жатыр.

Нұрсұлу Сүлейменова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Түсқағаздар жазда ашыла бастаған. Құрылысшыларға айттық, істеп береміз деген. 12 жыл деген әрең жеткен баспанамыз бұл. Ақаулар туралы құрылысшыларға бірнеше рет айтқанмын. Алайда, қаражаттың жеткіліксіздігін алға тартқан олар олқылықтарды әлі күнге дейін түзеген жоқ».

Бұл көріністі (суретте) тұрғындар жауынды күні түсіріп алған. Бүгінде бұл түсірілімдер әлеуметтік желіге тарап үлгерген.6 жыл дегенде, жаңа қонысқа әрең қолы жеткен Мавлюда Рашидованың да қазір көңілі су сепкендей басылған. «Әу баста жаңа баспанама қуанып жүріп, оның құрылысына мән бермеп едім, ақаулар күннен күнге көбейіп жатыр», – дейді тұрғын.

Мавлюда Рашидова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жел тұрғанда дауысы мотор сияқты шығады. Жел уілдеп тұрады терезелерден. Канализациялық жүйелер мен құбырлар да әлден сыр беріп жатыр».

Мұнда қазір мүгедектер мен зейнеткерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілері қоныстанған. Салаға жауаптылар құрылыс кезінде сапаны қадағалауға бағытталған барлық шараның қаралғанын айтады. Ал мердігерлер ақауларды осы маңда жүрігізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының әсерімен баланыстырып отыр.

Ердәулет Әжібаев

Ердәулет Әжібаев, Шымкент қаласы құрылыс бөлімінің өкілі: «Осында мердігерлердің өкілі таңнан қара кешке дейін жүреді. Тұрғындар оларға ақауларды көрсетсе, ретке келтіріп береді».

Мырзабек Омаров, учаске басшысы:» Жанымызда құрылыс жүріп жатыр. Тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Соның әсері болып жатқан болуы керек».

Тұрғындар көрсеткен кемшіліктердің шетінен қалпына келтіріліп жатқанын жеткізген жауаптылар нысандарға 5 жылдық кепілдік мерзім берілгенін айтады. Және осы уақыт аралығында ақауларды түзейміз деп сөздерін қорытындылады.

Мақпал Рысбаева