Пара алған полицейлер! Шымкентте қоғамдық тәртіпті күзетудің орнына азаматтардан ақша бопсалап келген полицейлер тұтқындалды. 43 жастағы старшина мен екі жас сержант Шымкент көшелерінің бірінде қылмыс үстінде құрықталды. Олар шайтан суға тойып алған азаматты әкімшілік жазадан құтқарамыз деп, теңге бопсалаған. Қолға түсіру операциясын өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары жүргізді.
Екі кештің ортасында қолға түскен патрульдік полицейлері тырп ете алмай қалды. Тінту барысында күдіктілердің қалтасынан «Пара» деген таңбасы бар теңгелер табылды. Олар мас азаматты айықтырғышқа апарудың орнына 11 мың теңге бопсалаған. Тіпті өздерінің ставкасын айтып саудаласыпты. Мұны ішкі істер департаментінің басшылығы айтып отыр.
«Соңғы уақытта өз арамызда тәртіп сақшыларының теріс қылығы туралы мәлімет көбейіп кетті. Патрульді полктің қызметкерлері өзінің қызмет бабын теріс пайдаланады. Көшеде жүрген мас адамдарды қызметтік көлігіне апарады. Медициналық айықтырғышқа апарудың орнына жолда мас азаматтармен саудаласады. Сөйтіп, көшедегі мастың ақшасын алады да, жөніне жібереді. Мұндай мәліметтер бізге түсті. Ол бойынша барлық дәделдеу жұмыстарын жүрзігіп, сезіктілерді құрықтадық»,- дейді Нұралы Қырғызалиев.
Қазіргі таңда пара алған полицейлер қамауда жатыр. Енді олар қызметтен қуылып қана қоймай, дүние мүлкі де тәркіленуі мүмкін. Ал қанша жылға абақтыға жабылатынын сот шешеді. Дегенмен, жаза мұнымен шектелмейді, таяқтың бір ұшы қол астындағы қызметкерлері парақор атанған басшыларға да тиеді.
«Тұтқындалған күдіктілердің үшеуі де міндетті түрде ішкі істер органдарынан босатылады. Взвод командирі, оның орынбасары, одан кейін рота командирі, оның орынбасарлары қызметтерінен босатылды. Ротаның кадрлық ісіне жауапты қызметкер де жұмысынан қуылды. Ал полктың командирі мен оның орынбасарларына тәртіптік шара көрілді. Ал басқа тәртіп сақшылары осы оқиғадан сабақ алар деп ойлаймыз. Оларға да қатаң ескертілді — келешекте осындай фактілер орын алса, кінәлі мен жауаптылардың барлығы қызметтерінен айрылады» дейді Нұралы Бейсенәліұлы.
Полицейлердің заңсыз әрекеті мұнымен шектелмейді. Арасында жезөкшелермен сыбайласып ақша тауып жүргендері де бар болып шықты. Олар жігіттерге жеңіл жүрісті қызды өздері жіберіп, қыз зорлағаның үшін қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Бұл факті туралы Салтанат Қаракөзова айтып берді.
Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісінің мәліметінше, ақпан айында өзіндік қауіпсіз басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші белгісіз біреулердің алдау арқылы 800 мың теңгеден астам ақшасын тартып алғанын айтқан.
Осы фактіге қатысты деген күдікпен екі тәртіп сақшысы ұсталған. Анық болғандай, күдіктілер жүргізушіге 18 жастағы қызды жіберіп, олардың жыныстық қатынасқа түскен сәтте қастарына жетіп барады.
Содан кейін «қыз зорладың» деп жігітті қорқытқан. Ақырында, қылмыстық іс қозғамаймыз деп сендіріп, сол үшін ақша бопсалайды.
Жоғарыдағы фактілердің барлығына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Осылайша облыстық ішкі істер департаментінің мамандары өзгенің ғана емес, өздерінің арасындағы заңбұзушыларды да оңдырмай жазалап жатыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=98WQNN2WFGg[/youtube]