Қазығұрт ауданында жол торуылдап келген қарақшылар құрықталды. Олар соңғы уақытта Алматы-Термез жолының бойында жүк көліктерді тоқтатып, жүргізушілерін тонап келген. Бұл туралы полиция бөліміне бірнеше адамдардан шағым түседі.
Қарақшыларды тұтқындау үшін облыстық ішкі істер департаментінде тәжірибелі мамандардан арнайы топ құрылады. Көп ұзамай, жедел-іздестіру барысында қарақшылар қолға түсті.
Қылмыстық топтың құрамында 20 және 30 жастағы 5 адам болған. Біреуі Алматы облысынан келген, қалғандары — оңтүстікқазақстандық. Қарақшылар жүргізушілерді қақ қақсатып, жалы көлемі миллион теңгеден асатын ақшаларын тартып алыпты.
Қол түскен сәтте күдіктілерден айғақты зат ретінде шолақ мылтық пен оқтар, пышақтар тәркіленіп алынды. Олардың жазықсыз жүргізушілерге қару жұмсаған кездері де болыпты. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметі хабарлайды.
Салтанат Қаракөзованың айтуынша, қарақшылар бір жүргізушінің көмекшісінің аяғынан атып жіберген. Суық қарулар неліктен қажет болды деген сұраққа жүргізушілер тарапынан шабуыл жасала қалса, өзімізді қорғамақ болдық деп жауап беріпті күдіктілер. Әзірше олардың 5 қарақшылық фактісіне қатысы бары анықталды. Тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
Айта кету керек, қолға түскендердің 3-еуі бұған дейін кісі тонап, зорлағандары үшін сотты болған. Жазаларын өтеп, абақтыдан жақында ғана босап шығыпты.