Қазақы «десерт»

Қызыл ірімшік те қазақтың асы

Бүгінгі дастарқанымыздың басты мәзірі қазақтың тәттілері болмақ. Осы уақытқа дейін назарыңызға ет және сүт тағамдарын ұсынсақ, бұл жолы «десерт» дейтін тіскебасар туралы айтпақпыз. Қазақтың өз десерті де, тосабы да, шоколады да бар. Ендеше, таныса отырыңыз.

Қазақтың өз десерті де, тосабы да, шоколады да бар
Қазақтың өз десерті де, тосабы да, шоколады да бар

Құрт-май тосабы

Қай қазақтың үйі болмасын келген қонағының алдына алдымен бауырсақ, құрт-ірімшік, сары май, қаймақ, жент-талқан, өрік-мейіз, жеміс-жидек қойып, қою сүт қатқан шай ұсынады. Соңынан қуырдақ, асықпаса молынан ет асады, қона жатса қой сояды. Осы пейілімен дастарқанын майлы, қонағының көңілін жайлы етеді-ақ. Мұны қазақ кәдесінде «дастарқан дәмі» дейді екен. «Дастарқан дәмінің» ажырамас бөлігі әрине тәттілер. Бүгінгінің жеміс тосабы қалай тіл үйірсе, қазақтың тосаптары да сондай дәмді. Мәселен, құрт-май. Бұл тәтті тағам – тосаптың бір түрі. Дайындалу әдісі де аса қиын емес. Кәдімгі ашып кеткен сүтті ысырап етпей, одан құрт қайнатамыз. Құрттың мөлшеріне тең етіп қант қосасыз, бұл қоспаға майлылығына әрі қалауыңызға қарай сары май қосып, тағы бір қайнатасыз. Дайын болған құрт-май шай ішуге ұсынылады. Қазақта тосап тек қана жеміс-жидектен ғана емес ағарғаннан да жасалған. Құрт-майдың дәмі балдай. Аса майлы тағамнан кейін шай ішуге ұсынылатын жеңсік ас. Майлы тағамның дәмі қыжыл туғызып, көп кекірткенде осы тәттіні жесеңіз майлы тағамның дәмін сезбейсіз. Тамсанып отырып, шайыңызды рахаттана сораптай беріңіз. Бірақ тосапқа май қосылғандықтан, аса құнарлы. Тез салмақ қосып алуыңыз мүмкін.

Қызыл ірімшік те қазақтың асы
Қызыл ірімшік те қазақтың асы

Біздің шоколад

Ұлттық тағамымыздың бірі – жент. Бұл да тәттінің бір түрі. Бала күнімізде әжеміз дайындайтын тамаша тағам. Әсіресе ораза кезінде даярланатын тойымды тағамның бірі. Дайындау әдісі әр жерде әртүрлі болғанымен, дәмі бір. Жент тәттісін дайындау үшін қазанға сары майды ерітіп, тортасынан айырады. Сосын оған тарының талқанын, бидай немесе арпаның жармасын, ірімшік, мейіз қосып араластырып қайнатады. Қазанның оты пәс болуы керек. Ірімшік әбден ерігенде жент дайын болады. Уақытпен есептесек 15-20 минут. Дайын болған жентті суытып, дастарқанға қоя беріңіз. Таңсық асты қысқа сақтауға да болады. Ол үшін жаңа қайнап болған жентті қалтаға не мал қарнынан дайындалған меске салып, аузын буып, салқын жерге іліп қоясыз. Айта кету керек, жент ағзадағы дәрумен тапшылығының алдын алады. Құрамындағы ірімшік Д дәруменінің көзі болса, мейіз қаназдықты емдейді. Ал май – қуат, жармалар ішек пен өт жолдарының жұмысын жақсартады. Ұзақ сақталған жент бүгінгінің шоколады іспетті.

Ұлттық «рафаэлло»

Қызыл ірімшік дегенді естуіңіз бар ма? Мұндай да ірімшік бар. Ол ірімшікті қайнату арқылы дайындалады. Көп қайнаған ірімшік қызыл-сары түске айналады. Содан кейін оны сүзіп алып, қалтаға салып, желге, күнге қойып кептіреді. Кепкен ірімшік бұзылмайды, есесіне дәмі жақсара түсіп, көп сақталады. Кепкен ірімшікті түйіп, жентке қосып, бауырсақтың үстіне себуге немесе майға қосып жеуге болады. Бал немесе қаймақ араластырып, құрт тәрізді дөңгелетіп, бетіне ақ ірімшікті жалатып алсаңыз, бүгінгінің рафаэллосы болады да шығады. Қонағыңыздың алдына қойып, таңғалдыра аласыз. Себебі бұл экзотикалық десерт. Дәмі тіл үйіреді. Мақтау еститініңізге біз кепілміз.

Ұзақ сақталған жент бүгінгінің шоколады іспетті
Ұзақ сақталған жент бүгінгінің шоколады іспетті

Сарысуды төкпеңіз

Ірімшіктен, құрттан, айраннан қалған сарысуды төгуге асықпаңыз. Сарысудың пайдасы көп. Бастың қайызғағын кетіруге, табан жарылса оны жазуға және бет әжімін кетіруге таптырмас шипалы су болып табылады. Өт жолдарын тазартады. Сондай-ақ, сарысудан шайға тәтті тіскебасар әзірлеуге болады. Сарысуға иленген қамыр өте иілгіш әрі дәмді келеді. Әсіресе бауырсақ қамыры. Сарысуға аздаған шекер және ірімшік, жұмыртқа мен ұн қосып қамыр иленген нан, ең дәмді нан болып шыға келеді. Мұны бал шелпек, не бал бауырсақ деуге болады. Дәмі расында да бал татиды. Ендеше, қонағыңыз-дың алдына қазақтың тәттілерін қойып, көпке насихаттай жүріңіз.

Ақмарал Мырзахметова

P.S. Ел іші ― алтын бесік. Егер жұрт біле бермейтін ұлттық астың түрін білетін болсаңыз, жасап жүрсеңіз, бізбен бөлісе отырыңыз, оқырман. Ұлттық астың пайдасын насихаттап жүрген біздер сіз ұсынған мәзірді қуана-қуана жариялаймыз. Ендеше, дастарқанды бірге жаяйық!

 

Aртық болмас білгенің…

Ақлақ – қой сүтінен жасалған, ірімшікке сары май қосылған жеңсік тағам.

Ақтүймеш – қауын қағы мен талқанды келіге салып түйіп жасаған тағам.

Балқаймақ – қайнатылған қаймақ.

Бөртпе — талқанға сүт, қант, май қосып пісірілген тағам.

Ежігей — қой сүтінен жасалатын, бал қосылған құртқа ұқсас дәмді тағам.

Келісөк – жаңа піскен тары сөгін келіге түйіп, сүт, қаймақ,қант қосып жасайтын тәтті тағам.

Күлше – табада пісірілетін тәтті қамырдан дайындалатын нан.

Торта – сары майды қайнатқаннан кейін оның түбінде қоймалжың тұнба бөлініп қалады. Оны торта деп атайды. Тортаға бал қосып, нанға жағып жейді. Бұл торт бетіне жағатын бүгінгінің майлы кремі іспетті.