Қаратаудан Карпатқа дейін

Қаратау мен Қазығұрт баурайларынан барған біздер Карпат тауларына бауыр басып-ақ қалғандаймыз

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Бастан құлақшын садаға

Мәскеуіңізді өз ауылынан артық білетіндер жоқ емес. Арамызда. Маңызды жерлерін жатқа айтады. Биік-биік лауазымдарына байланысты шығар. Мәселен, Әліпова обкомның хатшылығына сайланар алдында КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының толық құрамы алдында сынақтан өткен.

Мәселен, Әліпова обкомның хатшылығына сайланар алдында КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының толық құрамы алдында сынақтан өткен
Мәселен, Әліпова обкомның хатшылығына сайланар алдында КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының толық құрамы алдында сынақтан өткен

Сапарластар КСРО кезіндегі бастарынан кешкен небір оқиғаларын, қызғылықты жағдайларды, үлкенді-кішілі басшылардың қызғын әрекеттерін жарыса әңгімелеседі. Әрине, кеңестік кезеңді көксемес. Бірақ сол заманда туған. Сол заманда өскен. Оқыған. Еңбектенген. Жар сүйген. Перзент көрген. Сондықтан, қай-қайсысына да терең түсіністікпен қарайсыз. Тоталитарлық тәртіпті емес, бүкіл ұрпақтың ғұмыр дүбірін, өздерінің өзгеше өрнек құрған жастық шақтарын, кіршіксіз көңілмен өрілген өрелі өрістерін, мөлдір махаббаттарын сағынбайды, аңсамайды дей алмайсыз. «Бәрібір, осы заман озық, Тәуелсіздікке тәубе», − деседі. Баршасы. Көбісі қазірге дейін жұмыста. Қоғамдық өмірге қызу араласады. Бәрі де белсенді.

Внуково әуежайы салқындау пейіл танытты. Кірерде де, шығарда да әлденеше мәрте тексерді. Әсіресе, Львовқа аттанарда әуре-сарсаңды көбейтті. Сеп-семіз сары қыз біресе белдігімді, біресе сағатым мен қалтафонымды шештіріп бәле болды. Бас киіміме майда-шүйдені салып, бақылаудан өтетін қуысқа жөнелткем. Өзіме тағы шүйлігіп, кері қайтарды. Сол сәтте артқы жақтан сотқар екі жігіт кимелей келіп, итермелей өткен. Ұзын сөздің қысқасы, абыр-сабырмен сасқалақтап жүргенімізде, бас киімім мен майда-шүйде заттарым зым-зия жоғалған. Жеңісбек мырза жәрдемге жеткен. Екеулей іздеп, бәрібір таба алмадық. Қайран қаламгер ағамыз Әзілхан Нұршайықов дәлме-дәл дәйектеген екен дә. «Семіз қыз – сезімсіз қыз» деп. Семіз сары қыз бедірейеді. «Львовқа кешігеміз, жүріңіз енді», – дейді Мәуленқұлов. «Құлақшыным қайда?» – деймін сары қызға. Былқ етпейді-ау, былқ етпейді. Қазақ «Бастан құлақ садаға» дейді ғой. «Бастан құлақшын садаға», –дедім ақырында. Семіз сары қызға қарап.

Жақында ғана Жұмат Шанин театрында «Жоғалған Жұрнақ» (Желтоқсан қасіреті) деген трагедиям бойынша спектакль қойылған. Сонда Мәскеудің атына ауыр-ауыр сөздер айтылатын. «Соның қарымтасын қайтарғаны ма, әлде? СССР-дың жүрегі болған қаланың?» деп қоямын. Ішімнен. Сапарластардың бірқатары жанашырлық білдіріседі. Бәзбіреулері мәз. Сықылықтап тұрып күліседі. Львовқа жеткенше «Бастан құлақшын садаға» мәселесі әзілдің арқауына айналды.

Қауысбекұлы қауырт істерге қол артыпты
Қауысбекұлы қауырт істерге қол артыпты

Трускавец – курортты қала

Украинаның тарихи текті шаһары Львов ерекше ыстық ықыласқа бөлеген. Әуежайы һәм жарқырап тұрыпты. Кереметтей кең, заманауи зау-заңғар екен. Айнала-төңірек ақжарылқап күй, аппақ пейіл, мінәйі мәдениет танытады. Титімдей де тексермей, төтелей өткізді. Қайырымды құшақтармен қауыштық. Қазақстанның Украина мен Молдовадағы төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков, Қазақстанның Батыс Украинадағы Құрметті консулы Галина Маслюк, Львов облысы губернаторының орынбасары Сергей Василенко, облыстық туризм департаментінің директоры Лев Захарчихин, Трускавец қаласының мэрі Руслан Козырь, «Риксос-Прикарпатье» курорттық кешенінің бас менеджері Наталья Семенова, тағы басқалар қарсы алған. Түрлі-түрлі телеарналардың тілшілері жүгіріп жүріпті.

Әуежайдың гүл көмкерген мәнерлі мүйісінде митинг мәнзелдес жиын өтті. Львов облысы губернаторының орынбасары Сергей мырза, елшіміз Зауытбек мырза, тағы басқалар құттықтады. Зәкең екі елдің арасындағы ежелден келе жатқан тарихи тамырластық, тілектестік, татулық туралы тебіренді. ОҚО ардагерлері атынан Клара Әліпова сөйлеп, украиндықтарды аузына қаратқан. Зауытбек Тұрысбеков: «Сіздер – атақты Трускавец курортына тегін келе жатқан алғашқы ардагерлер тобысыздар. Бұл жағдайды дәстүрге айналдырмақпыз», – деп қуанта түсті. «Рақмет-рақмет, алғысымыз шексіз, айналайын!» – деседі шымкенттіктер.

Львов пен Трускавец туралы жазсақ, ұзаңқырап кетерміз. Тарихтан білесіздер, әрине. Львов – Украина тарихы мен тағдырында ірі, іргелі орны бар қала. Мұнда бәрі де украин тілінде. Жазу-сызулар да. Жарнамалар да. Көшелер мен даңғылдардың аттары да. Аздап-аздап ағылшынша ғана араласқан. Орыс тілінде түк те жоқ. Тұрғындар да тек украинша сөйлейді. Кейінірек көз жеткіздік қой, курортты қала Трускавецте де солай екен. Франконың, Бендердің бірегей ескерткіштері ерекше әсерлі жасалған. «Риксос-Прикарпатье» курорттық емдеу кешенінде де демалушылардың құжат-қағаздары, емделушілердің сырқат баяндары – бәр-бәрі, дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің түсіндірмелеріне дейін тек украин тілінде. Риза боласыз. Ұлттық рух, ұлттық намыс арқауы нық. Нып-нығыз. Биік деңгейде. Отызшақты телеарна да тап солай. ТМД құрамындағы орыс, әзірбайжан, қазақ («Kazakh TV») елдерінің және түріктің ғана бір-бір арнасы көрсетеді. Украинада бірер күн болсаңыз, ұлтжандылығыңыз ұлғая түсетіндей-ау.

Трускавец қаласы – Шығыс Карпат тауларының бауырындағы бірегей курорттық аймақ орталығы
Трускавец қаласы – Шығыс Карпат тауларының бауырындағы бірегей курорттық аймақ орталығы

Трускавец қаласы – Шығыс Карпат тауларының бауырындағы бірегей курорттық аймақ орталығы. Шағын шаһар. Львовтан 105 шақырым жерде. Дүниежүзілік даңқы бар курортты қаланың тарихы 1827 жылдан бастау алады. Санаторийлер сансыз десек, жарасар. Ескілі-жаңалы виллалар. Кең-мол кешендер. Ең негізгі емі – шипалы сулар. «Нафтусия» суы. «Мария» суы. «Морщин» суы. «София» суы… Шаһарды бір сағатта аралап шығасыз. Сәуірдің ортасы сәл жаңбырлы, 14-24 градус жылы боп тұрды. Біз барғанда Карпат тауларының ойпаңдарында ойдым-ойдым қар жатты. Қайтарға қарай ғана аққайыңдар мен емендер, талшындар мен теректер, тораңғыл тәріздес талдар бүршік жарған. Күнгей беткейлерде жасыл көк желкілдеген. Біздегі бәйшешек пен нәуірзекке келіңкірейтін гүлдер тербелген.

Шымкенттіктер екі апта «Риксос-Прикарпатье» курорттық емдеу кешенінің ең жақсы бөлмелерінде демалып, емделдік. Тазалық пен тәртіп, жоғары деңгейдегі мәдениет таңдай қақтырар. Өзі де бір бөлекше жобамен салынып, дүр дизайнмен дүрияланған дүние екен. Бәрі-бәрі ішінде. Шипалы сулар. Ем-домдар. Емдәмдер. Бассейндер. Сауналар. Дене шынықтыру залдары. Мәжіліс залдары. Ойын-сауық бөлмелері. Зертханалар. Банк бөлімшесі. Қайсыбірін айтайық-ай…

Дәрігерлер де, мейірбикелер де, қай саланың қандай қызметкерлері де, әсіресе емдік бөлмелердегі қыздар мен жігіттер ізетті, ілтипатты, кішіпейіл. Ең бастысы – ешқайсысында жасандылық, жалғандық жоқ сияқты. Қанда бар қасиет, сүйексіңді мінез, талапшылдық пен тәртіпшілдік нәтижесі екені аңғарылар. Негізгі емдеуші дәрігеріңізден басқалары қымбаттау ақшаға қабылдайды, қымбаттау емдейді. Біраз ем-домдардан өзге түрлері де өте қымбат. Әлбетте, ол-дағы орынды шығар. Деп түйесіз.

Украин қыздары сұлу да сымбатты, жігіттері ірі де реңді келетіні әлемге әйгілі, әрине. Алайда, Карпат тауларының майса маңайындағылар, әсіресе, «Риксос-Прикарпатье» кешеніндегілер айрықшалау. Мойыл қара шаштылары, қап-қара, тұп-тұнық көзділері көбірек. Қыздардың. Сондай-ақ шаштары да ақсары, жүздері де ақсары, ал жанарлары аспанкөк түстестері де аз емес.

«Сұлулық пен жоғары мәдениеттілік үйлессе, кереметіңіз − сол», − дейді «Сәкен сері» атанған Сәкімбек ағамыз жеңіл күрсініп. – Оп-па-а, заман зулап өтеді екен ғой…». Ол кісіні үлкен Ағабек пен кіші Ағабек қостайды. Нұрмахамбет ағамыз басын изеп қояды. Исмат мырзаңыз миығынан жымияды. Иваннаның ваннасынан шыққаны жаңа. Жеңісбек мырза Дариғасын ертіп, жанымыздан өтіп бара жатады. Клара мен Дәметер әпкелер естелік жалғап, эсселер есіп отырады. Сайлаукүл мен Рәзия да оларға қосыла жөнелер. Сәуірдің он бесінде Тұрсынқұловтың туған күнін тойладық. Әзіл өлең шығардық. «Риксостағы» қыздардың бес-алтауы Иванна екен. Ваннада да бір Иванна бар. «Айналайын, Иванна! Бересің-ау бір ванна. Жымиғаның жып-жылы; Шипалы су құйғанда. Келіппіз-ау, Иванна! Сәкең салдық тыйғанда. Қос Ағабек алқынып; Исмат иман жиғанда…» деп аяқталады. Әзіл өлеңіміз. Сәкеңдердің сал-серілігі тыйылып, ақсақалдарымыз да, бәріміз де егделенген заманда екендігімізді мойындамасқа болмас, сірә.

Демаласымыздың соңына таман Зауытбек Қауысбекұлы тағы да келіп, екі сағаттай емен-жарқын сыр шертті. Львов облысының губернаторына жолықпақ жолда әдейі қайырылыпты. Тұрысбековіңіздің Өзбекстанда және Ресейде елшілік еткен жылдары тындырған толағай тірліктерін жұрт жақсы біледі. Міне, енді мұнда да Қауысбекұлы қауырт істерге қол артыпты.

Қаратау мен Қазығұрт баурайларынан барған біздер Карпат тауларына бауыр басып-ақ қалғандаймыз
Қаратау мен Қазығұрт баурайларынан барған біздер Карпат тауларына бауыр басып-ақ қалғандаймыз

Сәуірдің жиырмасына қарай базарға бару жиіледі. Киім-кешектің кей түрлері арзанырақ деседі. Польша мен Венгриядан әкелінетін көрінеді. Қайтарда ағаштардың бәрі жапырақ жыпырлатқан. Карпат қапталдары жасылданды. «Риксос-Прикарпатье» кешенін қимайсыз-ай, қимайсыз. Санаторий ішінде, сыртында да тізіле сызылып, әзілдесіп жүргенімізде ше, жұрттың көбі қызықты. Украинадағы елшілігіміздің қамқорлығы екенін естігенде, бәрі де қайран қалады. «Ойпырай, осындай да болады екен-ау», дегендей.

Қаратау мен Қазығұрт баурайларынан барған біздер Карпат тауларына бауыр басып-ақ қалғандаймыз. Бәрібір, туған жеріңізге, өскен еліңізге, Қазақстаныңызға, оның ішінде Оңтүстігіңізге жетпейді. Бәрібір, әлемдегі ең әдемі қыздар – қазақ қыздары. Мұны Мүсіреповтер, Мағауиндер мәністеген. Алаш асылдары айтқан. Біздікі – жадыңызды жаңғырту ғана.

Қайтарда, Львовқа жеткенше тақта-тақта егістіктер мен тегістіктерде қыбырлаған тынымсыз диқандарды көрдік. Минитракторлар мен ат жеккен соқалар көп. Бейнеткеш бауырларға ризалана рақмет жаудырасыз. Ыбырсып жатқан хутор жоқ. Шарбағы шашылған, қоршауы қисайған үй жоқ. Тап-таза. Тап-тұйнақтай. Мәскеуіңіз-дағы жылы қарсы алды. Семіз сары қызды көрмедік. Құрақ ұшқан талдырмаштарға тәнтісіз.

Шымкентке сағына жеткенде, көңіліміз бәсең тартқан жағдай болды. Айтпаса, сөздің атасы өледі. Жүк (багаж) түсіріліп, айналатын жабдық тым жұпыны. Алқам-салқам, тозып кеткен. Сиыр қоралардағы жемшөпті жылжытатын жабдықтар да тап осындай тозыңқы, шиқылдақ, сықырлауық болмас. Бізді қойыңызшы, шет жұрттардан жеткен меймандардың мысқылдай қарағанынан қатты ұялғанымыз-ай. «Шіркін Шымкентіңізден әйтеуір бір ши шығады да тұрады-ау!» – деді қос Ағабек қосарланып. «Шыли ыңғайсыз екен-ей», – деді Мәуленқұлов мырза. Клара мен Дәметер апалар күрсінді. Сайлаукүл мен Рәзия күлді. «Қош бол, сәулем, көргенше», – деді Сәкімбек көкеміз Төлендіқызына. Екеуі курстастар ғой.

Кластастар, курстастар секілді курорттастар да етене жақын боп кетеді екен.

«Шымкенттің әуежайы мен жүк айналдырар жабдығы да жақсарар. Неғыпты сонша», – дегенді іштей қайталап, біз аяңдаймыз.

Мархабат БАЙҒҰТ

Шымкент – Трускавец – Шымкент