Жер сілкінсе…

Жер сiлкiнiсiн нақты болжау қиын

Жуырда біздің өңірде 3-4 балдық жер асты дүмпулері сезілді. Бұған Өзбекстанда болған жер сілкінісі әсер етті, дейді сала мандары. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік батысқа қарай 660 шақырым қашықтықта Өзбекстан аумағында орналасқан көрінеді. Сілкіністің энергетикалық класы – 13.0, ал магнитудасы– MPV 5.8, тереңдігі –5 шақырым болып тіркелген. Дүмпулердің күші Таразда – 2-3, Шымкентте – 3 балды құраса, Сарыағашта тіпті 4 балға дейін жеткен. Өңірдің кейбір елдімекендерінде дүмпу екі рет қайталанғаннан кейін бе, жергілікті жұртты сеймикалық ахуал алаңдата бастады.

Жер сiлкiнiсiн нақты болжау қиын
Жер сiлкiнiсiн нақты болжау қиын

Облыстық төтенше жағдай департаменті мәліметтеріне сүйенсек, біздің облыс аумағы республикамыздың сейсмикалық аудандас-тыру картасына сәйкес, Рихтер шкаласы бойынша қарқындылығы 7-8 балдық жойқын жер сілкіну қаупі бар өңірде орналасқан екен. Облыс аумағы белсенділік дәрежесіне қарай 3-ке бөлінеді. Сонда облыстың сейсмикалық жағдайы былайша өрнектеліп шыға келеді.

Елiмiзде 40-қа жуық сейсмикалық станция бар. Бұл орталықтар көптеген параметрлермен сейсмикалық жағдайға үздiксiз бақылау жасап отырады. Мамандардың айтуынша, станциялардың басым бөлiгi Алматы қаласы мен облысында орналасқан. Соның 4-еуi Оңтүстiк Қазақстан облысына тиесілі. Станциялар Шымкент қаласы мен Бәйдiбек ауданының Боралдай, Төлеби ауданының Алатау, Түлкiбас ауданының Жабағылы ауылдарында орнатылыпты. Сейсмологтардың пайымдауынша, Қазақстанның 450 мың шаршы километр аумағында жер сiлкiну қаупi жоғары. Бұл аумақта 6 млн тұрғыны бар 27 қала, 400-ден астам елдi мекен тiркелген. Оның үстiне бұл аймаққа елiмiздiң өндiрiстiк ошақтарының 40%-ы шоғырланыпты. Мәселен, бiр ғана біздің облыста жарылыс қаупi бар және улы материалдар қоймасы сақталған 17 зиянды өндiрiстiк өнеркәсiп орны орналасқан. Аяқ астынан жер шайқала қалса, өңiрiмiздегi жасанды су қоймалары да халыққа едәуiр қауiп төндiредi. Бұл ретте ең iрi су қоймалар – Шардара жасанды теңiзi мен Бөген, Тоғыс су бөгеттерiн атауға болады. Сондай-ақ, газ, су, электр, жылу желiлерi мен мұнай магистральдары да едәуiр зардап шегiп, әртүрлi қолайсыздықтар туғызуы ықтимал. Сондықтан да барлық азаматтар зiлзаланың қауiптiлiгiн төмендету және алдын алу iс-шараларын ойлас-тырып, соларға сәйкес iс-әрекеттер жасауы тиiс. Әйтпесе, айтқан жерден аулақ, апат орын алған кезде үлкен шығынға белшемізден батып қалуымыз мүмкін.

Тұрғын үйіңіз тербеліске төтеп бере ме? 

Кеңес Одағының құрылыс нормалары мен ережелерінде сейсмикалық қауіпті аймақта бес қабаттан асатын ғимараттар тұрғызуға рұқсат етілмеген-ді. Содан кейін 70-ші жылдары 12 және 16 қабатты тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар тәжірибе жүзінде салына бастады. Сейсмикалық тұрғыдан белсенді аймақ Алматыда Кеңес Одағы кезінде салынған алғашқы ең биік, 25 қабатты ғимарат – «Қазақстан» қонақ үйі болатын. Ғимарат толығымен монолит іргетасты плитада тұр. Қалыңдығы әртүрлі, кей жерінде 5 метрге дейін жетеді. Бұл тәжірибелік ғимарат болатын. Сейсмикалық төзімді құрылысқа арналған қазақстандық нормалар бүгінгі таңда ТМД ішінде ең қатаң нормалар қатарында. Нысанды салу кезінде жобалау-шылар материалдар мен технологияны болашақ тұрғын үйдің сұранысына, мерзіміне және құнына байланысты таңдайды. Мысалы, ғимарат кірпіштен қаланса, ол 5 қабаттан аспауы керек. Себебі, мұндай құрылымдар биіктігі 15 метрден асатын болса, сейсмикалық белсенділікке төтеп бере алмайды екен. Қазір құрылыста монолит, құрғақ тәсіл кеңінен пайдаланылуда. Каркас пен сыртқы қабырғалар тұрғызылады да, ішкі қабырғалар жеңіл конструкциялардан қаланады. Байқасаңыз, біртіндеп сылақтан, қалаудан, ылғалды тәсілден шығып барамыз. Ал кірпіш уақыт сынына төтеп беріп, өзінің дәстүрлі сапасын сақтап қана қойған жоқ, жаңарды да. Негізінде, мамандар кірпіштен соғылған тұрғын үйлердің халық саны аз немесе орташа мөлшердегі аймақтарға ыңғайлы екенін айтады. Ал мегаполистерде немесе ірі қалаларда панель немесе монолит үйлер қолайлы.

Мақпал Рысбаева

Еркін БҰХАРБАЕВ
Еркін БҰХАРБАЕВ

Еркін БҰХАРБАЕВ, Шымент қаласы құрылыс бөлімінің бастығы

– «Тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Нұрсәт» шағынауданында 2005 жылдан бері  тұрғын үйлердің құрылысы басталғаны белгілі. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала – құрылысы қызметі туралы» заңының қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес нысанның жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу барысында жерге инженерлік-ізденіс жұмыстары жүргізіліп, топырақтың геологиялық құрамы анықталады. Осыған байланысты нысанның құрылысына пайдаланылатын арматуралардың және басқа да жабдықтардың көлемі облыс аумағындағы сейсмикалық 7 балға есептеліп дайындалады. ЖСҚ әзірленіп болғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға тапсырылып, сараптаманың ескертпелері, ұсыныстар енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріледі. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында тапсырыс беруші көрінбейтін жұмыстарға нысанның конструкциялық бөлігіне, сапасына, жұмыстарының ЖСҚ-ның құрылыс нормаларының сәйкестігіне қадағалаушы мекемелерді тарта отырып, қатаң бақылау жүргізеді. Көрінбейтін жұмыстарға акт толтырылып, актіге жобаның авторы мен техникалық қадағалаушы маманның қолдары қойылып, қабылданады. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан соң тиісті мекемелердің қатысуымен құрылған мемлекеттік қабылдау комиссиясының тексеруінен кейін нысан пайдалануға беріледі.