«Мен әкім болып сайландым, енді ауылға да өзіме де қожамын» деген түсініктен аулақ болыңыздар! Облыс әкімі жаңадан сайланған әкімдерге осылай деді. Бүгін 189 ауылдық округтың әкімдері облыс әкмдігіне жиналды. Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болған жаңа басшыларға олардың міндеті мен заңға енгізілген өзгерістер түсіндірілді.
Бұл Түркістан қаласының ауылдық округтерінің жаңа басшылары. 12 ауылда жаңадан сайланғандардың бірі — Шорнақ ауылын басқаруға лайықты деп таңдалған Жақыпбек Анарбаев. Мамандығы экономист, осы ауылдың тумасы бұған дейін салық басқармасында еңбек еткен.
Жақыпбек Анарбаев, Шорнақ ауылдық округінің әкімі: «Біздің ауылда аурухана ескі, соны жаңалау, жолдарды жөндеу, балабақша керек. Осы әлеуметтік мәселелерді шешуге, халыққа жағдай жасауға жұмыс істесем деймін. Ауылдың мәселесіне қанықпын».
Ауыл әкімдерінің жүйелі жұмысы аудан, қала әкімдіктеріне де ауадай қажет. Бұған дейін аудан бюджетіне телміріп, талай түйткілді тарқата алмаған басшылар біріге жұмылса, шынында да олар алмас қамал болмайды.
Бақытжан Әшірбеков, Түркістан қаласының әкімі: «Ауыл әкімдеріне үлкен өкілеттілік беріліп отыр. Оларда бюджет болады. Тазалық, коммуналды шаруашылыққ мәселелерін өздері шеше алады. Әкімшілік шара көруге де құқы бар. Бірлесіп жұмыс жасаймыз».