Сүйінші! Жерлесіміз, оңтүстікқазақстандық ескек есуші Сергей Емельянов Әлем чемпионы атанды. Ол Канадада жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде ел қоржынына алтын медаль салды. 1000 метр қашықтыққа байдаркада ескек есуден оған тең келер ешкім болмады.
Естеріңізге сала кетейін, Денис Жарменовтің шәкірті жақында ғана дүниежүзілік Универсиадада екі күміс медальға қол жеткізген болатын.
Каноэ мен байдаркада ескек есуден 1000 метрлік жарыста жерлесіміз венгриялық Тамаш Кисске ғана есе жіберді. Одан кейін 500 метрлік қашықтыққа жалғыз ескек ескен Сергей күміс медальға қол жеткізді.
Мұхит асқан спортшылардан қуанышты хабар күтеміз. Өйткені бұл жарыстың алғашқы күнінің ғана нәтижесі.