Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев ауданда тұратын көпбалалы аналарды ардақтауға көп көңіл бөліп келеді. Жуырда солардың бірқатарына үкіметтік награда «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» салтанатты түрде табыс етті.
А бай ауданында 2560 ана тұрады. Олардың 1128-і «Алтын алқа» тағынса, 1526-ы «Күміс алқа» иегері. Ал, кешегі аптада өткен салтанатты іс-шарада тағы да 12 ана алтын, күміс алқа тағынды. Аналарға ауданда ерекше көңіл бөлінетіндігінің айғағы болар, мұндай салтанатты іс-шара биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Осылайша, жыл басынан бері аудандағы 133 ана лайықты марапаттауға ие болған. Оның 24-і «Алтын алқа», 109-ы «Күміс алқа» иегері. Демографиялық ахуалға оң ықпал етіп келген алтын құрсақты аналарға қандай құрмет көрсетілсе де лайықты екені даусыз. Олай болса Абай аудандық әкімдігінің ұйымдастырып отырған игі-шарасы өзгелерге үлгі боларлық.