Жәрдемге мұқтаж отбасыларға 101 мың теңге беріледі

483

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы адамға лық толы.

Әсіресе, әйелдер қауымы басым. Олардың бірі атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруға келсе, бірі жәрдемақы алуға ниетті. 6 баласы бар Перизат Кенбаева атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай әлек.

Перизат Кенбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «6 балам бар. Екі күйеуімнен де ажырасқанмын. Екеуі де алимент төлемейді. Атаулы көмек алайын десем, түк болмай жатыр. Телевизорым да жоқ».

Шымкентте Перизат сынды аса мұқтаж отбасыларға біржолғы жәрдемақы беру бойынша құжат қабылданып жатыр. Бұл әлеуметтік төлем қалалық мәслихат шешімімен аз қамтылған отбасыларға беріледі. Оның көлемі 101 мың теңге.

Ұлдана Бекбау, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «5 мың 50 теңгеден аспаса шілде, тамыз айында бір жолғы жәрдемақы береміз. Қалалық мәслихаттың шешімімен берілетін қаржы көпбалалы отбасының балаларын жаңа оқу жылына дайындауға көмек ретінде тағайындалады. Әлеуметтік қолдауға жанұяға түсетін табыс әр мүшесіне шаққанда 5 мың 50 теңгеден аспайтындар ие бола алады. Тағы бір маңызды тұс – отағасы жұмыс істеуі шарт. Егер ана 3 жасқа толмаған баланың күтімімен отырса, ол да есепке алынады».

Бір жолғы жәрдемақыға әзірге 15 отбасынан өтініш түскен. Құжаттар «Нұрсәт» шағынауданындағы қалалық жұмыспен қамту орталығы ғимаратында  қабылданып жатыр.

Шынар Оразова