Көп балалы отбасына жеңілдіктер

2150

«8 балам бар. Біреуіне де лагерьге тегін жолдама берген емес», «4 балам бар. Мектепте оқитын балаларыма бір мезгіл ыстық тамақ бермейді», «5 баламның біреуі мүгедек. Бұған дейін бір де бір балам балабақшаға бармады». Редакцияға хабарласатын көп балалы аналардың айтары осыған саяды. Айтуларынша, мемлекеттен алатын жәрдемақыдан бөлек, кәмелет жасына дейінгі балаларға түрлі жеңілдіктер қарастырылғанын естиді екен. Сонымен ол қандай жеңілдіктер? Мақаламыз осыған арналып отыр.

БАСПАНА КЕЗЕГІНЕ ТҰРУ КЕРЕК

ҚР неке (ерлі зайыптылық) және отбасы заңына сәйкес, 4 және одан көп баласы бар отбасы көп балалы отбасына жатады. Кейіпкеріміз Зәуре Сыдықова осы санатқа кіреді. Оның 8 перзенті бар. Бір баласы мүгедек. Айтуынша, мемлекет тарапынан «Алтын алқасы» (7 бала) үшін 16 160 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мүмкіндігі шектеулі баласына да 30 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Одан бөлек сол баланы күтіп қарағаны үшін 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 31 183 теңге жәрдемақы тағайындалыпты. Мемлекеттен алатын ақшалай көмекті «алтынқұрсақты» ана ай сайын өмір бойы алып отырмақ. Бұдан бөлек көп балалы ананың (4 және одан көп) мемлекеттік пәтер кезегіне тұруға құқы бар. Зәуре Сыдықова сол құқын пайдаланып, бірнеше жылдан бері жергілікті атқарушы органында бас-пана кезегінде тұр. Бүгінгі таңда реттік нөмірі 2003-ші орында. Ол кезегінің жақын уақытта келетініне күмәнмен қарайды. Дейтұрғанмен «алтынқұрсақты» ана далада тұрмайды. Жергілікті билік оның жағдайын ескеріп уақытша тұру үшін тегін баспанамен қамтамасыз еткен. Зәуре Сыдықова сол үйде 12 жылдан бері тегін тұрып келеді.

4 және одан көп баласы бар, мүгедек баласы бар отбасылар жергілікті атқарушы органына баспана кезегіне тұру керек

– Көп баласы бар, соның ішінде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған, тұрмысы ортадан төмен отбасылар баспана кезегі келгенше уақытша үймен қамтамасыз етіледі. Бірақ бұл үйлер олардың меншігіне берілмейді. Сондықтан да 4 және одан көп баласы бар, мүгедек баласы бар отбасылар жергілікті атқарушы органына баспана кезегіне тұру керек. Сол кезек бойынша баспаналы болуға мүмкіндік бар. Өз кезегі келгенде уақытша тұрып жатқан үйді босатады,- дейді Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Ордабекова.

4 және одан көп баласы бар отбасылар ай сайын – 10504 теңге жәрдемақы алады
«Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «І және ІІ дәрежелі Даңқ орденімен» марапатталған аналар ай сайын – 16160 теңге жәрдемақы алады

Зәуре Сыдықова мемлекет тарапынан өзіне тиесілі көмектің бәрін алып отыр. Соған шүкіршілік етеді. Алайда, жалғызілікті анаға шиеттей бала-шағаны аяққа тұрғызу оңайға соқпайтыны рас.
– Алатын жәрдемақылар әрі тартсам да, бері тартсам да жетпейді. Сол жоқшылықтың кесірі балаларыма тиіп жатыр»,- дейді ана.

Көп баласы бар, соның ішінде мүгедек баланы тәрбиелеп отырған, тұрмысы ортадан төмен отбасылар баспана кезегі келгенше уақытша үймен қамтамасыз етіледі

Ол әсіресе мектепте оқитын балаларына обал екенін айтады. Жәрдемақысы бәрін толық киіндіруге, оқулықпен қамтамасыз етуге жетпейді. Жығылғанға жұдырық демекші балалары қатарластары сияқты үйірмелерге қатысып, жазғы демалыс лагеріне бармайды. Себебі көп балалы ананың «қолы қысқа».

ЛАГЕРЬГЕ ТЕГІН БАРАДЫ

Шымкент қалалық білім басқармасындағылардың айтуынша, көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың жазғы демалыста лагерьге тегін жолдама алуға құқы бар. Бірақ ол үшін осы санатпен тіркеуге алынуы керек. Осы бағытта әр мектепте социолог жұмыс істейді.

Көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан оқушылар жазғы демалыста лагерьге тегін жолдама ала алады

Қалалық білім басқармасында осы санатқа жататын 30 384 бала тіркеуде тұр. 2018 жылдың жазғы демалысында сол балақайлардың 7241-і қала сыртындағы «Арман» және «Ақсу» демалыс лагерьлеріне тегін жолдама алған. Биыл да осы шамалас баланы жазда лагерьге жібереміз деп отыр. Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін жылда мектеп жанынан лагерлер ашылады екен. Көркейту-көгалдандыру, құрылыс-жөндеу бригадаларына, клубтар мен үйірмелерге, экскурсия мен туристік саяхатқа, көшпелі және шатырлық лагерьлеріне тартылады.

«Батыр ана»,»Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен марапат-талғандар жер, мүлік және көлік салықтарынан босатылады

— Оқушылар сарайындағы 30-ға жуық үйірме де кестеге сай жұмыс істеді. Әлі де істей бермек. Сондықтан кез келген уақытта ата-ана келіп, өз перзентін жаздыра алды. Үйірмелердің барлығы балаларды тегін қабылдайды,-дейді қалалық білім басқармасы орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту, қосымша білім беру бөлімінің басшысы Дарыбаева Гүлнар Тұрдыбайқызы.

Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері жеке куәліктерін жоғалтып алған жағдайда, мемлекеттік баж салығынан босатылады

Айтпақшы, қалада 25 спорт мектебі бар. Сонда спорттың 44 түрінен ақысыз секция жұмыс істейді. Балаңыздың жас ерекшелігі мен қызығушылығын ескере отырып, спортқа баулуға болады. Спорт үйірмелерінің мекенжайы, байланыс телефоны және қай бағытта жұмыс істейтінін «Оңтүстік Рабат» газетінің №7 (13.02.2019 ж) санында жарияладық.

ОҚУЛЫҚ ТЕГІН БЕРІЛЕДІ

Білім басқармасындағылардың сөзінше, мектеп оқушыларының 100 пайызы оқулықпен тегін қамтамасыз етіледі.
– 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 3-ші, 5-ші, 6-шы, 7-ші, 8-ші сыныптың оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілді. Қалған 4-ші, 9-шы, 10-шы, 11-шы сыныптың оқушылары қолда бар кітаптарды амалдап оқуда. Себебі, бұл сыныптар үшін жаңа кітаптар биыл басылады. Кітап қоры толығымен жаңартылған соң оқушылар арасында кітап жетіспеушілік деген болмайды. Оқулықтар толығымен тегін беріледі, – дейді мамандар.

ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Тегін оқулықпен қатар білім беру ошақтары тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бүгінде қалада 133 мектеп болса, сондағы 4340 бала бір мезгіл ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілуде. Бір балаға берілетін тамақтың құны 120 теңге шамасында.

5 баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер мерзімінен бұрын зейнетке шығады

– Бұл – жалпы білім беру қорынан бөлінетін қаржы. Үкіметтің 2008 жылы шыққан №64 арнайы қаулысы бар. Сол қаулыда білім саласына бөлінген қаражаттың кемінде 1 пайызы жалпы білім беру қорына аударылуы тиіс екендігі көрсетілген. Ол қаржы өз кезегінде балалардың тегін тамағына, киіміне және жазғы демалыс лагерьлеріне тегін жолдама беруге жұмсалады. Бұл қаржыны отбасының алуға да құқы бар. Ондай жағдайда аталған көмектер көрсетілмейді.

БАЛАБАҚШАҒА ЖЕҢІЛДІК БАР

Білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Перизат Бектаеваның айтуынша бірінші кезекте жолдама алуға:
— заңды өкілдері мүгедек болып табылатын азаматтардың балалары;
— ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;
— жетім балалар;
— көп балалы отбасылардан шыққан балалар;
— әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балалары;
— арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның ішінде қызмет өткеру кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары құқылы.
Балабақшаның төлемақысында ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ТЕГІН КӨРСЕТІЛЕДІ

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысы Инна Михайлқызының айтуын-ша, тұрғылықты мекенжай бойынша емханада тіркеуге тұрған аналар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, егер ананың немесе баланың денсаулығында қандай да бір кінәрат анықталған жағдайда немесе қажеттілік туындаса олар учаскелік дәрігердің жолдамасы негізінде санаториялық-емдік демалыс орындарына, парталға кезекке тұру арқылы емдік шараларды тегін алады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иерлеріне:
– Жүректің ишемиялық аурулары (ЖИА);
– Артериялық гипертензия;
– Созылмалы жүрек жетіспеушілігі (СЖЖ), оның ішінде дилатациялыкардиомиопатия;
– Асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы;
– Остеоартроз аурулары анықталған жағдайда тегін дәрі-дәрмектер беріледі.

Түйіндей келгенде, әрбір адам өз құқын білуі керек. Өзіне тиесілі үлестен қағылмағаны жөн. Ал сіз сол жеңілдіктерді алып жүрсіз бе?

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газеті, №11, 13 наурыз 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті