Инсульт жастарды жалмап барады

29-қазан – дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні. Дәрігерлердің айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын инсультке көбіне алпысты алқымдағандар адамдар бейім болса, соңғы жылдары бұл ауру жасарған. Бүгінде 19-20 жас аралығындағы азаматтар да осы дерттің құрығына ілігуде.

Төлеген Қожаниязов бір жеті бұрын, ұйқыдан оянған кезде денесінің сал болып қалғанын әліге дейін үреймен еске алады. Бұрын денсаулығында кінәрат барын сезбеген. Алайда дерт өз дегеніне жетіп 60 жасар азаматты ақыры құлатқан. Ауруханаға туысқандары жеткізген оны дәрігерлер тексере келе инсульт деген диагноз қойыпты.

vlcsnap-2013-10-29-16h51m39s166

Төлеген Қожаниязов, науқас: «Бұған дейін денсаулығым мазаламаған. Дегенмен, көп уайымдағаннан шығар деп ойлаймын. Қазір жақсымын, оң жақ аяқ-қолым қимылдап жатыр. Дәрігерлер айтқан арнайы жаттығуларды қалтқысыз орындап жатырмын.»

Миға қан құйылу дерті өңірде жыл санап артып келеді. Құлаққа түрпідей тиетін инсульт ауруымен 2012 жылы облыс бойынша 4 мың адам есепке тұрған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылғымен салыстырғанда 26 пайызға артық. Дәрігерлердің айтуынша, инсульт күтпеген жерден пайда болады, оны алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы керек.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=O3kI9NclEuE[/youtube]

Мамыр Дайырбеков, Шымкент жедел медициналық жәрдем ауруханасының жүйке-тамыр орталығының меңгерушісі: «Мұндай ауру, негізінен, диетаның сақталмауы мен қалыптан артық тамақтанудан туады. Сондай-ақ, ішімдікті көп ішкен адамдар арасында кездеседі.»

Дәрігерлер миға қан құйылудың жастар арасында да кең етек жайып бара жатқанын айтады. Егер бұрын бұл дерт 50-ден асқан адамдар арасында тіркелетін болса, соңғы 5 жылда бұл дертке шалдыққан жастар саны күрт көбейген. Қазір қалалық жедел-жәрдем көрсету орталығында жасы жиырмаға да жетпеген 30 жас есепте тұр.