Úı ANONS «Федерация» директоры мен жаттықтырушы қызметтен уақытша шеттетілді

«Федерация» директоры мен жаттықтырушы қызметтен уақытша шеттетілді

Түркістанда өткен байдарка және каноэмен есу спортынан Азия чемпионатында болған  жанжалға қатысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеме жасады. Басқарманың хабарлауынша, жанжалға қатысқан екі тарап, атап айтқанда байдарка мен каноэде есу спорт түрінен мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Сұлтанбеков пен жаттықтырушы Тимур Алиханов тергеу амалдары толық аяқталғанға дейін қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жаттықтырушылар арасында өзара түсініспеушілік болған.

 

«Қазіргі уақытта оқиға бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерделеніп, қатысушылардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетін болады»

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ

 

Бұдан бұрын Тимур Алиханов әлеуметтік парақшасында  Даулет Сұлтанбековті Ұлттық ескек есу спорт түрлері федерациясының атқарушы директоры деп таныстырған. Оның үстінен полицияға шағым түсіргенін хабарлаған.  Онда Сұлтанбеков оны екі рет жақ тұсынан ұрып, көпшілік алдында қорлаған және жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоқы көрсеткенін жазған. Кеше оқиғаға қатысты Ескек есу спорты түрлерінен Ұлттық федерациясы да ресми мәлімдеме жасап, тергеу басталғанын мәлімдеген.

 

Дилара Иса