Шымкентте «Заң мен Тәртіп» қағидасын ілгерілету мақсатында зейнеткерлерге арналған маңызды форум өтті. Мамандар қаржылық пирамида мен интернет алаяқтықтың қауіпті тұстарын жан-жақты түсіндіріп, азаматтарды сақ болуға шақырды.
Шымкенттік зейнеткерлерге интернет алаяқтықтан қорғану жолдары кеңінен түсіндірілді. Мамандар егде жастағы азаматтарға айлакерлердің жиі қолданатын тәсілдерін нақты мысалдармен көрсетті. Қатысушылар мұндай қауіптің күннен-күнге артып отырғанын айтып, ақпараттық кездесудің өте пайдалы болғанын жеткізді.
ШОЛПАН ҚАЛМҰРЗАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Телефонға қайта-қайта хабарласады. Звондағанда кім бұл деймін. Бірден әңгімелері өзгеріп кетеді. Содан кейін телефонды қойып қоямын. Сөйлеспеймін»
Бұл шара Экономикалық тергеп-тексеру агенттігінің бастамасымен өтті. Зейнеткерлердің қатысуы да кездейсоқ емес — мамандар дәл осы санаттағы азаматтарға қаржылық қауіпсіздік ережелерін кеңінен түсіндіруді көздейді.
АРУЖАН ӘЛЖАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Зейнеткерлермен қаржылық қауіпсіздікті түсіндіру мақсатында және де интернет алаяқтардан қорғану, яғни өзімді қалай қорғасам болады тақырыбында осы форумда мән-жайды ашық жеткізетін боламыз. Қазіргі таңда қандай триггерлер бар, қандай трендке айналған алаяқтық түрлері бар, соның барлығын айтамыз»
Іс-шара аясында қаржылық пирамидалардың қаупі де сөз болды. Мамандардың мәліметінше, бұл схемалардың құрбандары көбіне әйелдер болып отыр. Бүгінгі жиынға қатысушылардың да негізгі бөлігін нәзік жандылар құрады.
Лаура Бабас






