Úı ANONS Түркістанда инклюзивті театры алғашқы маусымын аяқтады

Түркістанда инклюзивті театры алғашқы маусымын аяқтады

Түркістанда ерекше балаларға арналған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры алғашқы маусымын қорытындылады. Бүгінде мұнда Даун синдромы, аутизм спектрінің бұзылыстары мен церебралды сал ауруына шалдыққан 100-ге жуық бала өнер арқылы дамып, қоғамға бейімделуде. Театр жұмысының нәтижесі қандай? Ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған жоба туралы алдағы сюжеттен көріңіздер.

 

Нұрасыл Әмет – «Дара ұрпақ» инклюзивті театрының өнерпазы. Ол театрға биыл ақпан айында арнайы кастингтен өтіп қабылданған. Өнерпаздың анасы Несібелі Сүйінбаеваның айтуынша, баласының денсаулығына байланысты отбасы Алматыдан Түркістанға қоныс аударған. Алғашында жаңа ортаға бейімделу оңай болмапты. Алайда театрға келгеннен кейін баласының өмірінде оң өзгерістер басталған.

 

НЕСІБЕЛІ СҮЙІНБАЕВА, ДАРА ҰРПАҚ» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫ ӨНЕРПАЗЫНЫҢ АНАСЫ: «Осында шамалы уақыттың ішінде балам өзгерді. Ортаға үйренді. Ойын ашық айтатын болды. Қуанышпен, махаббатпен, ерекше ықыласпен келеді. Сабақтан қалғысы келмейді. Театр ұжымының ерекшелігі әр баланың жүрегіне жол тауып, азғана уақыттың ішінде балам қатты өзгерді. Кеше мәдениет үйінде өткен концертте  алғаш рет үлкен сахнаға шыққанда анашым сзге көп рақмет… театр ұжымына мың алғыс».

 

Театрға арнайы барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров ұжыммен және жас өнерпаздармен кездесті. Балалар өз өнерлерін көрсетсе, театр басшылығы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерін таныстырды. Сондай-ақ ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтар мен мамандардың еңбегі туралы айтылды.

 

ЕРБОЛ КӨКЕНОВ, «ДАРА ҰРПАҚ» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: «Міне, қазіргі таңда 6 айлық балалармен әртүрлі саладағы мамандарды біріктіріп, көптеген жұмыстар атқардық».

Бүгінде театрда Даун синдромы, аутизм спектрінің бұзылыстары, церебралды сал ауруы және сөйлеу қабілеті бұзылған 100-ге жуық ерекше бала өнермен айналысады. Мұнда актерлік шеберлік, вокал, хореография және параби бағыттары бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар психологтар, нейропсихологтар, невропатологтар, дефектологтар және АВА-терапевтерден құралған кәсіби мамандар қызмет көрсетеді.Театрдың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Біздің қайсар, өмірге құштар балаларымыз өнер әлеміне қадам басып, жетістіктерімен қуантып жатыр. Бұл ретте ата-аналар мен осындағы ұстаздардың еңбегін сөзбен айтып жеткізу қиын.  Сіздер – нағыз қайсар, мейірімді жансыздар. Біз өздеріңіздей өнерлі балаларымызбен мақтанамыз. Театрға шығармашылық табыс, сәттілік тілеймін. Өнерлі өрендеріміз республиканың сахналарында өнер көрсете берсін!»

 

Кездесу соңында облыс әкімі ерекше балаларға қолдау білдіріп, театр ұжымына заманауи музыкалық аспап сыйға тартты. Айта кетейік, «Дара ұрпақ» инклюзивті театры 2025 жылғы 17 желтоқсанда ресми түрде ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен театрға арнайы ғимарат берілген. Қазіргі таңда бұл мекеме ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды өнер арқылы әлеуметтендіретін маңызды шығармашылық алаңға айналып отыр.