Шымкент биыл өзінің бас мерекесін мүлдем бөлек форматта атап өтпек. Қала күні қарсаңында мегаполисте бірнеше ірі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысан мен заманауи демалыс аймақтары қолданысқа беріледі. Сондай-ақ шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды мәдени бағдарламалар әзірленген. Мерекелік іс-шаралардың ауқымы мен жаңарған нысандардың тізімі келесі бейнематериалда.
19 маусым – Шымкентте Қала күні. Биыл мегаполис бұл мерекені мүлдем бөлек форматта атап өтпек. Соған орай, ертеңнен бастап шаһар тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту жасалады. Мен қазір сондай су жаңа демалыс аймақтарының бірінде тұрмын. Бәріміз білетін «Қиял әлемі» саябағы жаңа кейіпке енді. Оның жаңарған бейнесін жақын күндері бірге көреміз.
Одан бөлек мереке қарсаңында мегаполисте бірнеше кәсіпорын, 3 бірдей саябақ және Нұрсәт шағынауданында жаңа гүл аллеясы қолданысқа берілмек. Шаһардың жасыл желекке айналуы мұнымен тоқтамайды.
Ал мен қазір «Кең баба» саябағына келдім. Шымкенттіктердің балалық шағының куәсіне айналған бұл орын тіптен танымастай өзгерген. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда келіп, Жапонияға саяхат жасауға болады. Нақтырақ айтсақ, демалыс орны жапон стилінде қайта құрылған. Енді келушілер нәзіктік пен таза табиғат үйлесімін осы жерден сезіне алады. Мамандар ескі нысандардың осылайша ерекше кейіпке енгенін айтады.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жапон бағы болып ашылайын деп жатыр. Оның іші толықтай жапон бағы стилінде реконструкцияланды. «Қиял әлемі» Сити парк атауымен ашылайын деп жатыр. Және Шым сити жақта саябағына тағы бір кешен ашылғалы отыр. Одан кейін Экопарк. Оның да тарихы барлығына белгілі бұрын қоқыс полигоны болған. 5 мыңға жуық түп ағаш отырғызылып, үлкен саябаққа айналып отыр».
Мерекелік тартулар мұнымен шектелмейді. Сөз зергерлерінің басын қосатын ақындар айтысы ұйымдастырылып, 19-20 маусым аралығында Астана алаңында Гала-концерт өтеді. Думанды кешті елге белгілі әзілкештер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазин тізгіндейді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мерекенің алғашқы күні қала аспаны отшашумен көмкеріледі.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы Астана алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен гала концерт болады. Концертіміз кешкі сағат 7-ден түнгі23:00-ге дейін жалғасады. 19 маусым күні 2 локацияда отшашу жоспарланып отыр. 19 маусым күні 10-ға жуық эстрада жұлдызы, 20-сы күні тағы да 10-ға жуық танымал эстрада жұлдызы қатысады».
Шымкент аспанын әнге бөлейтін кеште Райм, «КешYOU» тобы, Ғазизхан Шекербеков, Әлем, Тұрар, Қайрат Түнтеков және Заттыбек Көпбосынұлы сынды еліміздің ең жарық жұлдыздары өнер көрсетпек. Мегаполис халқын ұмытылмас әсерлер мен нағыз мерекелік көңіл-күй күтіп тұр.
Әсел Мәлік






