Жаттығатын орын жоқ даңқты спортшы қайдан шығады?

Мәслихат жиынында сөз болған екінші тақырып – кезінде үй салам деп сұрағандарға оңды-солды беріле берген жер учаскелері турасында еді

Шымкент қалалық әкімдігі мен мәслихатының кезекті әкімдік отырысында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің атқарған жұмыстары, қаладағы бірқатар жер учаскелерін және пайдаланылмаған немесе мақсатсыз пайдаланылған жерді қажеттілік үшін мемлекетке қайтару мәселелері қаралды.

Мәслихат жиынында сөз болған екінші тақырып – кезінде үй салам деп сұрағандарға оңды-солды беріле берген жер учаскелері турасында еді
Мәслихат жиынында сөз болған екінші тақырып – кезінде үй салам деп сұрағандарға оңды-солды беріле берген жер учаскелері турасында еді

Бірден айта кетейік, дене шынықтыру және спорт бөлімінің таяуда ғана тағайындалған жас басшысы Асқарбек Сүгірәлиевке қатысты сын бұрқ ете қалды. Жарты сағат баяндама жасап, жиналғандарды құр сөзбен қарық қылғысы келген бастықтың қулығына мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров сын айтты. «Сеулден, Грециядан тағы басқа жерлерден пәленінші орын алдық дейсіз. Оның барлығы халықаралық, республикалық қала берді облыстық масштабтағы жарыстар. Оған сіздің бөлімнің еш қатысы жоқ», – дей келе хатшы осыдан 3 жыл бұрын қаладағы спорт және денешынықтыру бойынша жаңа бағдарлама жасау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалғанын, бұл бойынша ешқандай нәтиже болмағанын айтты. Аула клубтары да назардан тыс қалмады. Қалада спорттық аула клубтары мүлде жоқ деген мәслихат хатшысы «ең болмаса отбасылық жарыстар өткізсеңдер қайтеді»,-деген базынасын жеткізді.

– Аула клубтарының жарысын өткізген болып, спорт мектептеріндегі жігіттерді апарып, белгі үшін футбол ойнатасыңдар. Оның өзі сонымен бітеді. Сонда не жұмыс істеп жатсыңдар?

Не десе де Нұрлан Құдиярұлының айтқан сөзінің жаны бар. Аула клубтары мәселесінің өзекті екенін қала басшысы Дархан Сатыбалды да құптады. Асқарбек Сүгірәлиев те қарап қалған жоқ. Қаладағы 11 спорт мектебінің тек үшеуінде ғана спорттық база бар екенін, қалғандары тіпті кеңсенің өзін жалға алып отырғанын жеткізді. Осы жерде талқыға қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов араласты. «Құдайға шүкір спорттық базасыз-ақ спортшылар жоғары нәтижеге жетіп жатыр. Анау отырған Әлия бар, кешегі Бекзат бар. Бірде-бір стадионы жоқ елдер бар екен әлемде. Солардан да чемпион шығып жатыр. Олармен өзімізді салыстырғанда шүкір дейік». Иә, Әлия да Бекзат та мақтанышымыз ғой, десек те Әлияның Ресейлік жаттықтырушы Виннердің спорттық базасында, Бекзаттың олимпиадаға дайындық орталығында шыңдалғанын қайда жасырамыз? Сапалы жаттығусыз, тыңғылықты дайындықсыз спортшыдан бірдеңе дәметуге қаншалықты қақымыз бар?Спорттық жетістік деген бірінші кезекті дайындықпен келетін нәрсе емес пе?

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TjHciHBba_M[/youtube]

Не керек, осы аптаның дүйсенбісі спорт бөлімінің басшысы үшін сындарлы күн болды. Туризм саласына да жауап беретін сол болатын. Мәслихат хатшысы туризм тақырыбында «біз істедік» деп мақтануға тұрарлық мардымды бір іс-шараға бармағанын айтты. Алайда, осындай шалажансар жұмыстардан кейін Сүгірәлиевке не ескерту не сөгіс берілген жоқ.

Мәслихат жиынында сөз болған екінші тақырып – кезінде үй салам деп сұрағандарға оңды-солды беріле берген жер учаскелері турасында еді. Анығырақ айтсақ, сол жерлерді мемлекет меншігіне қайта өткізу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын білу болатын. Баяндама жасаған жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов жұмыстар тыңғылықты жүріп жатқанын айтты. Әсіресе қала шетінен салынып жатқан әкімшілік іскерлік орталығына қажетті жерлерге қоныстанып алған тұрғындарды көшіру қиынға соғуда. Бірнеше іс сотта қаралып жатыр. Ең бірінші басымдықта Қошқарата өзені бойындағы үйлер мен ғимараттарға өтемақы төлеу арқылы басқа жерге көшіру мәселесі тұрғаны айтылды. Әкімшілік іскерлік орталығын салып бітіруге небары 5 жыл ғана мерзім қалғанын ескерсек асығуға негіз бар сияқты. Әкім осы жиында қаладағы жер учаскелерінің кезінде «пирожки сияқты таратылғанын» айтып, жиналғандарды бір күлдіріп алды. Күлгендердің ішінде сол «пирожкиді» сатқандардың да, сатуға қатысқандардың да отырғанын Дархан мырза біледі ме екен…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ