Білімдегілер былыққа батып жатыр

Төлеби аудандық білім бөлімінің бастығы мен бас есепшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар бюджеттің 14 млн теңгесін мақсатсыз жұмсаған деп айыпталып отыр.

Жемқорлық пен пара алу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы ел бойынша алғашқы орынды талай жылдан бері бермей келе жатқанын бұған дейін де айтқанбыз. «Айта берсең сөздің атасы өледі» деуші еді, етіміз үйреніп кетті бүгінде. «Пәленше деген біреу пара алып ұсталып қалыпты» дегенді естісек, «еее, кім ұсталмай жатыр» дейтіндей жағдайға жетіп қалдық. Дегенмен, айтпасқа болмайды. Қоғамды жегіқұрттай жеп бара жатқан қос кеселмен күреспек керек. Сөздің атасын қоя берші, елдің берекесі кетеді. Кетіп те жүр. Жұмысқа орналасу үшін бір бастық пара сұрайды, жағдайы шамалы жұмыссыз пенде шарқ ұрып ақша іздейді. Қарызға батады, қадірі кетеді. Қылмыстың да өршіп бара жатқаны содан да болар, кім білсін?!

51-003

Қос кеселдің қазағы қалың оңтүстікте өршіп бара жатқанына, басқаны қойып, білім саласын шырмауықтай матап алғанына біраз болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмай қалам-ау деген баладан бастап, мектептегі еден жуушыдан да пара алады. Қазірдің өзінде алдағы ҰБТ-дан баласы жақсы балл алу үшін 2-3 мың доллар параның басын құрап жүргендер жетерлік. Биылғы «ставка» осындай! Ұсталмаған ұры емес әрине. Ұсталғандары жайлы айтайық. Былтырдың өзінде осындай ондаған қылмыстың ашылғаны белгілі. Сотталды. Өкінген де болар. Бірақ басқаға сабақ болса мейлі ғой. Жоқ. Әріптестерінің істі болғанын көріп, біліп жүрсе де білім саласындағылардың пара алу мен жемқорлықтан алыстау жүруге нәпсісі жіберер емес. Соңғы бір-екі айдың ішіндегі осындай деректерді қадірлі оқырмандардың алдына жайып салуды жөн көріп отырмыз. Ұсталып қалған бейбақтардың тірлігі әлі де болса қолы мен жүрегі тазаларға сабақ болар деген қылдай үмітіміз де жоқ емес. 

Таяуда, анығын айтсақ 4 желтоқсан күні Шымкент қаласының «Қазығұрт» атындағы №66 мектептің 2 мұғалімінен 60 мың теңге пара алды деген күдікпен осы мектептің директоры Г.Оспанова ұсталды. Жалғыз ол емес, арада делдал болып жүрген орынбасары да қаржы полицейлерінің қолына түсті. Сот санкциясымен қазір Оспанова қамауда отыр. Ал орынбасарына ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылыпты. Бір айта кетерлігі, аталмыш мектеп Шымкенттегі ең беделді, танымал мектептердің бірі болатын. Сондай қадірлі білім ошағын парақор, қылмыскер басшылардың басқарып отырғанын ел қайдан білсін. 

Осы оқиғаның ізін ала 6 желтоқсанда 14 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жеп, ысырап етті деген күдікпен Төлеби ауданы білім бөлімінің бастығы, бас есепшісі және басқа да қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Істің мән-жайына келсек, былай болған. Білім бөлімінің қызметкерлері өз қызметтерін пайдаланып, 2011 жылдың қаңтар айынан 2012 жылдың қыркүйек айлары аралығында «Қазақстан Халық банкі» арқылы аталған мекемеде қызмет атқармайтын тұлғалардың есепшоттарына қаражат аударып отырған. Оның сомасы жоғарыда айтып өткеніміздей 14 млн теңгеден асады. АҚШ валютасына шаққанда 100 мың долларға жуық. Әр жерде көзі мен құлағы бар қырағы қаржы полициясының қызметкерлері бұл оқиғаны сезіп қойған. Осылайша қылмыстық іс қозғапты. Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталу үстінде. Іс сотқа өтсе, білім бөлімінің бірнеше қызметкерінің абыройы айрандай төгілейін деп тұр.

Бұдан өзге алдыңғы айда, яғни қарашаның 13-і күні Мақтарал ауданына қарасты Игілік ауыл округіндегі Тоқтар Әубәкіров атындағы мектептің де директоры қолға түсіп, қолына кісен салынған болатын. Қол астындағы мұғалімнің дәрежесін өсіріп бермек болған бастық бұл қызметін 30 мың теңгеге бағалапты. Бастығының әпербақандығына зығырданы қайнаған мұғалім қаржы полицейлеріне шағымданыпты. Ақырында мектеп директоры Г.Ибадуллаева пара алып жатқан жерінде ұсталды. Істегенін мойнымен көтереді. Басқа шарасы жоқ.

Мына бір оқиғаны да айтпай өтуге болмас. Кешегі аптаның дүйсенбісінде ОҚО Қаржы полициясы қызметкерлеріне Сарыағаш ауданының «Нұрбөбек» балабақшасының меңгерушісінен пара алған білім бөлімінің бас есепшісі қылмыс үстінде ұсталып қалды. Сөйтсек, бас есепші 115 мың теңге берсең, балабақшаңа тексеріс жүргізбеймін депті. Алып жатқан жерінде полицейлер сау етіп, кіріп келген. Амалы таусылған есепші не істерін білмей абдырап қалыпты. Әзірге күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Және оған ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Егер жең ұшынан жалғасқан парақорлық дәлелденсе, бас есепші соттан тиісті жазасын алатыны анық. 

Шынын айту керек, күнгейдегі білім саласы осы бір жаман әдеттерден арыла алмай келеді. Пара ұсынса, ала беретін, бюджет қаржысын әкесінің мұрасындай ханталапайға салатын басшы-қосшылар қосақталып ұсталып жатса да, тыйылар емес. Ешкімге сабақ болмаған сияқты. Бұлай болуы бір шетінен тізгіндеп отыруы тиіс облыстық, қалалық білім басқармасы, аудан, қала әкімдерінің кадр саясатының ала-құлалығын байқатады. Пара алатын директор пара бере де біледі. Орынтаққа отырмас бұрын жаңағы ұсталған басшылар мен есепшілердің біреулердің аузын жақсылап майлап қоймағанына ешкім кепіл бола алмас. Сол үшін де, яғни парақорлық пен жемқорлық тыйылсын десек, жоғарыда отырған шен-шекпенділердің азаматтығын, имандылығы мен қолының бұрын таза не лас болғандығына мән бере отырып, тағайындау керек сияқты. Әйтпесе істің бәрі бос. Баяғы жартас сол жартас болары анық. Әзірге ондай сыннан өткізетін гуманистік санасы бар ешкім көрінер емес. Осыны көріп, үлгі алып отырған оқушылар да соны қайталап жатса, таң қалмаймыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ