Úı ANONS Пара алған полицей қашып кетпек болды

Пара алған полицей қашып кетпек болды

Видеодан кадр

Түркістан облысының Созақ ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері пара алды деген күдікпен полиция қызметкерін ұстады.

Ұстау сәтінің видеосын Facebook парақшасында құқық қорғаушы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек жариялады. Оның айтуынша, пара 200 000 теңге көлемінде болған. Facebook парақшасында Айгүл Орынбек: «Түркістан облысы ҰҚК жігіттеріне – Респект! Дәл осы Созақ ауданында жемқорлық өршіп тұрған еді! Ауыл халқы бәрі бір-бірін таниды, бірақ арыз жазуға қорқады. Халықты теспей соратындар көп – 50–100 мыңдап! Полиция қызметкері әбден есіргені соншалықты – ұсталып қалса да заңға бағынғысы келмейді! Енді Түркістан облысы транспорт басқарма басшыларын осылай ұстасаңдар дұрыс болар еді!!! Жемқорлықпен күрес оңай емес, ұстаған жігіттерді, “неге жемқорларды ұстадың”-деп төбедегі көкелері басына проблема ұйымдастырып жібермесін!» , — деп жазды.

Кадрда ҰҚК қызметкерлерінің тұтқындап жатқан сәті көрсетілген. Олар қызметкердің қалталарын тексерген кезде тәртіп сақшысы қашып кетуге әрекет жасаған.

Осы оқиғаға орай Түркістан облысы ПД түсініктеме берді: «Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚКД-мен бірлесіп, құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкерін ұстады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы ретте Полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өткізіліп, оның шешімімен қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды. Сондай-ақ басқа жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде.

Өңірдің Полиция департаменті өз қатарларын мұндай арам пиғылды қызметкерлерден тұрақты негізде тазарту, қызметтік тәртіпті нығайту және жеке құрам арасында заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды үздіксіз және жүйелі түрде іске асыратынын мәлімдейді», — делінген.