Шымкентте Жомарт Сейтбековтың ән-күй кеші өтті

530
Әншілер сазгердің әндерін орындады

 «Көңіл назы». Шымкентте осындай тақырыпта әнші, сазгер Жомарт Сейтбековтың шығармашылық кеші өтті. Жерлестерінің алдында алғаш рет есеп берген өнер иесінің қуанышымен әріптестері бөлісіп, композитордың әндерін көпке тарту етті.

 Жомарт Сейтбеков шығармашылық кешіне жақсылап дайындалды. Өмірін өнермен байланыстырған сазгер бүгінде Арыс қалалық Жанар Байгөкеева атындағы өнер мектебінің директоры қызметін атқарып жүр. Осылайша шәкірт тәрбилеп жүрген ұстаз жерлестері алдында алғаш рет есеп беретіндіктен, қобалжуды сезінгенін жасырған жоқ.

 

Жомарт Сейтбеков
Жомарт Сейтбеков

 Жомарт Сейтбеков, сазгер: «Аздап қобалжып тұрмын, өйткені бүгін шақырылған қонақтың бәрі түгел келер ме екен деп уайымдадым. Оған қоса мына концерттік бағдарламалар сахнада қалай орындалар екен деген күдік бар. Менің басқа сазгерлерден ерекшелігім – мен барлық тақырыпқа ән жаза беремін. Жазғанда әсерлі, жүрекпен жазамын. Кейбіреулер тек табиғатына тән махаббат тақырыбында әндер жазып, патриоттық әндер жаза алмауы мүмкін. Немесе басқаша, патриоттыққа жазып, лирикалық сазды түсінбейді дегендей.»

 Концерттік кеш аясында сазгердің әндер ғана емес, халық аспаптарының сүйемелдеуімен күйлері де орындалды. Киелі Арыс жайындағы туындылары да кештің сәнін кіргізді. Ал көрермендер залында ине шаншырлық орын болған жоқ. Бұл – өнерсүйер қауымның композитор шығармаларына деген құрметі болса керек.

Сазгердің әндерін өнердегі әріптестері орындады
Сазгердің әндерін өнердегі әріптестері орындады

 Гүлия Иманова, көрермен: «Біз осы Жомарт Жандарұлының шығармашылық кешіне Алматы қаласынан арнайы келіп тұрмыз. Бұл азаматтың әндері өте тамаша, керемет! Патриоттық сезімге шақырып, адамның бойына күш-қуат, жігер береді. «Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді» деуші еді, расында да жан-дүниеммен түйсініп тыңдадым.»

Жидегүл Жақсылықова, көрермен: «Керемет кеш! Тәнті болып отырмыз. Мынау әншілер айтып жатқан әке туралы, ана жайындағы әндер құлағымыздың құрышын қандырды. Бұдан былай да осындай жақсы кештерді өткізе беруіне, ел аузында болар әнді сыйлауына тілектеспіз.»

[youtube]http://youtu.be/owSW2LTDy1g[/youtube]

 Айта кетейік, талай рет республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған Жомарт Жандарұлы бүгінге дейін әнсүйер қауымға 100-ге тарта тұщымды еңбектерін сыйлап үлгеріпті. Енді композитор осы шығармашылық кешін еліміздің өзге де өңірлерінде өткіземін деп құлшынып отыр.