Шымкентте халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция жұмысын аяқтады. Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ғалымдар, дәрігерлер өткір ішек жұқпалы аурулардың диагностикасы, емдеу, алдын алу шаралары бағытында қолданылып жатқан әдістер жайлы өзара тәжірибе алмасты.
Евразиялық қоғам мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-әдістемелік конференцияға келгендердің қарасы қалың. Жедел жұқпалы ауруларды емдеу, алдын алу бойынша ғылыми жұмыстар, дәрігерлердің ізденістері бақосудан кейін көпшілікке жарияланады дейді министрліктің өкілі
Маржан Сыдығалиева, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің өкілі: «Жұқпалы аурулардың алдын алу — басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Ресей және өзбекстандық әріптестеріміздің қолданып жатқан әдістері біздер үшін пайдалы. Бүгінгі шараның қорытындысы бойынша кітапшалар шығарылып, өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелеріне жіберіледі.»
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, өткір ішек аурулары жүрек және қатерлі ісік ауруларынан кейінгі ең қауіпті дерттің бірі. Диарея, болтулизм, түрлі вирусты ішек ауруларымен сырқаттанғандардың саны жылдан жылға өсуде деп дабыл қағуда ақ халаттылар.
Ғабит Туғанбаев, Бәйдібек аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі: «Біздің Бәйдібек ауданында өткір ішек жұқпалы аурулармен ауыратындар жеткілікті. Бруцеллез, қырым қанды безгегімен күресуде жаңа әдістер, тәжірибелер болса, қуана оларды игереміз. Өткір ішек ауруларының алдын алу шаралары да өзекті. Сондықтан ресейлік, өзбекстандық әріптестеріміздің қолданып жатқан ем-домдары біз үшін пайдалы. Өз кезегінде олар қазақстандық мамандардың да жетістіктерімен танысады.»
Жұқпалы аурулардың балалар арасында өршіп бара жатқанына ресейлік әріптестер де алаңдаулы. Олардың пікірінше, ең бастысы — тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Мария Бехтерева, Санкт-Петербург балалар аурулары жөніндегі ҒЗИ өкілі, профессор: «Өткір жұқпалы ішек аурларының алдын алу үшін тұрғылықты жердегі судың сапасына мән берген жөн. Сосын адамдар жеке басының гигиенасын сақтауы қажет. Қолды жуу, тағамды пайдалану алдында мұқият болу дегендей. Жақын арада көкөністер пісе бастайды, оларды жақсылап жуған жөн. Шомылатын қоғамдық орындарында да тазалықты сақтаған абзал. Осы қарапайым шарттар орындалса, аурулардың басым бөлігінен арыламыз.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы ұйымдастырған халықаралық ғылыми- әдістемелік конференцияның аясында тәжірибелі мамандар шеберлік сабақтарын өткізді.