Гүлназ Қуанышбек – Сайрам ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы мектептің 11 сынып оқушысы. Биыл мектеп бітіргелі отырған жас түлектің алға қойған мақсаты мығым. Дәрігер болсам деп армандайды. Ол жақында (сәуірдің 2-6 аралығында) Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми олимпиадаға қатысып, арнайы сертификатқа ие болып қайтты. Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл жолғы білім бәсекесі ғарыштық зерттеулерге арналды.
Гүлназ Қуанышбек білім бәсекесінде «Ғарышкерлердің ғарыштағы тамақтану мәселесі» деген тақырыпта (жетекшісі Динара Құрманова) өзінің ғылыми жобасын қорғап шықты.
Айта кету керек, бұл байқауға Қазақстаннан өзге Ресейден де талапты жас өрендер қатысқан. Білім бәсекесіне елімізден 600 оқушы қатысса, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 25 оқушы бақ сынады. Сайрам ауданынан байқауға қатысқан екі оқушының бірі – Гүлназ Қуанышбек.
Бүгінде білімге құштар осындай жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Гүлназдай өрендер өзгеге үлгі боларлық.
Суретті түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ