Тәрбиенің көзі мен бастауы саналатын мектеп оқулықтарының қазіргі ахуалы тым мүшкіл. Бірі – баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін тапсырмалар мен тақырыптардан құралса, енді бірінде бала түгілі, ересектерді жаңылыстырар тарихи деректер мен өзге де түрлі қателер толып жүр. Бұл мәселе осыған дейін де бір емес, мың рет айтылған. Десе де, кітаптардағы қателер көбеймесе азаятын түрі жоқ.
Соңғы жылдары сынға ұшырамаған тарих оқулығы қалмады. Түзетіліп, қайта басылса да, сандардан қате жіберу дәстүрге айналғандай. Сөзімізге дәлел, мектеп оқулықтарында қара қылды қақ жарған қазақтың үш биі туралы деректерде өрескел қателіктер орын алған. Мәселен, Әйтеке бидің туған жылы 3-сыныптың оқулығында – 1667, 5-сыныптың оқулығында – 1644, ал 8-сыныптың оқулығында – 1681 жыл деп көрсетілсе, бірінде 1766 жылы қайтыс болған, енді бірінде 1700 жыл деп көрсетіпті. Қайта-қайта жаңылған оқулықтардың дерегіне сенсек, сақалы сапсиған қария 33 жасында дүниеден озған екен. Ал жоңғармен болған «Аңырақай» шайқасының жылы бір оқулықта — 1728, 1729, енді бірінде 1730 жыл деп көрсетілген. Егер ҰБТ тапсыратын оқушыға дәл осы сұрақ пен нұсқалар келсе, қайсысын таңдарын білмей дал болары сөзсіз. Ал, Семей қаласының іргесі қаланған жыл да әр кітапта түрліше сайрап тұр. Тарихтың жілігін шаққан ғалымдардың өзі бұл тұрғыда қателесіп жатса, сонда қарапайым оқушы нақты дұрыс деректі қайдан білсін? Орыс сыныптарына арналған тарих пәнінің оқулықтары қазақ тілінен аударылған. Онда адам мен жер-су аттарының басым көбі қате жазылған. Мысалы, Сығанақты – Сыганак, Шоқанды – Чокан деп аударған аудармашылар мұндай адам аттары аудармасыз жазылатынын білмеген бе? Тізбектей берсең, санынан жаңыласың. Сонда оқушыны сан рет шатастырып, әр кітапта әржаққа тартпалаған қате мәліметтердің емін еркін баспада басылуына кім кінәлі? Әрине, баспахана тек кітап басумен айналысады, яғни олар дайын дүниені кітап етіп шығарады. Ал сол оқулықтарды дайындаған авторлардың оңбай қателесуіне не себеп болды екен? Міне, осы сияқты сан қилы сұрақтарға жауап іздеген оқушы да, ата-ана да көп.
Негізі бар мәселе баламалы (альтернативті) оқыту жүйесінде екені айтпаса да түсінікті. Бұрын бір ғана баспаның кітабын оқып-өскен ата-аналарымыз бен аға-әпкелерімізді бұл мәселе мазалаған емес. Өйткені, ол кезде бірыңғай кітап жүйесі болды. Ал қазір ше? Мектеп оқулықтарын шығаратын баспалардың саны да, аты да көп. «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Жазушы», «Білім», «Арман-ПВ», т.б. баспалардан шыққан кітаптар мен оқу-әдістемелік құралдар мектеп бағдарламасында қолданылуда. Өйткені, баламалы оқыту жүйесінде жыл сайын тендер жарияланып, кім жеңсе, балалар сол баспаның кітабын оқуы тиіс. Ал былтыр оқыған кітап биыл жарамсыз боп қалады. Бұл дегенің, мемлекеттің қыруар қаржысы босқа ауаға ұшып жатыр деген сөз. Ал әр баспа өз авторларымен ғана жұмыс жасайды. Яғни, бір баспада басылған кітап деректерін екінші баспада жұмыс істейтін ғалымдар өзгеше жазуы мүмкін. Осындайда дайын болған кітаптарды пайдалануға жібермес бұрын тексеретін сарапшылар айға қарап отыр ма дерсіз. Нәтижесінде зардап шегетін оқушылар. Бірнеше жерден қателескен кітап авторларының жаңылған цифрларын ендігі жерде оқушылардың өздері анықтап, бас қатыруда. Сонда неше жылдан бері өзгермеген тарихи деректер мен пән теоремалары немесе физика мен химия пәніндегі қандай да бір заңдылықтар жыл сайын өзгеріп отырғандығы ма? Оқулықты қайта-қайта жаңарта бергеннен не ұтамыз?
Гүлнұр СӘТБАЕВА
Өмір Шыныбекұлы, жоғары санатты ұстаз:
– Оқулықтардың сапасы туралы әңгіме жақын арада таусыла қоймас. Олқылықтардың бәрін тізіп шығуға уақыт тар. Ең өзекті дегендеріне тоқталып өтейін. Әр оқулықтағы тарихи оқиғалардың орын алған орындарын көрсетуде алшақтық өте көп. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бағамдау үшін, мектеп мұғалімі емес, өмір бақи тарихты зерттеген тарихшы-ғалым болуың керек. Т.Тұрлығұлдың басшылығымен жазылып, 2011 ж. «Мектеп» баспасынан шыққан «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы 11-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының 9-бетінде былай көрсетілген: «Оқулықтың осы басылымында біз Қазақстан тарихының академиялық басылымы (3-том, «Атамұра», 2002 ж.) мен интернеттегі ең соңғы мәліметтерді негізге алдық». Оқулық авторлары тарих ғылымындағы дереккөздердің рөлінен хабары жоқ секілді. Интернеттегі мәліметтің барлығы шындыққа жанаса бермейтінін мектеп оқушысы да жақсы біледі. Оның үстіне көзі қарақты адам жазба тарихы көп сақтала қоймаған қазақ тарихын аңыз-жырларды мұрағат деректерін салыстыра отырып зерттеу керек екенін түсінсе керек. Ал, 10-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарына тоқталсақ, «Қоғамдық-гуманитарлық» бағыттағы сыныпқа арналған оқулық материалы «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы тас дәуірін кезеңдеу бір-біріне мүлдем қайшы келеді. Мәселенің моральдық аспектісіне тоқталсақ, профессор Зиябек Қабылдиновтың «Қазақстан тарихы» оқулығында Сұлтанбет деген азамат бірде «би», бірде «сұлтан» , бірде «төре» атанып, 1723 жылдан 1822 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын 10 шақты параграфта жүр. 1 параграфта аты атала бастаған Сұлтанбетке 27 параграфта «Сұлтанбет төре (XVIII-ғ.) Абылайдың немере ағасы» деген түсінік беріледі. «Бұл кімнің атасы?» деген сұрақ өзінен өзі-ақ сұранып тұр. Ал мына «қыздарды күйеуге шыққан өзге әйелдерден ажырату үшін олардың ЕМШЕГІН ұстап анықтауға дейін барған» деген сөздерді (8-сынып «Қазақстан тарихы» оқулығы-147 бет) мұғалім 8-сыныптың оқушыларына қалай түсіндіреді? Айта берсең мектеп оқулықтарында осындай олқылықтардан аяқ алып жүре алмайсың.
Сәуле Жарқынбекова, ОҚО Білім бақылау департаментінің бөлім басшысы:
– Негізі бізге бір баспадан ғана жарық көретін бірыңғай оқулықтар қажет. Сонда оқулықтарда кетіп жатқан қателіктердің алдын алуға болады. Тек жалпы орта мектептер мен арнайы мамандандырылған дарынды балаларға арналған гимназия және дарын мектептерінің оқулықтарында ғана айырмашылық болуы керек деп есептеймін. Өйткені, дарын мектептерінде пәндер тереңдетіліп оқытылады. Жалпы, мектеп оқулықтарын жыл сайын жаңартып, әр баспадан шығарудың қажеті жоқ.