Қазығұртқа қарай барғаныңыз бар ма? Барсаңыз, асуда тұрған арыстандардың мүсінін көзіңіз шалған болар… Бұл мүсіндер композициясы туралы ел аузында әртүрлі әңгіме айтылады. Біреулер мұны еңбегі ескерілмеген суретші, танылмаған талант иесі «Өзім еленбесем де, туындыларымды тамашалайтындар көп болсын» деген ниетпен айбат шеккен аң патшасының мүсінін әдейі ең биік жер Қазығұрт тауының баурайына таңдап орнатқан деседі. Бірі оны салған шебер қайтыс болып кетті десе, енді бірі «оны кеше ғана көрдім» дейді. Тіпті «мұны салған азаматтың ұлты неміс болатын. Ол қазір Германияда тұрады» дегенді алға тартатындар да бар. Сонымен Қазығұрттың басында тұрған арыстандар кімдікі? Оны кім, қашан салған? Мүсіндер не үшін қойылған?
Әділ Оразымбетов, мүсінші:
– Жуырда қаладағы бір мектептен ұсыныс түсті. Директоры барыстың мүсінін білім ордасының алаңына орнатып беріңіз деп қолқалады. Келістім. Бір-біріне айбар шегіп тұрған барыс бейнесін бедерлеп, жанына оқушы бала мен қыздың мүсінін орнаттым. Болашағымыз — жастар ғой. Бұл туындымыз Қазақстанның барыс бейнесін өскелең ұрпақ жасайды деген идеяны береді. Мүсін ойымдағыдай болып шықты. Директор да алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Бір күні таңертең жұмыстармен мектептің жанына өтіп бара жатып, мүсіндеріме қарасам, бүлініп қалыпты. Оқушылардың ісі ғой. Бояуы сырылып, біраз жері мүжілген. Сол күні түстен кейін базарға барып, қажеттіні сатып алдым. Ертесіне таң сәріден тұрып, материалдарымды, бояуымды, құрал-саймандарымды сайлап, мүсіндерді қалпына келтірдім. Мектеп басшысы хабарласып, бір ауыз айтпадыңыз ба, көмектесер едік қой дейді. Маған ешнәрсенің қажеті жоқ. Өзім жасадым ба, өзім күтім жасаймын. Жаныңды салып жасаған дүниең жарқырап тұра берсе ғой, шіркін!
Әділ атай ерлік пен батырлықтың символы арыстанның бейнесін үйінің алдына да, дүкенінің кіреберісіне де орнатқан. Қаздай тізілген сан үйдің ішінен ерекшеленіп тұратын оның үйін іздеушілер осы мүсін арқылы тез тауып алады.
Зейнет жасына дейін Әділ Оразымбетов жол құрылысы басқармасында көлік жүргізуші болып жұмыс істепті. Ал Қазығұрт асуындағы (теңіз деңгейінен 1773 метр биіктікте) Арыстандардың мүсіндерін ол осыдан отыз жыл бұрын, «Шымкент-Қазығұрт -Ташкент» тас жолы салынып жатқан қарбалас тұста 1988 жылдары жасапты. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт мүсінші бұл туындысына жол сақшыларының қолғабыс еткенін айтады. Мүсіндер орнатылған жердің биіктігі соншалық, ол жерге қажетті құм, тас, суды жеткізу қиын болған. Әуелде шеберді «не істеп жатырсыз, кімнен рұқсат алдыңыз» деген сауалдармен мазалаған тәртіп сақшылары артынша ескерткішті салуға көмекке келіпті. Әділ атайдың «бұл мүсіндерге милиционерлер де еңбек сіңірген» деп марқаятыны сол… Тоқсаныншы жылдардың басында арыстан мен абдандардың қатарынан тағы да Құбылаға бет түзеп, Жаратқанға жалбарынып тұрған әйелдің мүсіні бой түзейді. Тоқырау жылдары есіңізде ме? Жарығымыз сөніп, жылуымыз болмай, көк тиынға зар болып, елден береке кеткен кезде бар салмақ әйелдің мойнына түскен. Бұл сол тұста амалсыз ала дорба арқалап, базар жағалаған нәзік жандылардың Алладан мейірім тілеп, елдің ес жинап, етек жабуын сұраған бейнесін танытып тұр», – дейді мүсіншінің өзі. Әйелдің қос қолы қазір түрлі-түсті жіп, матаға матаулы. Бұл ескі наным өздерінің ізгі тілектерінің орындалуын сұрағандардың әрекеті.
Арнайы суретшілік білімі жоқ қарапайым жүргізуші бұл туындыларын цементтен, тастан қашап жасаған. Паңдық. Батырлық. Жыртқыштық. Шебер өз мүсіндерінде аң патшасына тән осындай қасиеттерді ойып тұрып көрсете білген. Жақындай түскен сайын үшеуінің (арыстан және оның екі абаданы) үш жаққа қарап, құдды бір жемтігіне оқталған бейнелері көңілге қорқыныш ұялатады. Қазығұрт тауына көрік қосып тұрған бұл дүниелер шынында көз тартады. Тіпті, тас жолда көлікпен жүйткіп келе жатқан асығыс жүргізушінің өзі мүсіндерді көзбен бір шолып үлгереді. Бір-біріне мүлде қарама-қайшы келетін бұл туындылар кімнің болмасын назарын аудармай қоймайды. Тау бөктеріне саяхатқа шыққандар бұл мүсіндерді міндетті түрде қызықтайды. Тек, оларды «жарақаттап», бүлдіріп кететіндері өкінішті. Қазір арыстаның құйрығы алыстан тіпті көрінбей қалған. Себебі, мұнда келгендер мүсіннің сыртқы қабатын бұзып-жарып, пішінін ұстап тұрған арматураларын шодырайтып кеткен. Әп-әдемі мүсіннен бүгінде әр кете бастапты. Біреу жасайды, біреу келіп бүлдіреді, түзеледі, бұзылады… «Өмірдің өзі осындай күрестен тұрады» деп өзін сабырға шақырған қария жыл сайын көктем шығысымен ең алдымен мүсіндерінің жағдайын көзбен көріп қайтады. Қажетті құрал-саймандарын алып, желінген, бүлінген тұстарын әрлеп, қалпына келтіріп отырады. Биыл да мүсінші сол дәстүрінен айнымады. Біз де бірге жолға шықтық. Әділ ақсақалға қажетті сыр-бояуды бұл жолы редакция есебінен әперуді жөн санадық. Туған жердің көркеюі мен гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматқа біздің де көмегіміз тисінші дедік.
Мүсіндердің тұсына келіп көлік тоқтағаннан, Әділ атай шат-шадыман көңіл-күйге бөленді. «Әне, менің арыстандарым, қарашы, көздері жанып тұр ғой, шіркін, жандарым сол…» Құдды көптен көрмеген немересімен көріскендей күй кешті. Адамның жансыз нәрсеге осыншалықты іңкәрлік таныта алатынына алғаш куә болуым. Өнерге деген тазалық, кірпияздық деп осындайда айтатын шығар…
Биікке көтерілу қарияға оңай болмады, әрине. Жолай сан рет дем алып, арыстандарына да жетті. Бүлінген мүсіндер қарияның көңіліне қаяу түсірді. Ары-қарап, бері қарап, күрделі жөндеу қажет деп шешкен қарт мүсінші «сендердің несібелеріңе зейнетақы да өсті, бүгінше бояуды місе тұта тұрыңдар, қайта айналып келемін» деді. Әрине, егде тартқан қария «бұйыртса» деп қойды артынан. Айтқандай, біздің кейіпкер соңғы кездері Едгор атты немересін мүсін, сурет өнеріне баулыған. «Көзімнің тірісінде саған көрсетіп кетейін, мен қайтқан соң өзің иелік ет» деп қолқанатына мүсіндерге күтім-жасаудың қыр сырын үйретіп, тапсырып жүрген екен. Сұм ажал жас – кәріні талғасын ба?! Ата өсиетіне құлақ қойғанмен, оны орындауды Едгордың маңдайына жазбапты…. Қария «өзімнен өрбіген барлық ұл-қыздарыма, немерелеріме аманат етіп кетемін, бәлкім ұйымдасып, жылына бір рет осында келіп, беттерін сипауға уақыт табар» дейді…
Түйін:
Бүгіннің өзінде бұл мүсіннің кім екенін сан-саққа жүгіртіп, авторын аңызға айналдырып жүрген халық ертең тіпті Әділ Оразымбетовтей мүсіншінің өмір сүргенінен мүлде бейхабар болуы бек мүмкін. Мұндайда насихат жоқ дейміз бе, әлде мұндай дүниелерді тек көзбен тамашалап, көңілмен терең бойлай алмайтын өреміздің биік болмай тұрғанына өкпелейміз бе?
Тіпті өз аудандарына көрік беріп, өзге аудандардан ерекшелеп тұрған қазығұрттықтардың Арыстандарға деген ықыласын мүсінші сезінбей келеді. Аудандық әкімдік тарапынан Арыстандарды күтуге, бұзылған жерін жөндетіп, сырлап, бояп тұруға ешқандай әрекет етпейтіні ойландырады.
Мақпал РЫСБАЕВА