Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары қауіпті көпірлерді санап жүр. Санаққа бірінші болып жуырда ғана қалаға өткен Бадам-2 және Елтай ауылдарының көпірлері ілінді. Өйткені төтеншеліктер бұл екі көпірді адам өміріне қауіп төндіріп тұр деп тапты.
Бадам-2 ауылының тұрғындарын қала орталығымен жалғап тұрған жалғыз көпір бар. Осыдан 20 жыл бұрын салынған өткелдің бүгінгі жағдайы мүшкіл. Жығылғанға жұдырық болып, жыл сайын су тасып, көпірді жарымсыз халге түсірген. Ауыл биі Оразәлі Махановтың айтуынша, тұрғындар жаңа көпір салып бер деп бүкіл биліктің есігін қаққан. Өйткені ауылдықтарға көпір ауадай қажет.
Қалалық төтеншеліктер жарамсыз деп тапқан көпірлердің тағы бірі Елтай ауылында орналасқан. Бетондары мүжіліп, қаңқасы да қалмаған. Көліктерді көтере алмай, қақ айырылудың алдында тұр.
Жансейіт Теңізбаев, Елтай ауылының тұрғыны: «Бұл көпірге 40 жыл болды. Онда да ауыл тұрғындары салған. Содан, міне, неше жыл болды, жарамсыз. Төлебиге қараған тұста әкімдер жыл сайын уаде беретін, ол да қалды. Енді қалаға ендік, енді қолға алмаса болмайды.»
Адам өміріне қауіпті деген көпірлердің жағдайы төтеншеліктер қадағалауға алды. Мамандар тез арада шара көрмесе, қатынас үзіледі деп отыр.
Ерік Сарыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдай басқармасы басшысының орынбасары: » Осы зерттеуден кейін бір шешім қабылдаймыз. Енді жақында төтенше жағдайларды алдын алу және болдырмау комиссиясының отырысы болады, соған ұсынамыз.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Jbr4Wck9rYE[/youtube]
Ал Еңбекші аудандық әкімдігі қол қусырып отырмағандарын жеткізді. Жыл басынан бері өздеріне қосылған ауылдардың жағдайын зерттеп, зерделеп, коммуналдық қиындықтарды тізіпті. Енді жаңа көпір салуға жағдай жасамақ.
Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Қала әкімінің тапсырмасына сай биыл осы көпір бойынша шешім қабылданып жатыр. Жаңа көпір салуға қаржы бөлінуде.»