«25-ке толмағандарға қару сатпау керек»

Болат Жанәбіл – 1982 жылы ОҚО, Ленгер қаласында туған. Қызмет жолын 2002 жылы Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты жас-тармен жұмыс жүргізу бөлімінің келісім-шарт бойынша инструкторы болып бастаған. Кейіннен аталған бөлімнің бас маманы болып еңбек етеді. 2005-2007 жылдары қалалық жастар бөлімінің, 2007-2010 жылдар аралығында облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бөлімін басқарған. 2010 жылдан 2012 жылға дейін ҚР Білім және Ғылым Министрлігі жастар ісі комитетінің бас сарапшысы, 2012 жылдан бастап облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді. Осылайша 12 жылдай жастар саясатында жүрген Болат Серікұлынан Оңтүстіктегі жастар қауымының жағдайын сұрап білдік.

Болат Жанәбіл
Болат Жанәбіл

– Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ашылғанына жуырда 2 жылдың жүзі болмақ. Осы уақыт ішінде Оңтүстіктің жастар саясатына қандай өзгерістер әкелдіңіздер? 

– Әрине, 2 жыл деген көп уақыт емес, бірақ осы аралықта біз біршама жұмыстарды жолға қойдық. Аудандардағы «Жастар орталықтарының» бағыт-бағдарын қалыптастырып, атқаратын шаруаларын бекіттік. Қазір ауыл-аймақтарда да жастар кеңесінің өкілдері сайланып, өз жұмысына кірісіп кеткен. Осы мамандар арқылы біз ауылдағы жастар қауымының тыныс-тіршілігін бақылап, айтар ұсыныс-ойларын біліп отырамыз. 2013 жылдан бастап шалғай елдімекендерде де осындай штаттық бірліктеріміз артып отыр. Бұл деген – облысымызда жастармен жұмыс жүйесі қалыптасты деген сөз. Айта кететін жайт, «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға», тұрғын үй бағдарламалары да жастарға арналған. Сондықтан, осы бағдарламаларға қатысты комиссиялардың құрамына аудандардағы «Жастар орталықтарының» директорларын енгізіп отырмыз. 2013 жылдан бас-тап ірі және орта 9 кәсіпорында жұмысшы жастардың ұйымдарын құрдық. Мұндағы мақсатымыз – жас еңбеккерлерді қоғамдық өмірге араластырып, олардың орнын айшықтау. Не десек те, қазір Оңтүстікте жастар саясаты жүзеге асып жатыр.

– Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы немен айналысады?

– Біздің басқармада 3 бөлім қызмет етеді. Олар әкімшілік, жастармен және жас қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жүргізу, ЖОО және арнаулы оқу орындарымен (білім беру ұйымдарымен) жұмыс жүргізу жөніндегі бөлім деп аталады. Яғни осы қаламыздағы мектептермен, ЖОО-ғы жастар ісі жөніндегі комитеттермен тығыз байланыста болып, мәселелерді шешеді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әкімшілік бөлім ол біздің кадрлық, заңгерлік, құжат айналымы жөніндегі шаруалармен айналысады. Ал жастармен және жас қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жүргізу бөлімі қоғамдағы белсенді топпен жұмыс жасайды. Мәселен, біздің облыста жастардың басқаруындағы 78 қоғамдық бірлестік тіркелген. Өкініштісі сол, әзірге оның 25-і ғана өз қызметін жасап жүр. Себебі бұл бірлестіктердің көбі 1990 жылдары құрылған, қазіргі уақытта жұмысын тоқтатқандар бар. Тек Әділет департаментінде тіркеуде тұр. Бұдан бөлек аталған бөлім 14-29 жас аралығындағы жастардың мониторингін жүргізеді. Яғни, облысымызда неше жас бар, олардың жағдайын зерттеу, түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру құзыреті бар. Ал жалпы басқарма жастарды құрылыс отрядына шақыру, оларға «Дипломмен ауылға» бағдарламасын насихаттау, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша еңбек етіп келеді.

– Қазіргі уақытта алысты айтпай-ақ, қаламыздағы жастардың суық қаруды қолға алып, бірін-біріне оқ атуы жиілеп кетті. Айтыңызшы, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін қандай шараларды қолға алдыңыздар?

– Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамда ЖОО студенттері арасында мұндай жағдайлар тыйылмай тұр. Қылмыстың жолын кесу үшін біз 2013 жылы ҚР ІІ Министрлігіне, ҚР Парламенті Мәжілісіне, біздің облыстық мәслихаттың депутаттарына жасөспірімдерге қарудың сатылуына тыйым салу жөнінде қызметтік хат жолдадық. Мәселе көтердік. 25 жасқа толмаған жасқа қару-жарақ сатылмауы тиіс деп. Сатылған күннің өзінде, сол қаруды қолдану арқылы қандай да бір қылмыс орын алса, жеткіншектің ата-анасына шара қолдану керек екенін де сол хатта көрсеттік. Біздің бұл ұсынысымыз ҚР ІІ Министрлігі тарапынан қолдау тауып, ҚР кейбір заңнамалық актілерімен мәжілісте қаралып, 23 жасқа толмаған жастарға қару-жарақ сатуға тыйым салынды.

– Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін қандай жобалар жүзеге асырылмақ?

– Шымкент қаласының әкімдігі де бұл мәселеге білек сыбана кірісіп, жаңа бір жобаны қолға алып отыр. Жуырда қаламыздағы орталық саябақтарда жастар үшін спорттық бекеттер ашпақ. Сонымен қатар, қазіргі жастолқынның қолынан планшет, ноутбук дегенді жиі көреміз. Осыған байланысты саябақтарда тегін WI-FI орнатпақ. Алда жаз мезгілі, саябақта серуендеген жастар жаңа технология дамыған заманда ғаламторға кіріп, қалаған дүниелерімен таныса алады.

– ЖОО студенттерінің өздері сессия кезінде «шымкенттік әдіс» деп атап кеткен жемқорлықты қалай жоюға болады? Бұған қарсы тосқауыл бар ма?

– Бұл мәселемен қазір Қазақстан Студенттер Альянсы қоғамдық қоры жұмыс жасап отыр. Мекеме біздің өңірдегі барлық ЖОО мен арнаулы орта оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қызмет етуде. «Таза сессия» акцияларын ұйымдастырып, студенттер арасында сауалнамалар, әлеуметтік зерттеулер жүргізеді. Қаржы полициясымен арнайы меморандум жасады. Сол меморандум аясында Оңтүстіктегі барлық арнаулы және ЖОО-дары қабырғасына сенім телефондары ілінді. Сенім жәшіктері орнатылды. Түсіндірме оқулықтары да таратылып жатыр. 10 жылдан астам уақыт бойы осы қылмысты жою үшін құрылған қорды бүгінде біздің басқарма қаржыландыруда. Жылына «Таза сессия» акциясын қоспағанда, 20 шақты шараға 7 млн теңге бөлінеді. Енді осы Альянстың жұмысына ғана қарап отырмас үшін біз биыл ЖОО-дары жанынан құрылған студенттік деканат, студенттік ұйымдардың басын қосатын арнайы жобаны қолға алып отырмыз. Яғни, қыркүйек айында осы оқу орындарындағы студенттік ұйымдардың І слетін өткізбекпіз. Жекеменшік болсын, я болмаса мемлекеттік оқу орындары болсын, бөліп-жарылмай баршасы жемқорлыққа қарсы бірге күресіп, мәселені ортаға алып шешуі міндетті.

– Жылдар бойы студенттердің айта-айта жауыр болған жол жүру билеттерінің мәселесі қашан шешіледі?

– Мен 2006-2007 жылдары Шымкент қаласындағы жастар бөлімінің басшысы қызметін атқарғанмын. Сол уақыттары қаламыздың студенттеріне қолдау көрсету мақсатында арнайы жоба жүзеге асырылған еді. 50 пайыздық жеңілдікпен 6 айлық студенттік билеттер шығарылған. Кейіннен жолаушылар тасымалдайтын тараптан бұл жоба ыңғайсыз деп табылып, тоқтатылды. Содан бері қолдау тапқан жоқ. Ал 2007 жылдан бері бұл мәселемен Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімі айналысады. Қалалық мәслихаттың шешімі бар. Әр жылы қалалық қазынадан 50 млн теңгедей қаржы бөлінеді. Шымкент қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы күндізгі бөлімде оқитын яғни отбасылық жағдайы төмен немесе мүгедек жастар, жетім және жартылай жетім жастарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін олардың есепшоттарына айына 1500 теңге қаржы аударылып отырады. Бұл жоба тек Шымкент қаласында болғандықтан, осы мәселе бойынша өзге де аудан-қалаларға қызметтік хатпен шықтық. Себебі ол жерлерде де автобустар қатынайды ғой. Бірақ әлі күнге студенттердің жолақы мәселесіне ешқандай қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Бірақ біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Алматы, Астана қалаларында студенттік жол жүру билеттерін қолданудың тиімді тәсілдері бар екен. Қазіргі таңда сол қалалардағы Жастар саясаты мәселелері басқармаларымен тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, біз жақын арада арнайы жоба жасап, оны қалалық әкімдікке ұсынатын боламыз.

– Біздің өңірде студенттер жатақханамен қаншалықты қамтылған?

– Еліміз егемендік алған жылдардан бастап, Шымкент студенттер көп шоғырланған қала ретінде танылып келеді. Қазіргі уақытта кейбір ЖОО енді ғана жатақхана салуды жоспарлап, құрылыс жұмыстарын қолға алып жатыр. Біздегі барлық оқу орындары тікелей ҚР Білім және ғылым Министрлігіне қарайды. Сондықтан жатақхана мәселесі Министрліктің қаржыландыруымен ғана қолға алынады. Мәселен, биыл М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында жаңа жатақханалардың құрылысы басталып кетті. Осы сәтті пайдалана отырып айта кетейін, жекеменшік оқу орындарының басшылығы жатақхана мәселесіне жауапкершілікпен қараса екен. Себебі онда жатақханадағы орын тапшылығы өз алдына бір мәселе. Әр жылы 1-қыркүйек күні қарсаңында қаламыздағы барлық ЖОО жатақханаларының жағдайымен танысып қайтамыз. Қуаныштысы сол – қазіргі жатақхананың жағдайын осыдан 5 жыл бұрынғысымен салыстыруға келмейді. Анағұрлым жақсарған.

– Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі – жастардың жұмыссыздығы. Мұны азайтуға бола ма?

– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, 2014 жылы облыс көлемінде 31 294 жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарланған. Яғни ағымдағы жылдың наурыз айының 1-нен 766 жаңа жұмыс орны ашылып, оған аудан-қалалық жұмыспен қамту орталықтары арқылы 515 адам жолданып отыр. Осы еңбеккерлердің 40 пайызын, яғни 260-ын жастар қауымы құрайды. Ал сәуір-мамыр айында ашылатын аудан-қалалардағы 680-нен астам жаңа жұмыс орындарына біздің басқарма мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесе отырып, мамыр айында жұмыссыз жастарға арналған «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін ұйымдастыруды жоспарладық. Биыл ЖОО бітіретін студенттерді және жұмыссыз жүрген жастарды, жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жастардың барлығын шақыртып, жәрмеңкені бір мезетте барлық ауыл-қала орталықтарында өтуін қамтамасыз етеміз. Бұл шара 17-мамыр күні өтеді. Сонымен қатар, жәрмеңке барысында 2013-2015 жылға арналған әлеуметтік картасы аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарының бос орындары ұсынылады. Ал біздің «Жастар орталығының» арнайы сайтында түйіндеменің жазылу жолдары да тәптіштеп түсіндірілген. Бұған қоса, қазіргі таңда біз өзге облыстардағы жастар басқармаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Екі тарап өзара келісім-шарт бойынша, қызмет етеміз деп. Олардың бос жұмыс орындары туралы мәліметті алып, мұны «Жастар орталығының» арнайы сайтына ендіреміз.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Өткен жылы Шымкентте жас блогерлердің құрылтайы өтті. Биыл да, яғни сәуір айының 17-18-і күндеріне өңірімізде осы шара жалғасын тапты. Бұған қоса, жазғы демалыста жастардың саяси лагері ұйымдастырылады. Іс-шара аясында белсенді жастар тау бөктеріндегі демалыс орындарына барып, сая-си сауатын арттырады. Бұл үшін арнайы саяси сарапшы ұстаздар шақыртып отырмыз. Және өзге ұлт өкілдерінен құралған түрлі этно-мәдени орталықтары жастарының «Достық дастарханы» атты шарасы ұйымдастырылады. Осы орталық өкілдерінің қатысуымен этно-мәдени керуені сәуір айынан басталып, жылдың соңына дейін жалғасады. Ал Астана күні қарсаңында Оңтүстіктің мақтанышына айналып жүрген жастарды одан әрі ынталандыру мақсатында 50 шақты жасты Елордаға апарып, үш күндік саяхат жүргіземіз.

– Айтыңызшы, жас мемлекеттік қызметкер ретінде бүгінгі нарыққа көңіліңіз тола ма? Бір айлық өміріңізге қанша қаржы қажет?

– Жасыратыны жоқ, қымбатшылық бәріміздің отбасымызға әсер етіп жатыр. Бірақ қоғамда қандай жағдай болса да қаймығудың қажеті жоқ. Себебі Елбасымыз «Мәңгілік елдің» іргесін қалады. Ал қазіргі уақытта жұбайым уақытша бала күтімімен үйде отыр. Өзім 120 мың теңге жалақы аламын. Мұның жартысын үйдің коммуналдық қызметіне төлейміз. Қалғанын ас-ауқатқа жұмсаймыз. Бұл қаржыны 1 айға әзер жеткіземін, амал жоқ әзірге осылай амалдап жатырмыз.

– «Оңтүстік Рабат» газетінің оқырмандарына тілегіңіз бар ма?

– «Оңтүстік Рабат» газетін Оңтүстіктің айнасы ретінде танимын. Менің ғана емес, бүгінде барша жерлестеріміздің сүйікті басылымы. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мөлдір БЕКЕЕВА