Витилиго дерті дендеп барады. Халық арасында «Алапес» атанып кеткен ауруға жер шары адамдарының 4 пайызы шалдыққан. Алайда осы дертті емдеп жүргендердің мәліметі басқа. Яғни, алапеске шалдыққандардың қатары бұдан да көп дейді. Алаңдататыны сол — ауру жасарып барады.
Алапесті дәрігерлер Гансен ауруы деп те атайды. Бұл дерт — жұқпалы емес, баяу өрбиді және жазылмайды. Көбіне тұқым қуалайтын дерт. Алайда соңғы зерттеулер бойынша алапес дертіне шалдыққан адаммен бірге өмір сүретіндерді де әр алты айда тексеруден өткізіп тұру керектігі анықталды. Яғни, дерт жұқпалы түрде де өрбитін формаға көшкен. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында дүниежүзілік витилигоны зерттеу қоры бар. Ондағы мамандар аталған дертпен өмір сүретіндердің психо-эмоционалдық жағдайын жақсарту және ауруды өрбітпеумен айналысады.
Х.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті мен С. Асфендияров атындағы медициналық университет профессорлары бірігіп, күні кеше облыстық клиникалық ауруханада дәрігер-дерматологтар үшін арнайы конференция ұйымдастырды. Оған Нью-Йорктегі ғалымдарды шақырды. Шараның басы-қасында жүргендер — облыстық тері-венерологиялық диспансердің ұжымы.
Мұндай жиын ТМД елдері арасында бұрын-соңды болмаған. Яғни, алғаш рет күнгейде өтіп отыр. Мақсат — жалғыз. Алапеспен ауыратын адамдардың өмір сапасын жақсартып, дертті ауыздықтау. Диспансер витилиго мәселесімен 2005 жылдан бері айналысады. Арнайы «Витилиго» мектебін ашты. Науқастармен кездесіп, психологиялық, медициналық көмек көрсетуді жолға қойды. Жоғарыда айтылғандай, алапестен құлан таза айығу мүмкін емес. Бірақ, терідегі ақтаңдақтардың бүкіл денеге жайылып кетпеуін қадағалауға, тежеуге әбден болады. Мұны білген науқастардың, әлбетте, психикасына кері әсер етеді. Мектептің құрылғандығы мақсаты да осы.
Қош. Енді конференцияға қайта оралайық. Облыстың барлық дәрігер-венерологтары шетелдік дәрігерлердің лекциясын тыңдап, түрлі дәрілік препараттар туралы мағлұмат алды. Емдеу ісі бойынша шеберлік сабақтары өтті. Израиль, АҚШ, Жапония, Ресей мен Германия елдерінің озық лазерлік аппараттарымен танысты. Әлем бойынша ең тиімді ем түрі — фото емдеу. Арнайы құрылғылар арқылы науқас белгілі бір кесте бойынша ем қабылдайды. Нәтиже жоқ емес. Дертті бұл әдіс арқылы 70 пайызға дейін ауыздықтауға болады екен.
Бұдан бөлек, 20 ғалым емдеудің жаңа әдісін ұсынып, инновациялық патент алды. Дәл осы емдеу шараларымен танысқан жергілікті дәрігерлер енді науқастарымен бөліседі. Аурудың құрығына ілінгендерге үміт сыйлайды. Толыққанды өмір үшін күресуге жол ашады. Міне, конференцияның көздегені осы. Тағы бір алаңдайтын жайт бар. Алапестің балаларға «ауыз салуы» көпті толғандырады. Сәби — өсіп келе жатқан ағза болғандықтан, лазерлік ем зиян. Дәріні де мөлшерден көп іше алмайды.
Дүниежүзілік витилигоны зерттеу қорының ғалымдары енді осы мәселеге жіті көңіл бөлмек. Сәбидің саулығын сақтай отырып, ауруды тежеу тәсілін ойластырып жатыр. Осы күнге дейін 5 зерттеу жүргізіліпті. Нақтыланған тұжырым әзірге жоқ. Дегенмен, 12 жасқа дейін кешенді, одан кейін ересектерге ұсынылатын ем тағайындалып жүр бұл күні. Аурудың нақты себебі белгісіз.
Міне, осы белгісіздік қолды тұсап отыр. Соңғы дерек бойынша алапес экологияға байланысты дамып отыр. Қоршаған ортаның ластануы дертке жол ашады. АҚШ ғалымдарының пікірі де осыған саяды.
Ян Валле, дүниежүзілік витилигоны зерттеу қорының бас атқарушы директоры: «Біздің қызметіміздің негізгі бағыты — витилигомен күрес және толық зерттелмеген аурумен ауыратын азаматтардың өмір сапасын жақсарту. Қол қусырып отырған ғалым жоқ. Бәріміз де ауруды асқындырмау, өрбу себебін анықтаумен айналысып келеміз. Науқастар, көбіне, дәрігерлер ауруды емдеуде шарасыздық танытады деп түсінеді. Бірақ, бұл олай емес. Емдеудің тәсілін тапсақ, миллиондаған адамды бақытты етер едік. Әзірге қолымыздан келетіні — ауруды тежеу ғана.»