Алданып қалмаңыз!

Шымкентте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы пәтер алып беремін деп жұртты сазға отырғызып кеткен алаяқтардың бары мәлім болды
Шымкентте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы пәтер алып беремін деп жұртты сазға отырғызып кеткен алаяқтардың бары мәлім болды
Шымкентте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы пәтер алып беремін деп жұртты сазға отырғызып кеткен алаяқтардың бары мәлім болды

Шымкентте «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы пәтер алып беремін деп жұртты сазға отырғызып кеткен алаяқтардың бары мәлім болды. Қазіргі таңда алаяқтардың құрығына іліккен 53 тұрғын опық жеп отыр. Пәтер алуды армандап алаяқтарға кез болған азаматтардың ісімен облыстық прокуратура айналысуда екен. Олар берген мәліметке сенер болсақ, 2013 жылы шымкенттік 53 азамат пәтер аламыз деп жүріп, 80 миллионға жуық теңгесінен айрылып қалыпты. Алаяқтар тұрғындардың сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында тегін баспана алып беруге уәде еткен. Алайда, алаяқтардың қолына қаржысын ұстатып тұрып, олардан қолхат та алмаған аңғал азаматтар енді пұшайман күйде жүр. Сондықтан да Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаева пәтер алу кезінде абай болуды, жалпыға бірдей тәртіп пен талапты сақтауды, заңдылықтарды басшылыққа алуды ескертеді.

Осындайда сан соғып қалмас үшін мына жағдайларды ескерген жөн:

1. Пәтер сатып алмас бұрын құжаттарға мұқият назар аударыңыз. Егер сіз сатып алғалы отырған пәтерді бір адамнан екінші адамның атына аударғанын байқасаңыз оны алудан бас тартыңыз. Өйткені, сіз ақшаңызды сатушыға беріп, құжаттарын алып қалғаннан кейін-ақ пәтер құжаттары жарамсыз деп танылуы мүмкін. Пәтер иесінің еркінен тыс құжаттар екінші адамның атына аударылса немесе пәтер иесінің мұндай жағдайдан хабары болмағаны анықталса, сот соңғы сатып алушының мүлкін заңды иесіне қайтарып, сізді меншік құқығынан айырады. Ал сіздің шығыныңызды пәтер иесінен өндіріп бермейді.

2. Жергілікті бағамен салыстырғанда сіз тапқан пәтер бағасы әлдеқайда төмен болса, бұл – пәтер алушының ақшасын жымқыруға әрекет жасаған алаяқтықтың айғағы. Пәтер сатушы әртүрлі сылтауларды алға тартып, ниетіне жетпейінше құжаттарды толық көрсетпеудің, тексертпеудің амалын табады. Сатып алушының қаржысын қолына түсірген сәтте құжаттарды түгел тапсырып, өзі жайлы барлық ақпаратты берген болады. Бірақ, құжаттардан шикілік шыға бастағанда сатушыдан ақшаны қайтарып алмақ түгілі оның өзін де іздеп таба алмауыңыз мүмкін.

3. Пәтерді сату-сатып алу кезінде риэлтордың бағаны құбылтуы, қымбатырақ бағаға сатып алатын адамның барын айтып асықтыруы сатып алушының құжаттарды тексеріп, қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін.

4. Пәтер сатып алу кезінде құжаттардың мұрагерлік жолмен рәсімделгеніне де баса назар аударған дұрыс. Өйткені, меншік құқығы жылжымайтын мүлікті заңдастыру заңнамаларына сәйкес рәсімделмеген болуы әбден мүмкін. Пәтер сатып алуда алаяқтықтың алдын алу үшін құжаттарды асықпай тексеріп алу керек. Пәтердің мұрагерлікке қандай жолмен ауыстырғанын тексертуде тиісті мекемелердің берген мәліметіне жүгініңіз. Пәтер иесінің қайтыс болу себебін білгеніңіз де артықтық етпейді. Өйткені, оны қасақана өлтірген жағдайлар да кездесіп жатады. Мұндай шикіліктің соңы сату-сатып алу құжаттарының күшін жойып, жарамыз деп табады.

5. Жылжымайтын мүлікті аз ғана қаражаттың көмегімен иемдену қашанда күмәнді әрі залалды. Уайым мен машақаттан аулақ болғысы келген адам пәтер алатын кезде абай болуы керек. Әсіресе, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу кезінде мұндай алаяқтықтан сақтанған дұрыс-ақ.

6. Қалай болғанда да пәтерді сатып алуға бел бусаңыз сату-сатып алу келісім-шартын жасасқанда мұқияттылық танытыңыз. Жергілікті нотариустың көмегіне жүгіне отырып, ең әуелі сізбен келісім-шарт жасаған азаматтың пәтерді сатуға құқылы екенін анықтап алыңыз. 

Осы жағдайлардың барлығына көз жеткізбейінше пәтер құжаттарының жарамдылығына сенім артуға болмайды және сату-сатып алу келісім-шарты күшін жоюы әбден мүмкін. Келеңсіз жағдайлардан сақтану үшін үйдің иесімен кездесіп, оның сату үшін сенім білдіргенін, рұқсат еткенін жылжымайтын мүлік иесінің өзінен біліп алған дұрыс.

Ақмарал АШИРОВА