Баланы қалай шомылдырамыз?

Нәрестені алғашқы 5-7 күнде ваннаға отырғызып шомылдыруға болмайды екен
Нәрестені алғашқы 5-7 күнде ваннаға отырғызып шомылдыруға болмайды екен
Нәрестені алғашқы 5-7 күнде ваннаға отырғызып шомылдыруға болмайды екен

Ол үшін…

1) Кішкентай ванна (фаянс, эмаль немесе пластмаса),

2) Қайнаған сумен шаюға арналған ыдыс,

3) Судың температурасын өлшеуге арналған термометр,

4) Бала сырғып кетпеуі үшін ваннаның түбіне орамал немесе төсеме,

5) Сүрту үшін үлкен жұмсақ орамал (тек қана сәбиге арналған),

6) Жеке басының бұйымдары (кішкентай тарақ, жұмсақ сусабын, балаларға арналған сабын, мақта тампондары)

7) Сәбидің киімдері, таза жаялықтар қажет.

Осы ретте дәрігерлер бала судан шошынып қалмас үшін бірінші екі аяғын, қолын, денесін суға үйретіп алған соң ғана шомылдыру керек екенін айтады.

– Суға денесі үйренген сәбиді жуынатын ыдысқа ептеп шалқасынан жатқызып, сол қолмен басын көтеріңкіреп ұстау керек. Ал оң қолмен баланың мойынын, кеудесін жуады. Сосын маңдайынан желкесіне қарай сипап, басын жуу керек. Одан әрі бір жұмсақ шүберекті сабындап алып, сонымен баланың барлық денесін абайлап жуып шыққан жөн. Әсіресе, нәрестенің құлағының сыртын, алақандарын, мойыны мен қолтығын мұқият жуу керек. Сәбидің бетін ваннадағы сумен жууға болмайды. Ол үшін жеке ыдысқа құйылған таза суды пайдаланады. Шомылатын судың жылылығы 36-37ºС аспағаны ләзім. Сондай-ақ, нәрестені жуындырғанда бөлме температурасы 20-22ºС, ал жаңа туған бөбек үшін 22-24ºС болуы керек, – дейді педиатр Гүлзира Молдабекова. 

Айтпақшы, нәрестені алғашқы 5-7 күнде ваннаға отырғызып шомылдыруға болмайды екен. Кіндігі түскенше күн сайын қайнатылған жылы сумен қолға ұстап жуындырған абзал. Педиатр 6 айға толмаған баланы ваннада 5 минуттан артық ұстамаған жөн дейді. Ал, егер денеде бөртпелер болса, онда баланы бір шымшым марганец калийінің ерітіндісі араласқан суда шомылдыру керек. Шомылдырып болған соң баланы құрғақ әрі жұмсақ орамалға ораған жөн. Одан соң баланы арнайы майлармен сылап, гимнастика жасау керек.

Шомылдыру кезінде:

– Су баланың иығынан жоғары аспауы тиіс,

– Аузы-мұрнына, құлағына су кетпеуі керек, 

– Көзіне сабын тимеуін қадағалау қажет.

Ескеретін жәйт, нәрестені тамақтанған соң бір сағаттан кейін шомылдырады.

Гүлзира Молдабекова, Шымкент қалалық №2 балалар емханасының педиатр-дәрігері:

– Баланың дені сау әрі шыныққан, шымыр болып өсуі үшін дене тәрбиесінің маңызы зор. Сондықтан, дәрігерлер сәбиді алғашқы күндерінен-ақ шомылдырып, сылап-сипап, дене жаттығуларын жасап, ыстық- суыққа шыңдауға кеңес береді. Баланың терісі нәзік болады. Әсіресе, жаңа туған нәрестенің терісі үлбіреген жұмсақ, тез жарақаттанғыш келеді. Дұрыс күтім жасалмаса, қатпарлары базданып, іріңдейді. Сол себепті де, 6 айға дейінгі баланың терісінің күтіміне ерекше көңіл бөлу керек. Яғни, сәбиді күн сайын шомылдырып, жеке бас гигиенасын сақтаған жөн.

Уқалау мен гимнастика

Баланың дұрыс өсіп-жетілуінде уқалау мен гимнастиканың маңызы зор. Мамандар оны 1,5-2 айдан кейін бастаған жөн дейді. 1,5-3 айлық балаға шартсыз рефлекске негізделген жаттығу жасау қажет болса, 3-4 айлық баланың қол-аяғын көп керіп-созуға болмайды екен. Себебі, бұлшық еттері созылып, буыны шығып кетуі мүмкін. Ал 4-6 айлық баланың аяқ-қолын айқастырып, бұлшық еттерін абайлап созғылап, саусақтарын баяу қимылдатады. 6-10 айлығында еңбектей бастағанында оған айрықша назар аударып, жаттығу жасағанда сәбимен көп сөйлесу ұсынылады. Жаттығуда көлемі әртүрлі ойыншықтарды да пайдаланады. 10-14 айлығында аяғын көтереді, қолынан ұстап тұрсаңыз отыруға талпынады. Денесін қисайтады, бір нәрсеге шығу, одан түсу әдеттерін үйренеді.

Айтпақшы, жаңа туылған нәрестелердің терісі сарғыштанып кететіні бар. Бұл қалыпты жағдай, оған арнайы емнің қажеті жоқ, – дейді дәрігер. Тек жиірек, 2–3 сағат сайын емізіп, күннің сейілген жарығымен сәулелендірсеңіз болғаны, сарғыш­тық 3–6 күннен кейін кетеді екен. Бірақ, кей жағдайларда сарғыштық басылмай аналарды әбігерге салады. Осы ретте педиатрлар:

– Бала сергек жүрсе, 

– Ұйқысы тыныш болса,

– 2-3 сағат сайын емсе,

– Күніне 3–4 рет кіші дәретке шықса,

– 1–2 күнде бір рет үлкен дәретке отырса алаңда­мауға кеңес береді. 

Баланың  дұрыс өсіп-жетілуінде  уқалау мен гимнастиканың маңызы зор
Баланың дұрыс өсіп-жетілуінде уқалау мен гимнастиканың маңызы зор

Ал егер нәресте:

– Емшекті селсоқ емсе немесе одан бас тартса,

– Аяқ-қолын аз қимылдатса,

– Қатты дыбыс немесе шақырайған жарыққа селт етпесе,

– Себепсізден себепсіз жыласа,

– Құсып, іші өтсе,

– Дене қызуы көтерілсе (37,5 градустан жоғары) 

– Дене қызуы төмендесе (36,5 градустан төмен)

– Тыныс алуы ауырласа,

– Алақандары және табаны сарғайса,

– 2 ай бойы салмақ қоспаса дәрігерге жүгініңіз.

Баланың іші кепсе…

Балаларда іштің кебуі жиі болады. Әсіресе, алғашқы 6 айда көптеген сәбилердің іші кеуіп ауырады. Мұның себебі: 

– Ананың жеген тағамына,

– Нәрестенің асқазанына ауаның кетуімен байланысты. 

Баланың іші кеуіп ауырса: 

– Баланың ішін сағат тілімен шеңберлете абайлап уқалау керек,

– Сәбиді бірнеше уақыт бойы ішімен жатқызу қажет (етпетінен жатқызып ұйықтатуға болмайды),

– Емізіп болғаннан кейін баланы тік ұстап, арқасынан аздап қағып, кекірткен абзал. Ескеретін жәйт, нәрестені ұстағанда міндетті түрде бір қолы­ңызбен желкесінен демеп тұру қажет.

Сондай-ақ, мамандардың сөзіне сүйенсек, баланың санын шеңберлете уқалау арқылы оның ас қоры­туына көмек­тесуге болады екен. 

Осы ретте мамандар аналарға ас мәзіріне көңіл бөлуге кеңес береді. Яғни, бала емізіп жүрген әйелге ащы, майлы тағамдармен қатар, газдалған сусындарды, қырыққабаттан әзірленген асты жеуге болмайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ